• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2010

СӨЗ СОЙЫЛ

563 рет
көрсетілді

Әзіл-оспақ, сын-сықақ БІРДЕ... Бір жиналыста Сырбай Мәуленовтің баяндамасына академик Мұхаметжан Қара­таев мін таға сөйлей келіп: – Мен Сырбай балдыз болған соң әдейі ба­тыра ай­тып тұр­мын, – депті. Сонда Сыр­бай: – Мұқа, бұл балдыздар мен жезделердің жиналысы емес қой, – деген екен. *** Құдайберген мен Тоқ­сын­ның келіншектері бір ай­мақтың қыздары болған соң екі бажа жиі араласып тұрса керек. Бірде Тоқсын Құдай­бер­геннің үйіне барып, екеуі біраз әңгіме соғып, ептеп жүз грам­да­тып, түннің бір уағына дейін отырса керек. Содан Тоқсын үйіне енді қайтайын деп жатқанда Құ­дай­бергеннің туған балдызы келе қалады. – Оу, балдыз, – дейді Тоқ­сын қуанып, – Келгенің жақ­сы болды, мәшинеңмен мені үйге жеткізіп тасташы. – Мәшинемнің майы жоқ еді, – дейді ол барғысы келмей. – Бауырым-ау, – депті сонда Тоқсын, – Апаларың бізді жұм­са­ғанда мына Құдай­берген екеуміз май­сыз-ақ жүгіріп кетеміз ғой. Сенің мәшинең қашан май­сыз жүріп кетеді екен осы? *** Бокстан әлем чемпионы Бақ­тияр Артаевтан: – Музыкаға әуестігің бар ма? Қай әуенді естісең құлағыңның құрышы қанады? – деп сұрап едік, ол ойланбастан: – Олимпиада ойындарында алтын медальды алқымыңа тағып тұ­рып Қазақстанның әнұранын ес­ті­генге не жетсін! – деді жымиып. Б.САҒЫРБАЙ. АСТАНА. ҚАСАРЫСҚАН ҚАУІП-ҚАТЕР Александр СЕМИКОВ. Николай Бров­ко өзін-өзі үне­мі қауіп-қа­терден сақ­­тан­дырып оты­ра­тын бол­мы­сын­дағы сергек қа­сие­тін мақтаныш тұтады. Мәселен, ол сергектігі бойынша трол­лейбусқа мін­ген­де міндетті түр­де жанында: “Қа­уіп-қатер бол­ған жағдайдағы қо­сымша есік. Бал­ға­ны аласыз, әйнекті сын­ды­ра­сыз” деп жазылған жа­зуы бар әйнек тұсына кеп отырады. Ал жылына бір-екі рет алыс сапарға шығып пойызға міне қалса, міндетті түрде вагонның төртінші купесінен орын алады. Өйткені, оның тура тұсында “тоқтату тұтқасы” орналасқан. Жаз айларында өзеннің төменгі тұсында орналасқан саяжайына барарда кеменің үстіңгі қабатына шығып, орындық астында қауіп-қатер кезінде суырып ала қоятын дөңгелек рәзіңкесі бар орынға тапжылмай отырып алады. Таксиге немесе жеңіл көлік атаулыға мінсе білін­бей­тіндей етіп басына темір қалпағын, арқасы мен кеуде тұсына сығымданған ауа толтырылған қапшығын киіп шығады. Үйіндегі лифтіге еш­уақыт­та мінген емес. Баспалдақпен кө­теріліп түсудің ден­саулығына пайдалы екеніне өзін-өзі сендіргелі қашан. Бірде ұшаққа мінбек болып сұрап көрсе, онда қауіп-қатерден сақтану жағдайы жоқтың қасы екен. ...Міне қалған екен дейді. Қауіп-қатер аяқасты, ұшағы апатқа ұшырап, бұл аспанда қалықтап келе жатып, жа­сырып өзімен ала кірген па­рашютінің сақинасын тартып кеп қалып еді... онысы ашыл­май, жалмажан қарманып қо­сымшасының сақинасын сипап жүріп тауып бар күшімен тартып кеп қалған. – Өй, саусағымды сындырдың-ей! – деген ащы дауыстан селк етіп көзін ашса... түсі екен, әйелінің қолындағы сақинасын жұлып алыпты. Николай Бровко бұның түсі болғанына тәуба етіп, алақа­нын­дағы қос сақинаға қарап отырып күні кешегі үйленгендегі сақинаны тағып тұрып тілге келгенін есіне алды. Қауіп-қатерден шығар жол үнемі есінде тұратын бұл некелестірушіден: – Қауіп-қатердің амалы бар ма? – деп сыбырлап сұрап еді, анау екілене: – Сіздей үнемі қауіпсіздігін ойлап жүретін азаматқа бүгіннен бастап есік жабық! Кірер есіктен кірдіңіз, ал шығар есігіңіз мүлдем басқа! – деп тоқетерін бірақ айтты. Сөйтіп, Николай Бровко алақанындағы қос сақинаны сипай “Шығар есік жоқ!” деп күбірлеп, амалсыз ақырындап басып асүйге келді де, таңғы ас дайындауға кірісті. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. ТҮЙРЕГІШ ТҮЙІНДЕР Күйеуі мен әйелі ырың-жырың, “Қызғаныш-ит” арада жымың-жымың. Қалталының қолтығына жығылған, Тендер өтті қырық түрлі құбылған. Бір баламыз депутат боп оңдады, Ел қатарлы қол көтерсе болғаны. Көпірме сөз баласы ерікті алды, Ұят қысып әкесі “өліп қалды”. Келімсек кердеңдеп кеп бас болмасын, Қойнына тығып алғаны тас болмасын. Кім бай болса бәрі де “зиялы адам”, Көкірегінде “көк қағаз” ұялаған. Былайша тамаша адам түсі игі, Пара алмаса алақаны қышиды. Қазақша сөйлеп ем “жабайы” деді, Орысша “гулеп ем” “анайы” деді. Құшақтатып жіберетін егесте, Арақ шіркін “ара ағайын” емес пе?! Креслоға отырып “кісі” болды, Қағазға кеп, қол қою ісі болды. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ. Маңғыстау облысы. Ауылдың айтқыштары ТАЗДЫҢ БАСЫНА Нарын құмындағы Шоқаштың Құсайыны бірде кешкілік бір танысының үйіне қонуға келсе, үйде бір топ мейман бар екен, Құсекең дастарқан шетіне отыра қалады. Қызып алған қонақтардың бірі: – Құсеке, айтыңызшы, бақыт құсы дейтін болады, ол өзі кімге қонады? – дейді желпініп. – Әй, шырағым-ай, бақыт құсы дейтін біздің заманымызда жігіттің жайсаңына қонатын еді, қазір таздың басына, пұшықтың мұртына қонақтайтын болыпты ғой, – дейді Құсайын қарт. Сөйтсе, шашы жоғы колхоздың басқармасы екен де, пұшығы бухгалтер екен. ҚАҚТЫҢ-АУ ШАЙДАН Құсайын қарт түс әлетінде самауырыны қайнап тұрған шеттегі бір үйге түсіп, төрге жайғасып отыра бергенде, үй иесі келіншек бір аяқ айран әкеліп бере қояды. Мынау ыссыда мейір қандыра шай ішемін деп отырған Құсекең аяқты қолына алып отырып: – Ассалаумағалейкум, айран, Тап болдың қайдан? Ақсың-ау шіркін, Ақтығыңда дауым жоқ, Бірақ қақтың-ай Қайнап тұрған шайдан, – деген екен. Үй иесі: “Ойбай, Құсеке, кешіріңіз, келініңіз сізді асығыс деп ойлап қалған ғой”, – деп әйеліне едірейе қарап, әбігерге түсіп қалыпты. Қазихан ҚАБДЕЛ. АТЫРАУ. ҚҰЛҚЫНДАР ТОЯТЫН ЕМЕС Оспанханның “Сүзеген сөзі” – Дәл тиетін жебенің өзі. Жегіш ауыз – “Оның арғы атасы – жауыз” Дегені айналып шындыққа, Саналар құл болған құлқынға, Тап болдық сұмдыққа. Қайда барсаң тойымсыз құлқын. Көрмейсің Басшылардың адамдық құлқын. Құрықтау жоқ деп нарыққа, Өз нанын өздеріне Қымбат қып, Сатып жүр халыққа. Сонда да құлқындар тоятын емес, Барлық нәрсенің бағасын Қоса-қабат өсіруді қоятын емес. Бұрынғы бұрынғы ма? Зар боп бұрынғыға, Нанның құны тіпті у боп кетті, Теңгеміз түкке арзымай, Құнсызданып су боп кетті. * * * Қарап тұрсақ, Құлқынға бәрін, Құлатып жатқан да ауыз, Кедейлерді аямай, Қымбаттатып бәрін Жылатып жатқан да ауыз. Бүйте берсе асағыш ауыз, Өзінің жетіп түбіне, Боп шығады-ау жауыз. Күләш КЕРІМБЕКҚЫЗЫ. АЛМАТЫ. ҚАЙЫС ҚАЙРАҚ, АҒАШ ҚАСЫҚ Жарқабақ елді мекен өлкесіне тағайындалған жаңа әкім орта кәсіпке деп үкімет берген қара­жатты шашау шығармай бір іске бағыштады. Ондағысы – өлкедегі бұған дейін мұрты ғана бұзылып келе жатқан қалың ағаштан жиһаз жасап, өтімді тауарларды сатпақ болды. Жаңа әкімнің бұл ұм­ты­лысы шағын кәсіппен айна­лы­ссам деп жүрген Илі­к­байға ой салып, бірден бор­да­қы өгізін сойып, оның те­рісінен тон жасап көрмек болды. Әкімнің әуре-сарсаңмен жасатқан жиһаз үлгілері заман талабына сай келмей түк­ке жарамсыз болған соң, аудан әкімдігі ақылдаса ке­ліп, қаптаған қараағаштан іргедегі ірі өзен-көлге қат қайық жасамаққа шешім шығарды. Илікбайдың илеп иінін жұм­сартқан өгіз терісінен ақау шығып, тон жасамақ ойы әдірем қалды. Ары ойлап, бері ойлап тап­қаны – тоннан қысқарып қалған теріден күртеше жасамақ болды. Аудан әуре-сарсаңмен жасаған қайығын көлге салып көріп еді, су бетінде қалқыған қайыққа үш-төрт адам отырғаны сол, бір шетіне қисая жантайып су түбіне сүңгіді де кетті. Әрі өзгертіп, бері өзгертіп қайықтан қайран болмаған соң, әкім ақсақалдардың ақылымен қараағаштан атқа ер жасасақ деген тоқтамға тоқтады. Бұл кезде Илікбайдың терісі “тілініп”, жасамақ болған күр­тешесі күлдібадам болып... Илекең бол­­мағанға бордай тозбай, аудан­ның ертоқымды қолға алғанын естіп, қалған терісін қақ­па­қылдап көріп, бірден ертоқымға тартпа, ат басына жүген-шылбыр жасауды қолға алды. Кетуі кеткен іс оңушы ма еді... Ертоқымның да езуі ыр­жиып, қиылысуы қиғаш келіп, алғашқыларын алғандар бір міністен соң-ақ өнімдерін өздеріне қайтарып сормаңдай етті... Судың да сұрауы бар, үкі­метке есеп берер күн де келіп жетті... Аудан қараағашты зер­ттеп-зерделей келе бұның ұлт аспаптарына таптырмас ағаш екенін біліп, еңсе көтеріп игілікті шараға кірісті де кетті. Қолға алған жүген-шыл­быры көңілге қонбай, оның үстіне ауданның ерто­қы­мының құрдымға кеткенін біліп, Илікбай да терісінен бел буар белдік жасамаққа ниеттенді. Бұл кезде аудан әкімдігі жасаған домбыра, қобыздары түкке алғысыз болып тығы­рыққа тірелген болатын. Не керек, ойлана-толғана келіп, аудан басшылығы қара­ағаш­тан күнделікті тұрмысқа керек ағаш қасық жасап, ерен іс бітіріп, онысын аудан кө­ле­міндегі әр отбасына оншақты да­насын міндеттеп сатып, үкі­метке іске асырған орта кә­сіптері жөнінде егжей-тегжейлі мәліметті жөнелтті. Дәп осы тұста өгіз терісінен жасаған белдігі үзіліп түскен соң Илікбай бір пұшпақ теріге бола налымай, белдіктің үзіндісінен қатқан қайыс қайрақ жасап алды. Мағжан ДАНИЯР. Алматы облысы. МЫСАЛ-МЫСҚЫЛ Арыстан мен түлкі Қу түлкі арыстанмен – Жеңбесін біліп алысқанмен, Дөкей кезінде “дос” болды... Көзіне күлімдегенмен, Іштей оған өш болды... Арыстан оны сезгенмен, Кейін бірақ кеш болды. Сұңқар мен тауық “Ұшам!” – деп тауық талпынды, Жүгіріп біраз алқынды... Сұңқар оған сыбырлап: “Бұзба!” – деді салтыңды. Ат пен арба Арба: – Мен алып арбамын, Құлсың маған қалғаның..! Жетегіме сен түгіл, Жегіледі нарларың..! Ат: – Сөзіңе жоқ таласым, Айтайын ашып арасын, Қанша алып болғанмен, Бізсіз қайда барасың?! Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. ҚЫЗЫЛОРДА. СПОРТТАҒЫ “СҮР” СӨЗ – Естуімше, үкіметіміз әр олимпиада жеңімпаздарына 50 мың доллардан сыйақы береміз деп уәде берген екен. – Білуімше, олимпиада аяқ­талып, есеп бо­йын­ша біздің үкі­мет 1,5 млн. доллар үнем­деген көрінеді... *** – Сіз футбол­ды не үшін жақсы көресіз? – Білмеймін, бұл туралы ой­ланып көрмеппін. Бала кезімнен осылай қалыптасқан шы­ғармын. Сіз ше? Өзіңіз футболды не үшін жақсы кө­ретініңізді білесіз бе? – Әрине. Маған үйде – әйелім айғайлайды, жұмыста – бастығым, базарда – сатушы... Ал футболда мен айғайлаймын! *** Мұғалімі Бекіреге: – Маубасым-ай, тек онға дейін санай аласың! Оу, бұл қалпыңмен үлкейгенде кім болмақшысың? – деп жаны аши сұрағанда, Бекіре сас­пай ғана: – Бокстан төреші боламын! – деген екен. *** Атақты боксер Тай­сон бір ка­феге кіріп үс­ті-үстіне ішімдікке тапсырыс беріп сілтей беріпті. Ал оған қызмет етуші азамат бұның жанкүйері екен, ол әбден бабына келгенде: – Сіздің келесі төбе­лесіңіз қашан және қай жерде болмақ? – деп қызығушылық танытқанда, Тайсон алара қарап: – Бүгін, тап осы жерде... өйткені, менің дәл қазір төлер ақшам жоқ, – деген екен. Мүйісті жүргізген Берік САДЫР