Технология қарқынды дамып жатқан ғасырда армияның бәсекеге қабілеттілігі көбінесе цифрландыру деңгейіне байланысты. Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқовтың ойынша, бұл қадам цифрлы трансформациядан басталуы тиіс. Сол себепті ең алдымен Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерде ақпараттық-технологиялық архитектураны әзірлеу қажет.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінде Дарын Тұяқовтың басшылығымен өткен ведомствоның ақпараттық-технологиялық архитектурасын әзірлеу мәселесі жөніндегі кеңесте айтылды. Вице-министрдің айтуынша, жаңа құрылымды ұйымдастыру бес кезеңнен тұрады. Олар қызметті, мәліметтерді, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды және киберқауіпсіздікті қамтиды.
Әр бөлімшеде цифрлы офицер лауазымын енгізуді ұсыну жоспарлануда. Құрылған мамандар корпусы мемлекеттік органдардың цифрлы трансформациясы мәселелерімен айналысатын болады. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерді ақпараттандырудың ортамерзімді жоспарын жасау жұмыстары жүргізіліп, IT-архитектураны дамытудың басым бағыттары айқындалуда.
Бірінші кезеңде цифрландырудың ағымдық ахуалы зерделенеді. Жүргізілген мониторинг мемлекеттік органның IT-стратегиясын анықтауға және күштер мен құралдарды аз шығындай отырып, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Үдерістер мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың оңтайлы деңгейі мен форматы таңдалатын болады.
Қазақстан әскері мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететіндіктен, цифрлы трансформация үдерісінен шет қала алмайды.