• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Қаңтар, 2021

ЕАЭО-ға төрағалық кезеңіндегі міндет-мақсаттар айқындалды

131 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің басшыларына үндеу жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

 

Қазақстан 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етуді қабыл алуына байланысты жасаған үндеуінде Мемлекет басшысы осы бірлестік қызметінің алғашқы бес жылының қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық одақ табыс­ты да тартымды интеграциялық жоба болды деп сеніммен айтуға болатынын атап өткен. Сонымен қатар әлем бүгінде турбулентті жағдайда екеніне, экономика мен қаржы нарықтарында сақталып отырған тұрақсыздық коронавирус пандемиясының теріс әсерімен ушыға түскеніне тоқталған. Президенттің ай­туынша, бұл халықаралық қатынас­тардағы көптеген проблеманы жалаң­аш­тап, экономикалық өзара әрекеттестіктің қалыптасқан модельдерін, қағидаттары мен құралдарын қайта ой елегінен өткі­зуге жетелеп отыр.

«Осындай жағдайларда біз, Одақ ретінде, мынадай ұзақмерзімді басым­дықтарға бағдарлануға тиістіміз: эко­номикалық және әлеуметтік жүйелердің орнықтылығын сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және ЕАЭО мен оған мүше-мемлекеттердің прог­ресін қамтамасыз ету. Еуразиялық эко­номикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағыт­тарын тиімді де толыққанды іске асыру, сөз жоқ, аталған мақсаттарға жетуге ықпалын тигізеді. Қазақстан төрағалық ететін жылда келесі мәселелерге айрықша назар аударуды ұсынамыз.

Біріншіден, өндірістік кооперацияға тың серпін берілуге тиісті. Бұл мақ­сат­қа қол жеткізу үшін өнеркәсіпте, агро­өнеркәсіп секторында және қызмет көрсету салаларында бірлескен кәсіп­орын­дар құру талап етіледі. Бұған қоса жаңа бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру біздің елдеріміздің ша­руа­шылық субъектілерінің өндіріс­тік бай­ла­ныстылығы мен тиімді эконо­ми­калық өзара әрекеттестігін қамтамасыз етеді.

 Интеграциялық өзара әрекеттестіктің атап көрсетілген салаларында Еура­зия­лық даму банкінің әлеуеті барынша пайдаланылуға тиісті.

 Бірлескен кәсіпорындар құру және мүше-мемлекеттердің өнеркәсіп салала­ры арасындағы байланыстарды нығай­ту, сондай-ақ өзара сауда көлемін ұл­ғай­ту және біздің мемлекеттеріміздің нарық­тарындағы кедергілерді алып тас­тауға қосымша серпін береді. Осы басымдықтарды ескере отырып, «ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік ынты­мақ­тастықтың негізі бағыттарын» жаңа мазмұнмен толықтыру талап етіледі», деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, бұл шаралар жинақтала келгенде Одақтың ортақ нарығында бәсекеге қабілетті өнеркәсіп тауарларын өндірудегі кооперация үшін жағдай туғызады, бірлестіктің барлық қатысушысының шикізаттық емес экспортының көлемін елеулі ұлғайтуына әкеледі.

«Екіншіден, біздің елдеріміздің ара­сындағы өзара саудада сақталып отырған кедергілерді жою даусыз басымдық болып табылады. Бизнестің Үкіметтер мен Еуразиялық экономикалық комис­сиядан батыл іс-қимылды күтуі әділ. Еуразиялық экономикалық комис­сияның алдында барлық сауда кедер­гілерін белсенді де транспарентті түрде жою және жаңаларын болдырмау, тауар­лардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысындағы алып қою мен шектеулерді барынша қысқартуды қамтамасыз ету міндеті тұр.

 Мониторинг пен талдау орталық, өңір­лік және муниципиалдық деңгейлердегі сауда кедергілерін түгел қамтуға тиісті.

Бірінші кезекте, күш-жігерді өзара саудаға мейлінше теріс әсер ететін кедер­гілерге шоғырландырған жөн. Импорт алмастыру жөніндегі ұлттық бағдар­ламалар, нарықты өз өнімдерімен толықтыру міндеттері Одақтың құқықтық нормаларын мүлтіксіз сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Үшіншіден, трансшекаралық көлік кү­режолдары мен логистикалық хабтардың әлеуетін жан-жақты және толыққанды іске қосу маңызды. Бұл саладағы тиімді ын­тымақтастық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде және бүкіл еуразиялық құрлықта сенім орнатуда шешуші рөл атқарады. Осы мақсатта Еуразиялық интеграциялық бірлестікті «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен сел­бестіретін өзара тиімді бірлескен жобаларды дамыту жұмыстарын белсендіруді ұсынамыз. Еуразиялық таранзиттік бағыт Еуропа-Азия сауда-көлік белдеуінде халықаралық сауда үшін барынша тартымды әрі бәсекеге қабілетті болуға тиіс.

Мүше мемлекеттердің ұлттық тау­ар өткізуші жүйелерін түйістіру жо­ба­сын, соның ішінде еуразиялық көтерме-логистикалық кешендер құру арқылы жүзеге асыру ЕАЭО көлік дәліздерінің жалпы тиімділігін қатысушы елдердің шаруашылық субъектілері үшін де, шетелдік серіктестер үшін де арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдіреміз.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекарасын­да «Қорғас торабының» әлеуетін, сон­дай-ақ Қазақстан Республикасы мен Өзбек­стан Республикасының шекарасында қалыптасып жатқан «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынты­мақтастық орталығының мүмкіндіктерін ЕАЭО-ның барлық мүшесінің мүддесіне сай толық пайдалануды ұсынамыз.

Төртіншіден, жалпыны қамтитын цифрландыру ЕАЭО елдерінің экономикаларын дамытудың қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Цифрлы технологияларды өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік салаларына енгізу ісін сапалы түрде үдету маңызды.

Заманауи ІТ-шешімдерді қолда­нуды бірінші кезекте кедендік реттеу­де, салықтық әкімшілендіруде, ветери­нарлық қадағалауда және тауарлар мен қызметтердің орын ауыстыру еркіндігіне тікелей ықпал ететін басқа да салаларда кеңейткен жөн.

ЕАЭО-ның Ықпалдастырылған ақпа­раттық жүйесінің сәтті қызмет етуін қамтамасыз етуге ден қою маңызды. Бұл біздің электронды дерек алмасу аясындағы жұмысымызды мейлінше сапалы құруға мүмкіндік береді.

Елдеріміздің ІТ-қоғамдастықтарын Цифрлы күн тәртібінің өзекті мәселе­лерін шешу үшін мақсатты түрде, бел­сенді әрі тепе-тең тарту Одақтың мүд­де­леріне толық жауап береді деп есептейміз.

Бесіншіден, сыртқы нарықтарға шығуды кезең-кезеңімен кеңейту, үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды қарқынды дамыту қажет етіледі. Осыған байланыс­ты «ЕАЭО – ЕО» форматында диалог қалыптастыру жұмысын белсендіру мен жүйелендіру маңызды деп па­йымдаймыз. Еуропалық комиссиямен және Еуроодақтың өзге де органдарымен ынтымақтастық теңқұқылы және прагматикалық тұрғыда болуға тиіс. Осыған ұқсас жүйелі диалогті Оңтүстік-Шығыс Азия (АСЕАН) мемлекеттері қауымдастығымен де қалыптастырған жөн», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы үлесіне әлемдік сауданың үштен бірі тиетін жаңа сауда бірлестігі – Жалпыны қамтитын өңірлік экономикалық серіктестікпен (RCEP) өзара іс-қимылдың тиімді стратегиясын әзірлеу жұмысы күтіп тұрғанын да еске салды. Сондай-ақ аталған бас­тамаларды толыққанды жүзеге асыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аппаратының үйлесімді әрі тиімді жұмысы маңызды мәнге ие екенін айтты. Осыған байланысты Президент Комиссияның кадрлық құрамына кандидаттарды іріктеу мәселесін меритократия қағидаттары негізінде, кәсібилік пен іскерлік қасиеттерді ескере отырып, ЕЭК-ті қаржыландырудағы мемлекеттердің үлестік қатысуына тұрлаусыз түрде шешу қажеттігіне назар аударды.

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы ЕАЭО-ға төрағалық кезеңінде көрсетілген күн тәрті­бін белсенді ілгерілетуге ниетті екенін және серіктестер тарапынан сындар­лы қолдауға арқа сүйейтінін айта келіп, межеленген мақсаттарға жету әрбір мем­лекеттің экономикалық дамуына қуат­ты серпін беретініне және ЕАЭО әлеуе­тін нығайтатынына сенім білдірген.

 

Кәрібай Мұсырман,

«Egemen Qazaqstan»