«Қазсушар»РМК 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Осы бағытта қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфирде «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасов баяндады.
Оның айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу үшін кәсіпорын өткен жылдың күзінен бастап су қоймаларында бос сыйымдылықтар құру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.
«Біз бұл бағытта 2020 жылдың күзінен бастап жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ, бассейндік инспекциялармен, ТЖ өкілдерімен және әкімдіктермен бірлесіп гидротехникалық құрылыстарды көзбен шолып тексеру жүргіздік. ТЖ туындаған жағдайда құрылыс және басқа да инертті материалдардың, қаптардың қажетті қорлары дайындалды, тиісті арнайы техника бар, ЖЖМ дайындалды», деді ол.
Ерлан Сәдуақасов «Қазсушар» РМК балансында республикалық меншіктегі 4 953 су шарауашылығы және гидромелиоративтік объектілер, оның ішінде 86 су қоймасы, 84 су торабы, 36 бөгет, 103 сорғы стансасы, 46 бас құрылыс, 3 298 канал және басқа да су шаруашылығы объектілері бар екенін жеткізді.
«Барлық су қоймалары бекітілген кестеге сәйкес іске қосу режімінде жұмыс істейді және көктемгі су тасқынын қабылдауға арналған сыйымдылық қоры бар. Оны жобалық көлемге дейін толтырған және үлкен тасқын сулар келген жағдайда транзиттік режімде жұмыс істейтін болады», деп хабарлады Қазсушар басшысының орынбасары.
Е.Сәдуақасов Қазақстанда су тасқыны кезеңі оңтүстік өңірлерді қоспағанда, наурыз айының басында басталатынын, ал еріген су ақпанның басында келетінін атап өтті. Су тасқыны маусымының сәтті өтуі ауа-райы жағдайына және су тасқынына қарсы уақтылы қабылданған шараларға тікелей байланысты.
«Ақпан айында Қазгидромет ылғал қорының көлемі мен топырақтың қату тереңдігі туралы ақпаратты ұсынады. Бұл көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды анықтайды. Сондай-ақ, олардың мәліметтері негізінде біз су қоймаларының жұмыс режімін түзетеміз. Бұл қауіпті гидрологиялық құбылыстарды дер кезінде анықтау, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылау үшін жасалады», деп түйіндеді ол.