• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Қаңтар, 2021

Меркельсіз Германия ұстанымы

415 рет
көрсетілді

Еуропадағы биылғы жыл бірқатар саяси оқиғамен басталды. Біріншісі – Ұлыбритания ақыры Еуропалық одақ құрамынан шықты. Тұманды Альбион бұл ұйыммен түбегейлі ат құйрығын кесіспегенімен, ендігі жерде экономикалық тұрғыда ешкімге бағынышты емес. Екіншісі – Германиядағы Христиан-демократиялық одағының көшбасшысын таңдау. Яғни саяси тұрғыда канцлер Ангела Меркельдің ізбасары анықталды. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы екі оқиға кеңінен талқыланады.

Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі Роберт Скидельский өз мақаласында Брекситтің себептеріне үңіліп көрген. Автордың пайымдауынша, Тұманды Альбионның одақ құрамынан шығуы уақыт еншісіндегі ғана шаруа еді. Өйткені тарихтағы оқиғалар Брекситтің бүгін болмаса, ертең басталатынын көрсеткен.

Стенфорд университеті Гувер институтының ғылыми қызметкері Йозеф Йоффе Христиан-демократиялық одағының жаңадан сайланған төрағасы Армин Лашеттің алдағы саясатына көз жүгірткен. Мақала авторы жаңа төраға канцлер Ангела Меркельдің ұстанған саясатынан ауытқымайды деп есептейді. Сондықтан ол Германия келешекте «Меркель минус Ангела» сая­сатын, яғни Меркель бағытын Ангела ханымның өзінсіз-ақ жалғастыра беретінін айтады.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

ГАМБУРГ. Еуропалық партияның басшысын таңдау әдетте үлкен жаңалық емес, себебі Еуропалық одақта мұндай 200-ге жуық партия бар. Бірақ ЕО-дағы ең үлкен әрі ең бақуатты елдегі әлеуетті саяси күш туралы сөз қозғалғанда әңгіме бөлек.

Өткен аптада Германиядағы Хрис­тиан-демократиялық одағы (CDU) Армин Лашетті төраға етіп сай­лады. Ол Солтүстік Рейн-Вест­фалия аймағының қара­па­йым, жылы жүзді премьер-ми­нистрі қызметін атқаратын. Алай­да әлемдік аренаға танымал сая­саткер емес. Әйтсе де, енді оның есімін есте сақтаңыз. Ста­тис­тикаға сүйенсек, алдағы канц­лер сайлауында Христиан демо­крат­тардың шоқтығы биік болмақшы.

Соғыстан кейін сайланған 8 канцлердің бесеуі осы CDU-дан шыққан. Конрад Аденауэрден бастап, қазіргі канцлер Ангела Меркельге дейін. Оған қоса, Мер­кельдің партиясы бүгінде жалпы­ұлттық сауалнамада қара үзіп тұр. Яғни алдағы қыркүйектегі жалпы сайлаудың нәтижесі бойынша консерваторлар тарапының өкілі Меркельдің ізін басатынына бәс тіксеңіз, қателеспейсіз.

Лашетті алда екі кезең күтіп тұр. Біріншісі – CDU-дың төр­ағалығы, екіншісі – канцлерлікке үміткерлік. Әдетте дәстүрлі түрде партия атынан оның төрағасы үміткерлікке ұсынылады. Бірақ басқалардың өз бағын сынауына кедергі жоқ. Үміткерді анықтау биылғы наурызға жоспарланған.

Дегенмен, күрделі мәселені талқыламас бұрын Лашеттің өзіне оралайық. Ол партияішілік сайлауда ұтылады деген болжам жасалған-ды. Әйтсе де, оның күтпеген жеңісі Лашетті канц­лер лауазымына басты үміткер етіп отыр. Ендеше, ол келесі үкіметті жасақтайды деп елестетіп көрейік. Алдан не күтеміз?

Үш сөзбен айтқанда, «Меркель минус Ангела», яғни мүмкін­дігінше сабақтастықты жалғастыру. Лашет елдегі сая­сатқа жаңа леп әкелуді көзде­мейді, сондай-ақ 16 жылға со­зыл­ған Меркельдің центристік ұс­танымы мен оның сәл солшыл бағытқа бейімделген көз­қарасын бұзу ойында жоқ. Мұн­дай бейімделу коронавирус пан­демиясы кезінде күшейе түсті. Бүкіл елде мемлекеттік шығын­дар өсті, қайта бөлісу кең тарады. Триллиондаған еуро жеке адамдарға және «жүйеге қатысты» корпорацияларға құйылып жатыр.

Сыртқы саясатта да «Мер­келизм» өзгермейді. Партия­ның жоғары лауазымына талас кезінде Лашеттің екі қарсыласы – Фрид­рих Мерц пен Норберт Ретт­ген германиялық мүддені «батыс­тың» пайдасына өң­геруге уәде берді. Қорғаныс пен НАТО-ға көбірек басымдық беріп, Ресей мен Қытайға қырын қарау­ды ұсынды. Әйтсе де, Лашет Мер­кельдің ізімен жүретінін айтты.

Мұны «дипломатиялық центризм» десек те қателеспейміз. АҚШ-тың Германияны шығыс­тағы екі алпауытпен текетіреске түсуге итермелеуіне жол бермей, Вашингтонмен қашықтықты сақтау керек. Еуропаның жүре­гін­де орналасқандықтан, Бер­линнің ұстанымы бәрімен бірдей жақсы қарым-қатынаста болуға тиіс.

Канцлер ретінде Лашет «Солтүстік ағын-2» құбырына тыйым салып, Ресейге тікелей қарсы шықпайды. Бұл құрылыс Ресейдің газын тікелей елге әкеліп, Польша мен Украинаны айналып өтіп, Германияның Кремльге энергетикалық тәуелділігін арттырады. Сондай-ақ Германия байланыс саласындағы 5G технология­сын қолдануда қытайлықтармен қатынасты бұзбайды.

Келешектегі басты мәселе мынада. АҚШ президенттігіне сай­ланған Джо Байденнің инау­гурациясынан үш апта бұрын Германияның көшбасшылығымен Еуропалық одақ пен Қытай арасында Инвестиция жөніндегі кешенді келісімге қол қойылды. Осы құжаттың қабылдануымен Байденнің Еуропалық одақты Қытайға қарсы стратегиялық коалиция құрамына енгізу жөніндегі үмітінің күлі көкке ұшты. Расында, Өңірлік кешенді экономикалық одақтастық келісімімен бірге ЕО мен Қытайдың мәмілеге келуі АҚШ-ты далада қалдырды. Эко­номикалық одақтастық келі­сіміне өткен айда қол қойылды. Құжат 15 азиялық мемлекетті қам­тыған. Олардың арасында Қытай да бар.

Лашеттің Еуропадағы ұста­нымы да са­бақтастықты жал­ғас­тыруды көздейді. Демек Еуро­­п­­алық орталық банкке мол мүм­кін­­шілік беріледі. Соны­мен қатар Еуро­палық одақтың сайлан­баған бас­қарушысы – Еуро­палық комис­­сия­ның шығындар мен салық салу жөніндегі құзыреті кеңейтіледі.

Канцлерлік қызметтегі бас­тап­қы жылдарында Меркель Еуро­палық одаққа мол қаражаттың құйылуына қарсы бар күшін салып күресті. Қазір қарыз және ақша аудару ұйымына ты­йым салынғандықтан, келесі канцлердің кім болатыны ма­ңызды емес. Ендеше, қызметінен кеткеніне қарамастан, Меркель Еуропалық одақтың келешегіне әсер етуін жалғастыра бермек.

Бүкіл ықтималдылық 26 қыр­күйекте дауыс саналатын федералды сайлаудың нәтижесінде Лашеттің келесі канцлер атанатынын көрсеткенімен, ол CDU мен оның бавариялық еншілес партия­сы Христиан социалистік одағын (CSU) біріктіруде қиындыққа кезі­геді. Өткен аптада соңғы орын­дар­да келе жатқан Лашет екін­ші турда әупірімдеп жүріп, 1001 дауыс­тың 521-ін жинап жеңіс­ке жетті.

Оған қоса, ұлттық сауалнама нәтижесіне сүйенсек, жауап бер­гендердің үштен бірі ғана Лашетті канцлерлікке ла­йық кандидат деп есептеген. Көпшілігі, яғни 55 па­йызы CSU-дің басшысы Маркус Содерді қолдаған. Канцлерлікке таласта ол Лашеттің басты қар­сыласы атанбақ. Шындығында, Содер жеңіске жету үшін барын салып жатыр.

Ендеше, Содердің ұстанымы қандай? Бұл сұрақты «Содердің ұстанымы қандай емес?» деп те қоюға болады. Өйткені ол өз пікірін өлшеусіз ауыстырып келеді, оңшылдардан солшыл­дарға баяу ауысып, кейін кері жүреді. Ішкі қорғаныс, иммиграция, отбасы құндылығы, локдаун, өнеркәсіптік саясат немесе «Жаңа жасыл бағыттың» неміс нұсқасы секілді мәселелерде ұстанымы құ­бы­лып отырады. Содер Ресейге санкция салуды қызу қолдады. Бірақ Кремльге барған сапарында Ресей президенті Влади­мир Путин­мен емен-жарқын әңгімелесті.

Германияның Христиан демо­краттарының оң қана­тын бас­қа­рып тұрған көшбасшылардың айыр­ма­шылығы бар ма? Жоғарыда ай­тып өткеніміздей, Лашет дегені­міз – «Меркель минус Ангела». Содер – харизма мен рух­тың күшіне сүйенетін саясаткер. Әйтсе де, оның өткені өздігінен шешім қабылдай алмайтын немесе үмітшіл деп аталатын тым икемделгіштікті көрсетеді.

Әлемнің басқа бөлігі үшін алдағы наурызда партия кімді ұсынатыны маңызды емес. Гер­манияның көп партиялы коа­лициясының саясаты Барак Оба­мадан кейін сайланған Дональд Трамптың кезіндегі АҚШ-тың ұстанымы секілді тез өзгермейді. Ол бірнеше пайызға солға не оңға бұрылады. Осылайша, саясаттың тұңғиығына сүңгіп, электораттың өзгермелі ұстанымына бейімделе отырып басқарады.

Лашет пе, әлде Содер ме? «Меркель плюс» әлде өзін әлеуетті саясаткер ретінде көрсететін бавариялық па? Әрине, үшінші ойыншы да бар. Ол – коронавирус. Былтыр тәртіпті немістер пандемияны дер кезінде ауыздықтай білді. Бүгінде елде қайта-қайта локдаун жарияланып, инфекция жұқтырғандар саны ұлғайып барады. Егер мұндай дағдарыс жалғаса берсе, германиялық электораттың пікірі өзгеріп шыға келуі мүмкін. Нәтижесінде, Рейн облысынан шыққан саясаткердің орнына Бавариядан келген «патша» отыруы әбден мүмкін.

 

Йозеф ЙОФФЕ,

Стенфорд университеті Гувер институтының ғылыми қызметкері.

Ол Германиядағы Die Zeit апталығының редакция алқасы құрамына енген

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org