Ақтөбедегі «ANTIKOR ORTALYǴY» сервистік ғимаратында облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Бауыржан Балғабековтың қатысуымен брифинг өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Шара барысында басшы құқық қорғау органының өткен жылғы жұмыс қорытындылары жөнінде баяндады. Аталған кезеңде Департаментпен 53 қылмыс тіркелген екен, оның 33-і ауыр қылмыстар санатына жатады. 28 қылмыс қаражатты жымқыру мақсатында, 5-уі лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану жолымен және 18-і парақорлық мақсатында жасалған (пара алу – 8, пара беру - 10).
Жемқорлық қылмыстары үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ұсталуы сирек жағдай емес. Аталған тұлғалардың арасында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының ТКШ бөлімінің басшысы, «Ақтөбе қаласын тиімді дамыту орталығы» КММ басшысы лауазымдарын иеленген тұлғалар, сондай-ақ бірқатар аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басшылары бар.
Жемқорлықпен тұтылған облыстық деңгейдегі басшылар да кездеседі. Олардың бірі ретінде жақында 7 жылға бас бостандығынан айырылған Ақтөбе облысының құрылыс басқармасының бұрынғы басшысын атауға болады.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында көптеген қылмыстар тіркелген. Олардың 6-ы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», 5-уі «Өңірлерді дамыту», 4-і «Нұрлы жол», 3-уі «Білім мен ғылымды дамыту» және 2-уі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламарына тиесілі.
Департаментпен қылмыстық істер бойынша белгіленген залал көлемі 240,8 млн. теңгені құрап отыр, оның 201 млн. теңгесі бүгінгі күні өтелген.
Департамент сыбайлас жемқорлық туралы хабарлап, немқұрайлылық танытпайтын азаматтарды көтермелеуді жалғастыруда. Биылғы жылы жалпы сомасы 2 млн. теңге көлеміндегі біржолғы сыйақы 11 адамға тағайындалған.
«Жедел-тергеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарымызға қарамастан, жемқорлықтың тиімді алдын алу мен ауқымды ағарту ісі біздің қызметтегі басым бағыт болып табылады», - деп атап өтті Бауыржан Балғабеков.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8 бабына сәйкес Департаментпен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүзеге асырылып келеді.
Есептік жылда 13 субъекінің қызметіне қатысты 10 талдау жүргізілген. Оның ішінде 5 талдау тікелей Департаменттің бастамасымен жүзеге асырылған. Жүргізілген талдаулардың қорытындысы бойынша 142 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша 242 ұсыным енгізілген.
Аталған ұсынымдардың 142-і ұйымдастыру-басқару қызметі саласына тиісті болса, қалған 100-і нормативтік құқықтық актілерге қатысты.
Барлық ұсынымдардың бүгінгі күні 227-сі немесе 93,8% орындалған.
Сондай-ақ заңнамамен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу көзделген. Өткен кезеңде 13 мониторинг жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша 47 ұсыным енгізілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің қорытындысы бойынша жұмыс нәтижесінің жарқын мысалдарының бірі ретінде қамалған көліктерді уақытша сақтайтын коммуналдық автотұрақты іске қосу болып табылады.
Бүгінгі таңда бұл қызмет жеке айналымнан шығарылып, заңнамада көзделмеген құндық-төлемдік кедергілер жойылып отыр.
Департамент тұрақты негізде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілеріне мемлекеттік сатып алу мониторингін жүзеге асырып келеді.
Аталған бағыттағы жұмыс қорытындылары бойынша 25 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жалпы сомасы 437,1 млн. теңгені құрайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын негізсіз көтеру фактілері анықталған.
Осы орайда мақсатсыз ысырапқа жол берілмей, аталған сома бюджетке толығымен қайтарылды. Негізінен анықталған фактілер тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алу бағаларын көбейту, еліміздегі жағдаймен тиым салынғанына қарамастан, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлауға қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жалпы 375 500 адамды қамтыған 1000-нан астам іс-шара өткізіліп отыр. Оның ішінде 700-ден астам іс-шара онлайн форматта жүзеге асырылған.
Елдегі төтенше жағдай және жаһандық пандемияға байланысты, карантиндік шектеулер жағдайында Агенттікпен «Antikor LIVE» жобасына бастама жасалып, аталған жоба шеңберінде облыста 233 тікелей эфир өткізілген. Спикерлер ретінде мемлекеттік органдар мен өзге де қоғамдық құрылымдардан 227 сарапшы тартылған.
Департаменттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында күн сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы тікелей эфирлер өткізіліп отыр.
Азаматтарға тегін заң көмегін көрсету бойынша «Адал Көмек» жобасы аясында 80-нен астам адам заңдық кеңес алған, 20 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 136 мыңнан астам адамды қамтитын 330-дан астам тікелей эфир өткізілген.
Жобаны жүзеге асырудың оң нәтижелері де бар.
Заңгер, жоба волонтеры Азамат Сагал жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматшаны, сотта тегін қорғап, ұзаққа созылған істе жеңіске жетті. Оқиғаның құрбаны қатты сырқаттанған қызының денсаулығына келтірілген зиянды және моральдық залалды өтеу туралы талап арызын үш жыл бойы қанағаттандыра алмай, сандалған. Кінәлі адам келтірілген залалды өтеуден бас тартқан көрінеді. Бірнеше сот процесінен кейін азаматшаның талап арыздарды толығымен қанағаттандырылды.
Облыстық Департаментпен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге және ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысының барлық аудан орталықтарында және қосымша 2 ауылдық округте 17 «Сервистік әкімдік» ашылып, жұмыс істеуде. Осылайша, Ақтөбе өңірі халыққа қызмет көрсетудің сервистік форматына көшу бойынша жұмысты толығымен аяқтаған.
Сонымен қатар барлық ауылдық әкімдіктерде «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» жұмыс істейді, ЖАО мен ОМО түрлі мекемелерінде, соның ішінде квазимемлекеттік секторда "OPEN SPACE" форматындағы 88 кабинет және 6 «Фронт офис» ашылған.