• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қаңтар, 2021

Кенеттен бұзылған үнсіздік

449 рет
көрсетілді

Жақында «Эксмо» баспасы Харуки Муракамидің «Жазушылық, мамандық ретінде» кітабын жариялады. Жариялау­дың эксклюзивті құқығы соларда болса керек. Мураками­маниядан тысқары тұрсақ та, шығармашылық лаборатория жайлы қайбір кітапқа да ынтызармыз ғой.

«Әдебиет – кәсіп емес, өнер» деген Ғабит Мүсіреповтің кітабы болған еді. Өзі де жер жыр­тып, етік тіккен Толстой да заманында «тамағыңды жер жыртып, етік тігіп тап, қалам­герлікті кә­сіп қылма» деген сыңайдағы ой ай­тып­ты. Жазушылық қа­лай маман­дыққа айналды немесе ай­налады дегенді айналып өтіп, Харуки­дің осы кітабында суреттелген бір оқиға жайлы айт­қымыз келіп отыр.

«Қайсыбір жазушылардың ұзақ жылдарға созылған досты­ғы жайлы әңгімелерге аса сақ­тықпен қараймын. Әрине, жазушылар арасында да жүрек бай­лаған достық та болады, бірақ оның ұзаққа созыларына күмәнім бар. ...Соның бір анық мысалы – 1922 жылғы Парижде өткен салтанатты қабылдау, сонда  Марсель Пруст пен Джеймс Джойс бір үстелдің басында отырып қалады. Игі­лік­ті шарада иықтасып отыр­са да, тіл қатыспапты. Төңі­ре­гін­­­дегілер демін ішке тартып, өз уа­қы­тының, тіпті тұтас жиыр­ма­сыншы ғасырдың қос ұлы қа­лам­гері не жайлы сөйлесер екен деп бағып отырыпты. Дәуір­лік даң­қы бар кездесу үнсіз­дікпен тә­мам­далды. Бәл­кім, екеуінің де өздері жайлы пікір­лері тым биік бол­ған да шы­ғар», дейді Мура­ками.

Біз әдетте Әуезов пен Мұ­қа­нов­ты баррикаданың екі жа­ғында қарастырғанда, Тол­стой мен Достоевскийдің бір заманда, бір елде өмір сүре отырып, кездеспегені жайлы айтқанда, Пруст пен Джойстың да осы бір кездесуі жайлы ақиқатты аңыз­дар арасынан аршып ал­ғымыз келетіні де бар ғой.

1922 жылғы кездесу дегенде, бірден мамырдың он сегізінші жұлдызындағы жазушы Сидней Шиффтің үйіндегі дастарханға ораламыз. Төрге жайғасуға ұм­тылған төрт мейманның екеуі – Пруст пен Джойстың осы дас­тархан басындағы әңгімесінің бірнеше нұсқасы бар. Соның бірінде Джойс: «Пруст мырзаны оқымаппын» десе, Пруст: «Джойс мырзаның бірде-бір сөзін оқымағаныма өкініш біл­діре­мін» депті делінеді.

Ал біріндегі әңгіме, тіпті қы­­­зық. Джойс: «Басымның са­қи­насы күнде ұстайды. Көзім бұл­дырайды». Пруст: «Байқұс ас­қазаным-ай. Мені өлтіріп ты­на­тын шығар». Әңгіменің ұзын-ыр­ғасы осы. Тағы бірінде трюфельден жасалған ірімшік жа­йын­да тіл қатысқан делінеді.

Харуки Мураками дәл сол жыл­ғы кездесудің үнсіздікпен аяқ­талғанын айтып отыр. Жал­пы, ол екеуінің бір рет қана кез­­­дес­­­кенін еске алғанда, кім­ге се­неріңді білмейсің. Жалпы, әде­биет­тің осындай әңгіме­лері­нің өзі жаңа бір жасампаз жанр­ға айна­лып кетті.

Мемуарлар мүддемен, күн­делік­тер күдікпен, естелік­тер есеппен жазылатын біздің ке­зең­де ештеңеге де таңғалуға бол­майды.