• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 29 Қаңтар, 2021

Ғалым ғибраты

434 рет
көрсетілді

XX ғасыр басындағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі арада бір ғасыр өтсе де маңыздылығын жоймағандығын көріп отырмыз. Тіпті бұл сөздің қазіргі таңдағы қазақ қоғамы үшін өзектілігі күннен-күнге арта түскенін білеміз. Тұлға бойында мінез бен білімнің қатар болуы міндетті түрде оны ұлты үшін адал, пайдалы еңбек етуге итермелейтіні ақиқат. Қай салада болмасын олар еңбегінің нәтижесі арқылы еліне орасан зор пайда әкеледі. Олардың бойындағы барлық адамгершілік қасиеттері, жасаған іс-әрекеттері, айтқан сөздері және ғылыми мұралары, яғни барлық адами болмысы оның көзі тірі замандастарына, шәкірттеріне, кейінгі ұрпақтарына ұлылықтың белгісі ретінде көрініп тұрады. Біздің бұл сөздеріміздің үлкен ғалым, ғылымды ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз әрі педагог, сондай-ақ ардақты ана, немерелеріне мейірімді әже бола білген қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш тарихнамашы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Исабайқызы Дулатоваға тікелей қатысы бар.

Д.И.Дулатовамен бір жылдың төлі болған академик Манаш Қа­башұлы Қозыбаев ол жөнінде «арлы адам, айдынды азамат, қай­раткер ғалым» дей келе, «Ол бармын деп аспайды да таспайды, үрейленіп саспайды, әділеттен қашпайды, дос сырын шашпайды, арсыздардан аттайды да тура өз жолымен жүре береді... Ермен тең нардың жүгін көтеретін жан, екі айтпайды, айтқанынан қайт­пай­ды, өтірік дегенді білмейді, өсек жолымен жүрмейді, жалпыл­дап мыр­қымбайлармен күлмейді, анау-мынау жандарды көзіне де іл­мейді, уәде берсе тұрады, алысса жығады, күрессе үйіріп-үйіріп тобықтан ұрады, қасқайып қас батырдай менмұндалап тұрады», деп тебірене жазып еді. Жарты ғасырдай тарих саласында әріптес болып бірге қызмет атқарған ака­демиктің Д.И.Дулатоваға берген бұл бағасы өте әділ және тура болатын.

Егер көзі тірі болғанда бұл күндері 90 жасқа толатын Д.И.Ду­латова кім еді, қандай еңбек­тері­мен және істерімен тарихта қалды деген сұрақтарға жауап беру үшін алдымен оның өмір жолы ту­ра­лы оқырмандарға қысқаша мәлі­мет бере кетсек.

Дина Исабайқызы Дулатова 1931 жылы 31 қаңтарда бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласының түбіндегі Бесжылдық (Жамбай) деген ауылда мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Исабай Нұрмамбетов бұрынғы КазПИ-ді география пәнінің мұ­ғалімі мамандығы бойынша бі­тіріп, бүкіл өмірін халық ағарту саласының төменгі баспалдағы­нан бастап, жоғары лауазымды қыз­меттерді атқарған елімізге бел­гілі зиялы қауым өкілдерінің бірі еді. Соғысқа дейінгі жылдары мектепте ұстаздық етсе, со­ғыс жылдары қазіргі Түркістан об­лыстық оқу ісінің меңгеруші­сі, со­ғыстан кейінгі жылдары Қазақ КСР-і Оқу-ағарту министрі­нің орынбасары болып, зейнетке шық­­­қаннан кейін ұстаздық жолын Қазақ педагогикалық инс­титу­тында өмірінің соңына дейін жалғастырады. Анасы Зейнеп Мұ­хамеджанова да ұстаз бол­ған кісі. Қазан қаласында туып, Мәскеудегі Коммунистік тәрбие академиясын аяқтаған соң Алматыға жолдамамен жі­бе­рілген. Тараз, Шымкент қала­ла­рында ұстаздық етіп, партия қыз­меттерінде болып, соңғы жұ­­мыс орны Алматыдағы №12 мек­тептің директоры қызметінен зейнетке шығады. Осылайша, ұс­­таздар әулетінен шыққан Дина Иса­­байқызы «Ұяда не көрсең, ұш­­қанда соны ілерсің» дегендей, бү­кіл ғұмырын ата-анасы сияқ­ты білім беру саласы мен ағар­ту­шы­лыққа арнайды.

Орта мектепті үздік бітірген ол тарихшы болуды армандайды да, Мәскеу қаласына атта­на­ды. 1949-1954 жылдары М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу Мем­ле­кет­тік университетінің тарих фа­культетінде оқып, сол ке­зең­­дегі атақ­ты тарихшылар С.П.Тол­с­тов, А.В.Арциховский, М.В.Неч­кина, С.Д.Сказкин және та­ғы басқа ірі ғалымдардан дәріс ала­ды. 1954 жылы ол тарихшы ма­ман­дығын алып шығады да, елге оралады.

Дина Исабайқызы өзінің ұс­таздық еңбек жолын Алма­ты облысы Нарынқол ауданындағы орта мектепте мұғалімдік қыз­меттен бастап, бір жылдан кейін оны Алматы қаласындағы №75 орта мектепте тарих пәнінің мұ­ғалімі ретінде жалғастырады. Ал 1958 жылдан өмірінің со­ңына дейінгі оның қызмет орны қа­зір­гі Әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ-­­дың тарих факультеті болды. Уни­вер­ситетте жаңадан ашылған Қа­зақ КСР тарихы ка­федрасына аға лаборант бо­лып қабылданады да, бір жыл­дан кейін аспиранту­ра­ға қа­был­данады. Атақты тарих­шы Е.Бекмахановтың ғы­лы­ми же­текшілігімен «Ш.Уәли­ханов­тың тарихи көзқарасы» атты та­қы­рыпта кандидаттық диссер­тациясын 1964 жылы өте сәтті қорғап шығады. Осыдан 60 жылдай бұрын, кеңестік кезеңде жазылған бұл диссертацияға бү­гінгі күн тұрғысынан ҰҒА ака­демигі, профессор М.Қой­гел­диев төмендегідей баға бе­реді: «Д.И.Дулатованың дис­сер­тациялық зерттеуі Ш.Ш.Уәли­ханов сияқты аса дарынды терең ғалымның тарихи көзқарасын алғаш рет жүйелі түрде моно­графиялық деңгейде арнайы ғы­лыми талдауға алған еңбек еді. Диссертант Шоқан Уәлихановтың қазақ халқының қалыптасу тарихына, оның материалдық және рухани мәдениетіне, әлеуметтік құрылымына, көрші елдермен қарым-қатынасына байланысты жасаған дәлелді де нанымды тұ­жырымдары бүгін де өз ғылыми мәнін жоғалта қойған жоқ». Тек шынайы түрде жазылған ғы­лы­ми еңбектің қандай заман болса да ғылыми маңыздылығын жоғалтпайтынын осындай баға­лардан көруге болады.

 Кандидаттық диссертациясы арқылы өзін кәсіби зерттеуші маман ретінде көрсете білген Дина Исабайқызын университет басшылығы бірден факультетте жұмыс істеуге қалдырады. Ол 1962-1970 жылдары өз кафед­расын­да аға оқытушы, ал 1972 жылдан доцент лауазымында қызмет атқара бастайды.

Дина Исабайқызының өзін ғалым әрі педагог және басшы ретінде өзгелерді мойындатқан жылдары 1972-1977 жылдар бол­ды. Осы жылдары ол тарих фа­культетінің деканы қызметін ат­қарып, факультетті оқу ісі, ғылыми жұмыстар және студенттер ара­сын­дағы тәрбие жұмыстары бо­йынша университеттегі құры­лым­дар арасында алдыңғы қа­тарға шығарады. Оның нағыз ұйым­дастырушылық қабілеті осы жылдары айқын көрінеді. Дина Исабайқызының әділдігі, турашылдығы, принципшілдігі, қаталдығы, талап қойғыштығы, адам­гершілігі туралы небір әңгі­мелер осы жылдары пайда болып, күні бүгінге дейін жетіп отыр. Сол жылдары тарих факультетінде оқыған, бүгінгі күндері отан тарихының әр саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген ғылым докторлары, профессорлар М.Е.Елеуов, М.Қ.Әбусейітова, А.Б.Қалыш және тағы басқа бір­неше ондаған шәкірті сүйік­ті декандары туралы өте сағы­нышпен еске алады.

Дина Исабайқызы факуль­тет­тегі басшылық, университетте­гі қоғамдық жұмыстарымен қа­тар, өзінің ғылыми-шығар­ма­шы­лық ізденістерін үздіксіз жал­ғастырады. 1978 және 1982 жылдары екі рет Мәскеуде ғылыми тәжірибеден өтеді. Ғылыми із­де­­ністердің нәтижесі 1984 жы­лы Алматыда жарық көрген «Рево­люцияға дейінгі Қазақстан тарихнамасы (1861-1917 жж.)» (орыс тілінде) атты монография­сында жарияланады. Ал 1986 жылы ақпан айында МГУ-дің тарих факультеті жанындағы Мамандандырылған Кеңесте док­торлық диссертациясын өте жо­ғары деңгейде қорғайды. Ке­лесі жылы профессор атағын иелене­ді. Д.И.Дулатованың моногра­фиясы сол тұста қазақстандық, одақ­тық мамандар тарапынан жо­ғары баға алса, АҚШ, Англия тарихшылары оның еңбегіне үлкен қызығушылық танытты. Мұның бәрі оны отан­дық ғылымның та­рихнама саласында алдыңғы қа­тарға шы­ғарады. Осы жерде мынадай жағ­дайды айта кетсем, артық бол­мас. Университетте ағылшын тілі­нен сабақ беретін Гүлсім Се­йіл­ханқызы Сүлейменова 1990 жыл­дардың басында іс-сапармен де­легация құрамында АҚШ-қа барыпты. Бағдарлама бойын­ша ­оларды АҚШ-тың 31-ші пре­зиденті Герберт Гувердің (1929-1933 жж. президент болған) му­зей-кітапханасымен таныстыра­ды. Ондағы кітап қоры бүкіл дү­­ниежүзінен жиналады екен. «Та­­рихи тақырыптар бойынша жа­­зылған кітаптарды қарай жү­ріп, көзім Д.И.Дулатованың «Исто­риография дореволюцион­ного Казахстана (1861-1917)» ат­ты монографиясына түс­ті де, не қуанғанымды, не таңғал­ға­ным­ды, не сасқанымды, не шаттан­ғанымды білмеймін, шыңғырып жіберіппін. Бүкіл делегация және кітапхана қызметкерлері түк түсінбей, менің қасыма жүгіріп келді. Олар аң-таң. Мен болсам, кітапты ұстап тұрып ештеңе айта алмаймын. Бар айтқаным: «Мен мына монография авторын танимын, бірге қызмет жасаймыз», деген сөздер болды», деп доцент Г.Сүлейменованың айтқанын бір­неше рет естідім.

1988 жылы Дина Исабайқызы кезінде аға лаборант болып еңбек жолын бастаған Қазақ КСР тарихы кафедрасына меңгеруші бол­ды да, оны 2001 жылға дейін басқарды. 70 жасқа толған­нан кейін ол меңгерушілік қызмет­ті белгілі тарихшы, профессор Т.Омар­бековке тапсырды.

Д.И.Дулатова ғылыми шы­ғар­­машылық жолында елімізде­гі ғылымның қарашаңырағы – Ғы­лым академиясындағы Ш.Ш.Уә­лиханов атындағы Тарих, архео­логия және этнология инс­титу­тымен тығыз байланыста болып, осындағы мамандармен бірге бір­­неше жобаны жүзеге асырады. Оның ең көзге көрінген бірлескен жобасы Қазақ КСР 5 томдық та­рихының 3-томындағы тарихнама, деректану және мәдениет тарихы­на арналған бірнеше тарауды орындауы болды. Сонымен бір­ге институтта құрылған диссер­та­циялық кеңесте мүше болып, талай жастардың докторлық және кандидаттық жұмыстарына әділ бағасын беріп, ғылым әлеміне шы­ғуына жол ашады.

Осы жерде тағы да академик М.Қ.Қозыбаевтың профес­сор Д.И.Дулатова туралы айтқан пікі­ріне құлақ түрсек: «Дина ханым – ғалым тарихшы. Ол тарихшылар әулетінің элиталар тайпасынан. Жазылған еңбектерді саралап, бар дүниелерді аралап, әділдікпен бағалап, керек проблемаларды жобалап, тарихтың бәрін құттап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген тарихнамашылардың көшбасында келе жатқан Дина ханым – қайраткер жан».

Өткен ғасырдың 80-жыл­да­ры­ның соңы мен 90-жыл­дары­ның басында коммунистік идео­ло­гия­ның дағдарысы мен КСРО-ның күйреуі және одақтас рес­пуб­ликалардың тәуелсіздік алуы Еуразияның саяси картасын өз­гертті. Соған байланыс­ты елі­міздің ЖОО-да отан тари­хын оқыту мәселесі алдыңғы қа­тар­ға шығады. Уақыт талабына сай Дина Исабайқызы туындап отырған барлық мәселелерді ұлт­тық тұрғыда шешуге күш салып, тарихи мәселелерді зерттеу үшін жаңа принципті көзқарасты қалыптастыруға бет бұрады. Осы жолдардың авторын 1990 жылы университетті бітірген бойында кафедраға жас маман ретінде алып қалды да, өзіне орынбасар етіп тағайындады. Он бір жыл бойы кафедра меңгерушісінің орынбасары бола жүріп, ол кісінің ең күрделі деген мәселелерді қалай тез, қиындықсыз шешкенінің куәсі болдым.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында отан тарихын ЖОО-ның барлық мамандықтары үшін міндетті пән ретінде оқыту мәселесі алда тұрды. Ол үшін типтік бағдарлама жасау, оған негізделген жоспар құру, оқу құралы мен оқулықтар шығару, оқытушы мамандар даярлау және тағы басқа көптеген мәселе алдан шыққаны бәрімізге аян. Осындай оқу-әдістемелік, ұйым­дас­тыру мәселелерін тәжірибелі Дина Исабайқызы еш қиналмастан шешіп отырды. Қазақстан тарихын қалай оқыту мәселесі жө­нінде Дина Исабайқызы елі­мізде алғаш рет 1993 жылы Ха­лық­аралық деңгейде конферен­ция ұйымдастырып, оны жо­ғары дең­гейде өткізді. Кадр мәсе­ле­сіне ке­лгенде болашағынан үміт күтетін жастарды, Ғылым ака­демиясындағы тарих институ­ты­ның жетекші мамандарын кафедраға жұмысқа тартты. Бел­гілі тарихшылар: түрколог Ю.А.Зуев, этнолог Н.Е.Масанов, жоң­ғартанушы В.В.Моисеев, қытайтанушы А.Ш.Қадырбаев, XX ғасырдың 20-30-шы жж. тарихы мәселесінен докторлық диссертация қорғаған Ж.Б.Әбілғожин және т.б. мамандармен бірнеше жыл бір кафедрада жұмыс істедік. Олардан көп нәрсені білдік, үйрендік, ойға түйдік.

Д.И.Дулатованы «адамды та­ни білетін адам» деуге болады. Ол ғылымға икемі бар жастарға жетекшілік жасап, кәсіби маман болуына қолынан келген көмегін аяған емес. Нағыз ғалым болудың үлгісін сөзбен де айтып, өз бойындағы тұлғалық қасиетімен де көрсетіп отырды. Оның шәкірттерінің бәрі дерлік қазіргі кездегі елімізге танымал тарихшы-ғалымдар. Алғашқы шәкірті – Тұяқбай Зейітұлы Рыс­беков, тарих ғылымдарының док­торы, профессор, 20 жылдан астам М.Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан Мемлекеттік уни­верситетінің ректоры болды. Екін­ші шәкірті Г.Сұлтанғалиева – тарих ғылымдарының докто­ры, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және эт­нология факультетінде ­ка­фед­ра­ меңгерушісі болып қыз­мет ат­қа­рады. Профессор Н.Д.Нұр­та­зина – қазіргі күнде қазақ руханияты бойынша бірнеше моногра­фия жазған елімізге танымал ма­ман. Сондай-ақ А.Ақышев, Г.Ізба­сарова, Ж.Құндақбаева, А.Ма­хаева, Г.Мұхтарова және т.б. шә­­кірт­тері ғылым жолына Дина Исабайқызының жетекшілігімен келіп, ол өмірден өткеннен кейін ұстазының ғылыми бағытын жал­ғастырып, доктор, профессор ата­ғын алған мамандар. Ал ғылым кандидаттары А.Әбділдәбекова, Д.Жақыпбекова, Ұ.Жанатаева, Б.Рахымбекова, А.Азмұханова және тағы басқалары ұстаз аманатына адалдық танытып, жастарға білім беру ісін жалғастыруда.

Бір қызығы, Дина Исабай­қы­зы ешқашанда біреуге жағым­пазданып, жалынып көрген емес, марапаттарға қызықпаған, ұмтылмаған жан. Ол жарты ға­сырдан астам ғылыми-педаго­гикалық қызметі барысында бар болғаны бірнеше «Грамота», «Алғыс хат» және «Құрмет» грамотасын ғана алған екен. Оның ең жоғары наградасы – 1984 жылы ҚазМУ-дың 50 жылдық мерекесіне орай және жоғары кәсіби мамандарды даярлау ісінде ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін алған Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының «Грамотасы» және 2001 жылы 16 жел­тоқ­санда ұзақ жылдарғы же­місті еңбегі үшін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Алғыс хаты болды. Кезінде Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарындағы ерліктері үшін ресми батыр атанбаса да, халық оны нағыз батыр ретінде таныды. Сол сияқты шә­кірт­тері де Дина Исабайқызын би­лік жақтан орден-медальдарға ие болмаса да, оны нағыз ғалым және ұлағатты ұстаз деп біледі.

Дина Исабайқызы күйеуі На­ри­ман ағай екеуі ұл-қызынан немере, шөбере көріп, олардың қолынан су ішіп, май жалаған бақытты жандар болды. Бір қызығы бір отбасында бір әулеттің 4-5 буын өкілінің басын біріктіріп, оларға бас-көз болу Дина Исабайқызының үлесіне тиеді. Жұмыстағы қаталдық пен талап қойғыштық үйге келгенде енесі Мәскен апайдың, жұбайы Нариман ағайдың, келіні мен не­ме­ресі Дананың, шөбересі Диас­тың алдында мүлде өзгеретін. Жү­зі мейірім мен шуаққа толып, тек күл­кі байқалатын. Осындай кө­рі­ністің талай куәгері болып едім.

Дина Исабайқызы 2004 жы­лы 31 мамыр күні өмірден оз­ды. Факультет ұжымы профессор Д.И.Дулатованың есімін мәң­гі есте қалдыру мақсатында Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-дың Та­рих, археология және этно­ло­гия факультетінің бір оқу дәріс­ха­на­сын профессор Д.И.Дулатова есі­мімен атады. Факультеттегі Қазақстан тарихы кафедрасында жұмыс істейтін шәкірттері жыл сайын 100 мың теңге көлемінде «Профессор Д.И.Дулатова» атын­дағы атаулы шәкіртақы таға­йындап, оны факультеттің ең үздік оқитын және қоғамдық жұ­мыстарға белсене араласатын сту­дентіне тапсырады. Бұл дәс­түрдің қалыптасқанына он жылдай уақыт болды. 2016 жылы Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасы «Өнегелі өмір» сериясымен шыға­тын №74 шығарылымын профессор Д.И.Дулатоваға арнады.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы