• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 18 Қаңтар, 2021

Енді ешкім дауласа алмайды

2208 рет
көрсетілді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жариялаған мемлекетіміз үшін аса маңызды мақаласы біздің көкейімізде жүрген көп түйткіліміздің орынын толтырғандай болды. Бірнеше тараудан тұратын толымды мақалада Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен байланысты біраз белесіміз дәйекті баяндалған. Сондай-ақ еліміздің тұтастығына, тарихына күмәнмен қарайтын кейбір сыңаржақ пікірлерге де сауатты жауап қайтарылған.

Біз аталған еңбекті толық тәпсірле­мей-ақ сол мақаладағы «Қоғам мен құн­дылық» деп аталатын тараудың айна­ласына ғана азырақ үн қосқымыз келеді. Бұл тараудың басты кілті – елдігіміз­дің іргесін бекітіп, тұрағын нақты айқын­дайтын Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі кең байтақ жеріміз десек қателеспейміз. Бұл ретте Президент «Жерге байланысты бәріміз айқын бі­летін және бұлжымайтын ақиқат – қа­зақтың жері ешбір шетелдіктің мен­ші­гіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына бе­рік сіңіруі қажет», деп ең алаңдаулы мәсе­лемізге нақты жауап бере отырып, сон­дай-ақ күні кеше қатерлі індетпен қоса іргемізден шыққан жалған да жала сөз­дерге тікелей жауап бергенін анық ұғуға болады.

Бізді алаңдататын бүгінгі сөз емес, сол дәйексіз, сауатсыз айтылған теріс тарихты ертеңгі ұрпақтың қиғаш оқи­­тын­дығында сияқты. Әйтпесе ке­ше­гі сақ, ғұн бабаларымыздан бер­гі ата­қонысымыз біздің басты бай­лы­ғымыз, заңды мұра­мыз екенін көзі ашық, кө­кірегі ояу жұрт жақсы білуі тиіс. Оны, тіпті солтүс­тік­тегі көршілеріміздің бі­лімді тарих­шы­ларының өздері-ақ айтып, жазып жатыр.

Бізді таңғалдырғаны Мемлекеттік Думаның «мүйізі қарағайдай» бірер депутаттары кез келген көзі ашық адам білетін тарихты әдейі бұрмалап, «Қазақ­тарға Ресей сыйға берген» деп ешбір қисынға келмейтін уәждерін үлкен мін­белерден даурыға қайталауы еді.

Алайда олардың аяқ астынан сал­ған бұл қисынсыз әрекеттеріне тек қазақ­стан­дықтар ғана емес, тіпті оны естіген кез келген шетел азаматтары да таңғалды.

Тіпті өрескел қатеге көз жұмып қа­рау­ға арлары шыдамаған нағыз ғалымдар қолдарына қалам да алды. Ресейдің өз ішінен де жоғарыдағы «жер даулаушыларды» тоқтамға шақырып, тарихқа зер сала үңілуді ескерткен тарихшылардың шыға бастағанына риза болдық. Әлем халқының басына төнген өткен жылғы үрейлі індеттің шеңгелінен әупірімдеп шығып, тек жақсы ниет, жақсы үміт­термен қарсы алған біз жаңа 2021 жыл­дың алғашқы күндерінде-ақ, Ресей та­рихшысы Дмитрий Верхотуровтың «Ресей зеңбіректің күшімен қазақтардың жерлерін басып алған!» деп тайға таң­ба басқандай етіп жарияланған мақа­ласын ғаламтордан оқып, «Е, бәсе, тен­тегіне қой дейтін саналы азаматтар бар екен-ау!» дедік. Енді сол ресейлік тарихшы Д.Верхотуровтың аталған мақаласындағы сөздеріне кезек берейік:

«Әрине, Ресейдің қазақтарға сый­лыққа берген ешқандай жерлері болған жоқ және бұл бәріне белгілі. Біріншіден, Ресей бодандығына кіргенге дейін-ақ қазақтардың өз жерлері болды және олар сол қоныстарымен бірге Ресей империясының құрамына енді» дей келіп, тарихшы сонау 1731 жылдың 26 наурызында Әбілқайырдың Кіші Жүздің ханы атағын алып, ант берген сәтіндегі сөзін былайша келтіреді:

«Такожде купцам российским подданным, ездячим из Астрахани и других мест караваном и особ к нам кайсакам и чрез наши жилища и кочевья в другие места, никакого препятствия и обид не делать…» деп сол кездегі тарихи құжаттағы сөздерді дәлме-дәл еш өзгеріссіз жеткізеді де:

«Көріп отырғанымыздай, үйлер мен қоныстар, сәйкесінше олар орналасқан жер де орыс ханшасына ант қабылдаған сәтке дейін болған. Бұл құжат Вячеслав Никоновтың және қазақ жерін Ресейден сыйға алған деп пікір білдірген бар адамның тұжырымын жоққа шығарады. Керісінше, қазақтар Ресейдің құрамына өзінің кең-байтақ жерімен енген. Мұндай антты орыстың қоластына кірген бар­лық қазақ хандары берген және олар­дың жері о баста болғанына ешкім күмән келтірмеген» деп соқырға таяқ ұстат­қандай етіп ап-анық орыс тілімен тү­сіндіреді. Сондай-ақ Д.Верхотуров Қа­зақ­станның солтүстік өңірлері де ешқа­шанда орыстарға тиесілі болып көрген жоқ деп кесіп айтады.

Бұдан әрі ресей тарихшысы 1784-1790 жылдары қазақ жерінде әскери қызмет атқарған майор И.Г.Андреевтің сол кезде жазған «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» деген еңбегі мен 1832 жылы тарихшы А.И.Левшиннің Орынбор мұрағатынан алып жазған қазақтар туралы әйгілі еңбегін мысалға келтіре отырып:

«Дегенмен осы үш мысал жеткілік­ті деп ойлаймын. Бұлар – қазақтар онда бірдеңе ойлап тапты деп айтпасы үшін орыс куәліктері. Олар шын мәнінде, не­нің және қалай болғанын жақсы көр­сетіп тұр.  Егер Никонов немесе оның жақтастарының бірі келіспейтін бол­са, онда зеңбіректі бекіністер же­лісі «сыйлықпен» келісілгені қалай еке­нін түсіндіріп берсін. Демек, қыр­ғыз-қай­сақтардан, яғни жер «тарту етіл­­ген­дер­ден» қорғау үшін. Тарихи мәселе айқын: қазақтар Қазақстан аума­ғын­­да тұтас, әсіресе Солтүстік Қазақ­стан­да ҚазақАССР құрылғанға (кейін ҚазКСР және қазіргі Қазақстан) дейінгі ұзақ уақыт бойында тұрған. Демек, еш­қан­дай да «сыйлық» туралы әңгіме болуы мүмкін емес», деп сөзін әрі қарай са­бақ­тайды. Бірақ Верхотуровтың осы ма­­қа­­ласындағы «В.Никоновтың қазақ же­ріне мәлімдеме жасауына кейбір қазақ ұлт­шылдарының қазіргі Орынбор, Омбы тәрізді Ресей аумағындағы жерлерге қа­тысты және жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарындағы аштыққа қатысты Ре­сейдің атына айтқан кінәлаулары се­беп болды» (ауд.автор.Ш.А.) деген сөз­дері сәл асығыстау айтылған секілді. Оқыр­манға түсініктірек болу үшін Д.Вер­хо­туровтың бұл сөздерін де аудар­масыз кел­тіре кеткенді жөн көрдік:

«Однако тема территориальных пре­­­тензий поднималась снова и снова. По моим наблюдениям за этой темой, обсуж­даемой уже много лет, в кругах ка­захских националистов сложилось мне­ние, что с Россией можно и не считать­ся. Мол, как это Россия смеет не при­слушиваться к нашим претензиям?! Мягкие предупреждения либо игно­рировались, либо встречались с воз­мущением и гневными отповедями. Сдер­жанная позиция России воспринима­лась как слабость. Но нужно помнить, что Россия – держава памятливая. На выпады непременно последует ответ в подходящих обстоя­тель­ствах» дей келіп, оған мысал ре­тінде Шешенстанда болған жағдай мен күні кеше ғана болып өткен Таулы Қарабақ соғысын мысалға келтіреді. Верхотуровтың Ресеймен санаспайтын «қазақ ұлтшылдары»деп отырғанының нақты кімдер екенін түрін түстеп, атын атап көрсетпеген соң, бұл сөздің қанша­лықты шындыққа жақын екенін біле алмадық. Біздіңше бәрі де жоғары өрке­ниеттілік талаптарына жү­гінген қазіргі заманда бір-бірімен санаспайтын ел жоқ-ау!

Дегенмен де Ресей тарихшысының: «Соглашениями о взаимном признании и о границах мы подвели итоговую черту под предшествующей историей, в которой было много всяких событий, хороших и не очень, и договорились жить в мире и сотрудничестве. Это бесспорная ценность для обоих стран, на мой взгляд, самоочевидная. Всякие заявления о территориальных претензиях с обоих сторон я рассматриваю как вредительство» деп осы бір аяқ астынан бұрқ ете түскен өнбес дауды ендігі жерде мүлде доғару керектігін баса ескерте отырып, мақаласын аяқтауы оның зор парасаттылығын танытса керек. Жерімізге көз сұққан ресейлік депутаттар өз отандастары, тарихшы Верхо­туровтың мақаласын зерделей оқып, мүмкін осы жолы сабаларына түсер. Ойланар. Өйткені өнбес даудың қашан да өштестікке бастайтыны ақиқат.

Ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына аманаттап кеткен байтақ өлкемізге қатыс­ты мәселеде өз үнімді қосуым перзенттік парызым болғандықтан жазған бұл ма­­қа­ламды Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жо­ға­рыда аталған баяндамасындағы хал­қымызға жігер бере арнаған батыл ой­лы, парасаттылыққа толы сөздерімен аяқ­тағанды жөн көрдім.

«...Қазір кім не айтса да, біздің екі­жақты келісімдермен бекітіліп, халық­аралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды».

 

Шаяхмет АЛЖАМБАЙ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі