Бүгін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байденнің инаугурациясы өтеді. Билікті бейбіт түрде тапсыру – Америка демократиясының негізгі өлшемі. Сондықтан оған үлкен саяси мән беріледі. АҚШ тарихында президентке импичмент жарияланған кездер де болған. Оған іліккен президент экс-президентке берілетін артықшылықтар мен құрметтен айырылады.
Импичмент мәселесі көтерілген соң Трамп жеңілгенін мойындап, президенттік билікті Джо Байденге тапсыруға келісім берді. Ол – АҚШ-тың 46-шы президенті.
АҚШ – тарихта президенттері көп ел. Бүгінгі таңда көзі тірі экс-президенттері де көп. Джимми Картер, Билл Клинтон, Джордж Буш (кіші), Барак Обама саясатта әлі де белсенді. Олардың бәрі Трамптың саясатын сынауда.
Вашингтон, Джефферсон, Линкольн, Рузвельт сынды президенттердің билігі тұсында Американың беделі зор болған. Бұл кезең – өсу, гүлдену дәуіріне жатқызылды.
АҚШ президенттерінің қайсысы сайлауда көпшілік дауыспен жеңіске жеткен дегенге келсек, 1876 жылы Ратфорд Берчард Хейз, Бенд, 1888 жылы Гаррисон және 2000 жылы Джордж Уокер Буш (үлкені) мүмкін болған жоғары дауыспен жеңіске жетіпті.
АҚШ президенттерінің бәрі бай болмаған. Көпшілігі кедей отбасында дүниеге келген. Эндрю Джонсон (1865-1869), Джеймс Абрам Гарфилд (1881) және Авраам Линкольн (1861-1865), Биль Клинтон (1946) – ең кедей отбасынан шыққандар. Америкада адамдардың қай ұлтқа жататыны, әлеуметтік тегі маңызды емес. Бұл ретте сөзіңе сендіру, халықты өз жағыңа тарту мәселесі маңызға ие.
АҚШ президенттерінің ғылыми дәрежесі есепке алынбайды. Әйтсе де, Уильям Хауард Тафт (1909-1913) пен Томас Вудро Вильсонның (1913-1921) ғылыми дәрежелері болған. Екеуі де – заңгер-доктор. Алайда олардың академик, профессор атақтары болмаған.
Президенттік билікте ең ұзақ болған Франклин Делано екен. Рузвельт (1933-1945) – үш толық мерзімге АҚШ президенті болған тұңғыш саясаткер. Ал ең қысқа мерзімге президент болған – Уильям Генри Гаррисон. Ол 1841 жылы нөсерлеп жауған жаңбырға қарамастан, екі сағаттық инаугурация кезінде тапжылмай тұрғандықтан, суық тигізіп алған. Ол президенттік билікке кіріскеннен кейін 32-ші күні өкпеге тиген суықтан қайтыс болған.
АҚШ-тың 11 президенті – әскери ортадан шыққан генерал шенділер. Олардың қатарында – Джордж Вашингтон, Эндрю Джексон (1829 – 1837), Уильям Генри Гаррисон, Закари Тейлор (1849-1850), Франклин Пирс (1853-1857), Симпсон Грант (1869 -1877), Ратфорд Берчард Хейс, (1877-I88I), Джеймс Абрам Гарфильд (1881), Честер Алан Артур (1881-1885), Бенджамин Гаррисон (1889-1893) және Дуайт Дэйвид Эйзенхауэр (1953-1961) бар.
Америкалық президенттердің инаугурациялық сөздері қарапайым болып келеді. «Мен» есімдігін инаугурациялық сөзінде қолданбаған жалғыз президент – Теодор Рузвельт. Авраам Линкольн, Франклин Делано Рузвельт және Дуайт Дэйвид Эйзенхауэр таққа отырар салтанат сәтінде «мен» сөзін бір-ақ рет қолданған.
Америкалық саясаткерлердің ішінде жоғары мемлекеттік лауазымдарды сайланбастан атқарған саяси тұлға да бар. 1973 жылдың қазан айында вице-президент Спайро Агнудың отставкаға кетуіне байланысты өкілдер палатасындағы республикалық көшбасшы Джеральд Рудольф Форд вице-президент болып тағайындалды. Сол жылдың желтоқсан айында бұл ұсынысты АҚШ Конгресі мақұлдады. 1974 жылы тамызда Джеральд Рудольф Форд Ричард Никсонның отставкаға кетуіне байланысты автоматты түрде АҚШ президенті болып іске кірісті. Осылайша, Джеральд Рудольф Форд вице-президент және АҚШ президенті лауазымдарын сайлаусыз-ақ атқарды.
Вашингтонның орталығындағы классицизм стиліндегі ғимарат – 1800 жылы АҚШ президенттерінің резиденциясына айналды. Олар бұл ғимаратты 1809 жылы «Ақүй» деп атап кетті. Бұл ғимарат жақын маңдағы қызыл кірпіштен салынған ғимараттармен салыстырғанда, сұлбасы аппақ болып көрінеді. Сондықтан президент Теодор Рузвельт 1902 жылы ғимаратқа ресми түрде «Ақүй» атауын берген.
АҚШ-та тыйым салу туралы заңның бастамашысы президент болған. 1919 жылы АҚШ Сенаты президент Вудро Вильсонның ветосына қарсы алкоголь (құрамында 0,5 пайыздан астам алкоголь бар) сусындарды өндіруге, тасымалдауға және ішуге тыйым салатын «құрғақ» заң қабылдайды. Сол заңның бастамашылары алкогольды әлеуметтік зұлымдықтың қайнар көзі деп санайтын ықпалды діни бірлестіктерден шыққан. Алайда заңды сақтау мүмкін болмаған. Америкалықтар оны әртүрлі жолмен айналып өтуге тырысқан. «Құрғақ» заңның енгізілуінің негізгі нәтижесі алкогольды жасырын өндірудің кең таралуына, жасырын дүкендер мен барлардың пайда болуына жол ашқан. Қылмыстық синдикаттар заңсыз алкоголь саудасында үлкен капитал жинаған.
Мемлекеттік атрибуттар сол елдің мінезін, қауқарын білдіреді. АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі – Бенджамин Франклин жаңа мемлекеттің елтаңбасында бүркіт емес, күркетауықты бейнелеуді ұсынған. Біріншіден, бүркіттер бүкіл әлемде кездеседі, ал күркетауық – таза америкалық құс. Екіншіден, Франклин атап өткендей, «бүркіттің моральдық қасиеттері күмәнді, өйткені ол жыртқыштықпен өмір сүреді».
АҚШ Қарулы күштерінің құрамы генерал президенттерден гөрі Джон Кеннедиге ерекше құрметпен қарайды. Ол денсаулығы нашар болғандықтан, әскери қызметке жарамсыз деп танылған. Бірақ әкесінің (сол кезде Ұлыбританиядағы АҚШ елшісі) ықпалын пайдаланып, 1941 жылы флот құрамасына жазылып, жапондарға қарсы торпедалық қайықтың командирі болған.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден – Барак Обаманың тұсында вице-президент болып, саясаттың сан қырлы жолдарынан өткен тұлға.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
журналист