Бүгінгі таңда ел Үкіметінің цифрлы кеңістікті дамыту бағдарламасының өз мақсат-міндеттері бар, оның түпкі негізі – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Әрине, заманауи цифрлы технологиялардың озық үлгілерінің (IT-бағдарламалар, IT-құралдар және т.с.с.) өркениетті елдерден біздің қоғамдық өмірімізге кірігуінің жылдамдығы көз ілестірмейді: кеше ғана таныстырылымы өткен туындылар бүгінде қоғам колданысында. Ал оның бүкіл әлеуетін немесе залал-зардабын зерделеуге уақыт та, мүмкіндік те жоқ.
Цифрлану дәуірінде қоғамда туындайтын араздықтан, өшпенділік пен жалған ақпараттан сақтана білу өте маңызды, ал әлеуметтік желілер бүгінде сан қилы үгіт-насихаттың тайталас алаңына айналғанын көріп отырмыз. Мысалы, Еуропа елдері әлеуметтік желілердегі ақиқаттан алшақ жатқан, түрлі саяси мүдделерді көздеген жалған ақпараттарға қарсы тұрудың сындарлы стратегиясын жасақтауда.
Біз талпыныс жасап отырған ғаламдық цифрлы келешекте басқа мемлекеттің байлығына (табиғи және адами) деген қызығушылық, яғни көз сұғын қадау еш бәсеңдемейді, керісінше күшейе түседі. Ендеше, еркіндігі мен егемендігін еншілегеніне биыл бар болғаны отыз жыл ғана толғалы отырған дамушы жас мемлекетіміз әрдайым өзгелердің экономикалық, саяси немесе діни қызығушылықтарының нысанында болатыны анық. Ғаламдық ақпарат айдынындағы шабуылдардан құндылықтарыңды жоғалтып алу қаупі күшейе түседі. Сондықтан локалды, әр салада қорғану бекеттерін құрғаннан гөрі, біртұтас ұлттық қорғану стратегиясын жүзеге асыру қажет. Бұл стратегия ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс.
Өзінің тілі, тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын қызғыштай қорғап, ұрпағын биік рухта тәрбиелемейтін ел өзгенің құндылықтарына бағынышты болады. Бұл қағида цифрлы даму мен цифрлы күрес дәуірінде өзекті. Сондықтан ұлттық құндылықтарды кіршіксіз сақтау жолында ұлт пен ұрпақ санасын тәрбиелеу ғана келешекте ұлтты қорғайтын қалқан болып қала бермек.
Жаһанданудың бір ерекшелігі, еңбек мигранттарының мемлекеттер арасында емін-еркін қозғалуында, олардың экономикалық дамуға тікелей оң әсерін экономист-ғалымдар өткен ғасырда-ақ дәлелдеп қойған. Жылдан-жылға бұл процесс күшейетін болады, оның ішінде елімізде жұмысшы, қызметші мамандарға деген тапшылық айқын сезілуде. Ал сол қоныс аударушылар өздерімен бірге өзге жұрттың, ортаның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ала келеді. Сайып келгенде, олардың елдегі қалыптасқан ұстанымдар мен қоғамдық өмірге тезірек кірігуі орынды болар еді. Әйтпесе, мемлекет құраушы жетекші ұлттың салты мен дәстүріне «өзіндік өзгеше көзқарасы» бар екінші жақтың қалыптасуы (отбасы құндылықтары өзгеше, біржынысты некелерді қолдаушылар және т.с.с.) «дүниетанымдық дағдарыс» әкелуі әбден мүмкін. Мұндай үдеріс қазір Еуропа елдерінде жүріп жатыр.
Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлттық құндылықтар – елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің бірден-бір тұғыры, ұрпақтан ұрпаққа қалатын ең асыл аманатымыз деген өрелі ойды ортаға салады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге келсек, әр аймақ жадында қалғанын жаңғыртып, тұлғаларын өзінше әспеттеп жүр. Ал ұлы Абайдың туындыларына қосымша Мәшһүр Жүсіптің, Бекет атаның, Шәкәрімнің, Қожаберген жыраудың, Қашағанның және т.б. дала даналарының ұлағаты мен мұрасы барша қазаққа ортақ дүние екенін, оны өңірлік сипаттан ұлттық деңгейге көтерсек ұтатынымыздың көп болатынын ескермей жүрміз.
Ендеше қазақ халқының ата-бабалардан мұра болып қалған шынайы, гуманистік идеяларға толы философиясы, бірлік пен ынтымақты меңзеген, адалдықты ту еткен салты мен дәстүрін, бүгінгінің «жаһандық қабықтарынан» тазартып, таза күйінде, яғни қазақтың шынайы менталитетіне сай ешбір этностың мүддесін кемсітпей үгіттеуді, түсіндіруді күшейту керек (Қазақ халқы қалай қалыптасты? Мінезі мен өмірлік философиясы қандай? Салт-дәстүрлерінің мәні мен мағынасы және т.б.).
Қазақ халқы – Алтай мен Маңғыстауға, Алатау мен Қызылжарға дейінгі кең-байтақ даладағы біртұтас ұлт (тілі, діні, ділі бір) екендігі қалыптасқан менталитетінен көрініп тұруы тиіс. Еліміздегі бүгінгі этностар санасында да бұл шаралар нақтылықты орнатып, сыйластық пен достық сезімді күшейтіп (бәріміздің тегіміз бір, біртұтас тарихы бар бауырлас халықтармыз деген ойды тереңдете түседі), кең ақпараттық мағлұмат алу көзіне айналары сөзсіз. Осылайша ғаламдық цифрлы келешекте (global digital future) өз орнымызды айшықтап, барлық этностар мемлекет құраушы қазақ ұлтының жанына бірігеді, біртұтас ұлттың қалыптасуы жүзеге асады. Жалпы білім беретін пәндерді оқыту бойынша мемлекеттік білім стандарттары сияқты, ұрпақ тәрбиесінде де қазақстандық тәрбие стандартының қажеттілігі сезіледі.
Осы айтылғандардан тоқетер ой – жас ерекшелігіне қарай бейімделген Ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тұжырымдамасын дайындау қажет. Айталық олар, мектепке дейінгі тәрбие сатысы, бастауыш білім деңгейі, негізгі-орта білім деңгейі және жоғарғы білім беру деңгейлерін қамтитын 4 деңгейлі дәрістен тұрады. Ғалымдар қазақ халқының шынайы келбеті, салты мен дәстүрі қай деңгейде оқытылуы тиіс екенін ескере отырып, 11-сыныпты бітірген және университетті аяқтап, мамандық иесі болып шыққан азаматтың ұлттық құндылықтармен дәріптелген, толыққан заманауи болмысын ғылыми тұрғыдан белгілеп, дайындалған концепцияның негізінде әр деңгей үшін қосымша курстың бағдарламасы (4 бағдарлама) жасақталады. Нәтижесінде, оқыту тіліне қарамастан 3-21 жас аралығындағы қазақстандықтар ұлттық құндылықтар негізінен үздіксіз жүйелі дәріс алады, жаһандық дәуірдің сын-қатерлеріне дайын жастардың қатары көбейеді.
Егілген дәннің сабағы көтеріліп, жасыл желекке айналып, шырынды жемісін беруі ұзақ уақытты қажет етеді. Сол сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, өркениет көшінен қалмай дамудың алғышарттарын қалыптастыруды да бүгіннен бастаған абзал.
Қаныбек ЖҰМАШЕВ,
Білім беру ісінің үздігі