Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында «Өзекті мәселелердің талқылануы ең алдымен Парламентте өтуі керек» деп шегелеп айтқаны өте орынды. Көптеген маңызды сұрақ төңірегінде айтқан ойына, әсіресе «Жастардың даму индексін енгізу» идеясына риза болдық. Қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп басатын Парламенттің алдағы күнде атқаратын қызметтерінің нәтижесіне және міндеттерін қаншалықты адал атқаратынына уақыт төреші. Сапалы заңдар қабылданса, қоғамдағы келеңсіздіктер де бой көтере бермес, көптеген түйткіл мәселеге оң шешім табылар.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы әрбір бөлімдегі айтылған салиқалы ойы еліміздегі әрбір ұлтжанды азаматқа келесі бір тың қадамға серпіліс беруде. Мемлекетімізді басқарып отырған Президент ретінде еліміз үшін жаңа басталатын төртінші онжылдықтың салмағының жеңіл болмайтынын нықтағаны көңілге қонымды. Қуатты мемлекетке айналу, кемел халық болу, әділетті қоғамда өмір сүру – осы негізгі міндеттердің маңыздылығын сезіне білу де – үлкен жауапкершілік. Руханияттың бастауы ана тіліміздің дәрежесін елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде жоғарылату – әрбір азаматқа артылар міндет. Мен де мемлекетіміздің 30 жылдық тарихи кезеңінде шәкірттерін біліммен сусындатқан оқытушылар қатарында еңбек еттім. Мұғалім бола жүріп те, қоғам белсендісі ретінде де, республика деңгейінде тіл үйрету жобаларын сәтті ұйымдастыра білген кәсіпкер болып та еліміздің ұлттық рухын асқақтату – негізгі міндетім болғаны шындық. Қазақ әдебиетін насихаттауға 2013 жылдан бет бұрдым. Мәселенің шешімін табуға отандық және шетел әдебиетінің жетістіктерін зерделедім. Осы бағытта орын алған кемшін тұстарға баса назар аудардым. Ішкі зерттеуге 2013-2016 жылдар аралығында көбірек күш салдым. Қазақ руханиятын халықаралық деңгейде насихаттауға 2016 жылдан бері үздіксіз атсалысып келемін. Осы жылдар маған көп тәжірибе берді, әрі әрбір кездескен қиындық күшті сабақ болды. Қазақстан ғана емес, Орталық Азия бойынша тұңғыш әдеби агент ретінде, қазақ қаламгерлерін әлемдік деңгейде дәріптеуге өз үлесін қосып жүрген патриот ретінде, «Еgemen Qazaqstan» республикалық газеті арқылы бірқатар ұсынысымды жеткізуді лайық көрдім. Қазақ әдебиеті жаңа кезеңді бастан кешіруде. Жақсы өзгеріс тың ойға бағыттауда. Алайда шығармашылық топтың аға буын өкілдері өздерінің жиған тағылымдарын жас буынға табыстайтын мектептің жоқтығы көп тұсау болуда. Алматы қаласында Alatau Creative Hub (1296 шаршы метр) желтоқсан айында ғана іске қосылды. Осы бағытта қаламызда бірнеше кешендер (ең үлкені – аумағы тоғыз мың шаршы метр) дайындалуда екен. Бұл жобалар көптеген іс-шараның жүзеге асуына мүмкіндік береді. Әйтсе де, бұл жалпы бұқара халыққа бағытталған платформа. Сондықтан, шығармашылық иелерінің, бір мүддеге қызмет істейтін топтардың, өзара кездесетін, тәжірибе алмасатын жеке платформасы болуы керек. Мәселенің шешімін бірлесе отырып табуға, нақты үш ұсынысты назарға ұсынамын.
Бірінші ұсыныс, «Шығармашылық резиденция» комплексі жобасын іске асыруды Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Ақтау қалаларында қолға алу керек. Белгілі бір жоспарлы шара кезінде шақырылатын шетелдік шығармашылық топ өкілдері және жоғарыда аталған қалалардан тысқары тұратын еліміздегі шығармашылық өкілдері тоқтайтын өз қонақүйлері болуы заңды. Резиденцияда заманауи жабдықталған, ұлттық негізде безендірілген кітапханасы мен конференц залы, концерт сахнасы, арнайы коуоркиң бөлмелері, артгалереялары, қазақ ас мәзірінен ресторан, кафе, қымызханасы болуы толыққанды жұмыс процесін ұйымдастыруға жағдай жасайды. Танымал қаламгерлердің, суретшілердің, музыканттардың дербес шығармашылық бөлмелері, студиялары болуы орынды. Қазақ халқының сонау көне тарихынан бастап, бүгінгі Қазақстан туралы сыр шертетін үлкен ескерткіш ансамбльдер, мысалы, көршілес мемлекеттегі тарихи ауқымы тұтас бір кезеңді қамтитын Мамай Қорғаны секілді, жоғарыда аталған қалалардағы «Шығармашылық Резиденциясы» аумағында бой көтерсе, еліміздегі туризмді жандандыруға да мұрындық болар еді. Бұл ретте елімізден Солтүстік Кипрдегі меценат Суат Гюнсель сияқты атымтай жомарт азаматтар табылса, қазақтың небір дарынды шығармашылық иелерінің идеялары іске асар еді. Казиноларға, толып жатқан ресторан бизнеске, сауда, ойын-сауық комплекстеріне кеткен ақшаның бір бөлігін осы жобаға жұмсаса, көп сауап жинар еді. Әлемнің көптеген елінде ғасырлар бойы үрдіске айналған «Шығармашылық резиденция» жобасы Қазақстанда да іске қосылса, әр жылы шақырылатын еліміздегі және алыс-жақын шетелдегі танымал авторлардың тәжірибелері көптеген жасқа мықты шыңдалу мектебі болары сөзсіз.
Екінші жоба, Президент ұсынған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты шығармашылықпен айналысатын дарынды жастардың мықты идеяларын іске асыру алаңқайын кеңейтуге бөлінсе дейміз. Бұл грант жастардың шеберліктерін шыңдауға, әлемдегі үздік халықаралық шығармашылық резиденцияларына, кітап көрме-жәрмеңкелеріне, түрлі байқауларға, фестивальдарға қатысуына мүмкіндік бергені дұрыс. Оларға халықаралық платформаға шыға алу ең мықты баспалдақ болар еді. Елдегі баспа ісі бойынша шағын және орта бизнес өкілдері ретінде қызығушылықтары оянған жас кәсіпкерлерді де еуропалық, америкалық, азиялық ірі баспалармен шетелдік тәжірибе алмасу бағытында жүйелі түрде байланыс орнатуға, әрі кітап бизнесін жандандыруға түрлі халықаралық кітап көрме-жәрмеңкелеріне қатысып тұруына осы грант беріліп жатса, бұл саладағы көптеген шетелдік мықтылармен серіктестік жобалар өмірге келер еді. Нәтижесінде дұрыс жүйеге отыз жыл бойы түсіре алмай келе жатқан кітап тарату механизмі іске қосылар еді. Ең үлкен мәселені шешетін бірден-бір қайнар көз – «Қазақ әдебиеті және аударма ісі институтын» ашу.
Бұл менің – үшінші ұсынысым. Институтқа Бейімбет Майлиннің аты сұранып тұр. Қазақ қаламгерлерінің жинақтаған білімі мен тәжірибесінен арнайы академиялық әдеби бағдарлама дайындалу керек. Жоғары әдеби курстар ұйымдастырылса, осының негізінде қалам ұстауға талпынған жас ұрпаққа академиялық дәріс беру мақсатына қол жеткізуге болады. Бұл жобада әлемдік үздік авторлардың еңбектерінен де жазу техникаларын меңгертуге бағытталған арнайы бағдарлама міндетті түрде дайындалуы керек. Ең ұтатын жеріміз, осы жобаға қатысқан әрбір талапкер өз тілегіне орай, бір немесе екі шет тілін де оқып үйреніп, ұлттық аудармаға үлес қосатын әдеби аудармашылыққа да төселетін мүмкіндікке қол жеткізеді. Бұл жобада әдеби сыншылармен қатар, әдеби агенттер де арнайы дайындық курстарынан өткені ләзім. Бұл курстардың 2 жылдық, 1 жылдық интенсив, 6 айлық интенсив бағыттағы бағдарламасын ұйымдастыру – өз алдына бір талап. Жобаға қатысушы тәлімгерлерге арнайы еңбекақысымен қатар, үйренушілерге шәкіртақы да қоса қамтылса, әлеуметтік мәселелердің де қиындық туғызбауына жағдай жасалады. Негізінде, тереңнен ойласақ, «Түркі тілдес мемлекеттердің әдебиеті және аударма ісі институты» халықаралық статуспен ашылса да, артық емес. Қашанда көшбасшылықты иығына артқан Қазақстанның мемлекет ретіндегі абыройы одан әрі биіктері сөзсіз. Бұл ретте Шихабеддин Маржани есімі лайық болар еді. Осы жобада қаншама мықты әдебиеттанушы ғалымдар, сыншылар, небір сөз зергерлері білімдерін таратуға ықыласты. Осыған орай, бұл институт өз құзіретінде мамандар сынынан өткен, оқырмандар жүрегін жаулаған, еліміздегі небір мықты туындылардың шетелдік баспаларға, газет-журналға тарауына кепіл бола алады.
Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА,
Халықаралық әдеби агент,
Евразиялық шығармашылық гильдиясы мүшесі (Ұлыбритания)