Алматы облысына қарасты «Іле» полигонында десанттық шабуылдаушы әскерлердің жауынгерлік оқу-жаттығу жиыны өтті. Жаттығу барысында тәжірибе жүзінде ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күресудің жаңа тәсілдері қолданылды. Жиынға Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысып, оқу-жаттығу барысымен танысты.
Ведомство басшысына Десанттық-шабуылдаушы әскерлер қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров жауынгерлік атыс кезінде түтін мен бүркемелеудің қолданылуына және соққы беретін дрондарға бақылау жүргізіліп жатқандығы жайында баяндады. Кейінгі жылдардағы қарулы қақтығыстарды мұқият зерделеудің нәтижесінде десанттық-шабуылдаушы әскерлерде жасалған бұл әдістер жауынгерлік дайындықты едәуір арттырып қана қоймай, жеке құрам арасында үлкен шығындарды болдырмауға да мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев «Арыстан» мамандандырылған лицейінде ерлік және патриотизм сабағын өткізді. Қорғаныс министрі әрбір азамат өз елінің патриоты болуы үшін әскери мамандықты таңдаудың маңыздылығы, Қазақстан Қарулы Күштерін дамытудың стратегиялық бағыттары, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың түрлері жөнінде әңгімеледі. Арыстандықтарға арналған сабақ жоспарында ел әскері, оның міндеттері және мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудағы рөлі туралы мультимедиялық әдістемелік материалдар көрсетілді.
– Ел Қарулы Күштерінің қазіргі келбеті XXI ғасырдағы әскерге қойылатын талаптарға сай. Әскери мамандық әскери қызметшілерден нақты, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары бойынша терең білім алуды, сондай-ақ мықты дене даярлығын талап етеді. Мамандандырылған лицейді бітіргеннен кейін осы салаға сәйкес Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына түсе аласыздар. Естеріңізде болсын, Отанды қорғау әрқашан жоғары азаматтық ерлік болып саналады. Сіздер елдің тағдыры, оның болашақта дамуы мен өркендеуі жолындағы жауапкершілікті өз мойнына алатын жаңа буынсыздар, – деді Нұрлан Ермекбаев.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына жұмыс сапары барысында Қорғаныс министріне институт бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков оқу үдерісінің санитарлық-эпидемиялық шектеулер жағдайында ұйымдастырылуы, оқу-материалдық базаның жай-күйі, оқу бағдарламаларының іске асырылуы жайында айтты. Нұрлан Ермекбаев жаттығу кешендеріне, оқу құралдары мен қару-жарақ үлгілеріне, оқу-әдістемелік кабинеттердің, кафедралардың, зертханалардың жабдықталуына назар аударып, оқу процесінің мазмұнын ұдайы жетілдіріп, әскери кадрларды даярлау сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.