• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Қаңтар, 2021

Меркілік кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау күтеді

738 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде Меркі ауданы сүт өнімдерін өңдеумен және өндірумен елімізге белгілі ауданның бірі. Мұнда өндірілетін ірімшік, айран, қаймақ сияқты өнімдерді еліміздің көптеген қалаларынан кездестіруге болады.

 

Ойтал ауылындағы бір ғана «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-нің өзінде жылына мыңдаған тонна сүт өңделіп, түрлі өнім шығарылады. Бұл өнімдер тек Жамбыл облысын ғана емес, соны­мен қатар Алматы, Қарағанды, Шымкент өңірлерін де қамтып отыр. Атал­ған зауыттың өндіріс қуаты 40 тон­наға дейін жетеді. Дегенмен бүгінде кәсіп­орын­ның 60-65 пайызы жұмыс істеп тұр. Сон­дай-ақ, мұн­да 127 адам жұмыс істей­ді. Серік­тес­­тік президенті Дастан Айтө­ленов­­тің ай­­туын­­ша, кәсіпорын қыс мез­гілін­де күні­­не 7-9 тонна, ал жаз айларында 25-35 тон­­­наға дейін сүт қабылдайды екен. Со­ны­­мен қатар ол сексен жылдан астам та­­ри­­хы бар өндіріс ошағында биыл жылы­на 7500 тоннаға дейін сүт өнімдерін қа­был­дау жоспарланғанын жеткізді.

Көненің көзі іспетті бұл зауытта 100 пайыз таза табиғи өнім өндіріледі. Талай уақыттан бері талмай жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын мүмкіндігін одан әрі арттыру үшін тиісті шаралар қабыл­дауда. Мәселен, мұнда өндіріс ор­ны­ның өз есебінен өткен жылы 66 млн теңгеге заманауи қондырғылар са­тып алыныпты. Италия, Германия сияқ­­ты мем­лекеттерден келген құрал-жаб­­дық­­тар бүгінде өз қуаттылығында жұ­мыс істеп тұр. Алайда мұндағы ең басты мә­селе – шикізат тапшылығы екен. Яғн­и ауданда сүт өткізетін адам аз. Ал атал­ған зауыт басшылығы сүт өнім­дері­нің аздығын аудандағы жайылым жер­лерінің жетіспеушілігімен байланыстырады. «Дұрыс жайылмаған сиыр қайдан сүт береді. Бізге ең әуелі сүттің сапасы керек. Өндірген өніміміз сапалы болмаса, біз нарық алаңынан шығып қаламыз. Бі­рін­ші кезекте осыны ескеру керек. Біз өнім өн­діру үшін құрғақ табиғи ашытқы түрлерін аламыз. Егер, шикізаттың құра­мы таза болмаса, ашытқының күші жетпей қалады. Одан кейін өнімнің сапасы төмендейді. Бүгінде кәсіпорын сүттің литрін майлылығы 3,6 пайызбен 120 теңгеден қабылдайды. Бірақ көбі жеке цехтарға апарып өткізеді. Олар литрін 150 теңгеден алады. Мен осы кәсіпорында жиырма жылдан бері жұмыс істеп келемін. Содан бері шикізат мәселесі шешілген жоқ. Дегенмен біз шикізат тап­шылығын жаңа өнім түрлерімен толық­тыруды ойлап отырмыз. Бұл ретте бал­мұздақ шығару жос­парда бар. Бұл үшін өткен жылы 21 млн теңгеге бал­мұздақ желісін сатып алдық», дейді Д.Айтөленов. Мәселен, әр тоқсан сайын Ресей «Меркі ірімшік зауы­ты­нан» 100 тонна қатты ірімшік сұрай­ды екен. Бірақ бұл сұранысты қанағат­тан­ды­ру үшін зауыт күніне 40-50 тонна сүт қа­былдау керек болады. Ал қазір шикі­зат­тың тапшылығынан бұл мүмкін болмай отыр.

Бұл күнде «Меркі ірімшік зауыты» кәсіпорны жоғары деңгейде жұмыс істеп келеді деуге болады. Бірақ бүгінгі нарық талабына сай зауыт ретінде мүмкіндікті одан әрі арттыру үшін мәселе қаржыға келіп тіреледі екен. Кәсіпорында шикізат тапшылығынан бөлек, тағы бір мәселе бар. Серіктестік президенті ол үшін 300-400 млн теңге көлемінде қаражат керек екенін, бірақ оны мемлекеттен көмек ретінде ала алмай отырғанын айтты. «Оның негізгі себебі – банк зауыттың на­рық­тық бағасын 100 млн теңгеге баға­лауда. Сондықтан біз көп мәселені шеше алмай келеміз. Мемлекеттен қомақ­ты қаржы алуға мүмкіндік болмай отыр. Осы мәселеге көмек болса. Әйтпесе, зауыт­тың өз бағасы бұдан әлдеқайда жоғары ғой. Бірақ басқа жағынан қолдау бар. Егер, мемлекеттен көмек болмаса, біз қатты ірімшік пен сары май түрлерін шығара алмайтын едік. Бұл мақсатта біз былтыр 165 млн теңге субсидия алдық», дейді Д.Айтөленов.

Дегенмен бүгінде кәсіпорын жұмыс­шы­лары­ның әлеуметтік жағдайына да қарайласып келеді екен. Мәселен, түскі ас­тың 70-75 пайызын зауыт төлейді. Сон­да әрбір жұмысшының қалтасынан түскі ас ішу үшін небәрі 100-110 теңге ғана шығады. Сондай-ақ карантин кезінде де қысқарту болмапты. Әрбір маман бүгінде өзінің орнында жұмыс атқаруда.

Жалпы, Меркі ауданында сүт өнім­дерін өңдеу жақсы жолға қойылған. «Мер­кі ірімшік зауыты» серіктестігінен бөлек, мұнда бірқатар шағын цехтар бар. Сондай-ақ үйінен ірімшік, құрт қай­на­тып, оны саудаға шығарып отырған кә­сіп иелері де жетерлік. Мұндағы біраз халық осылай күн көріп келеді деуге бола­ды. Бір ғана Ойтал ауылында осындай кәсіп­пен айналысып отырған 8 отбасы бар екен. Бұл ретте аудан әкімі Мейірхан Өмір­беков үйі­нен болса да сүт өңдеп, өнім шы­ға­рып отырған азаматтарды барынша қол­дай­тынын жеткізді. Дегенмен оларға бүгін­де мем­лекет тарапынан көмек қажет екен.

Мәселен, Аян Орманова сүт өнім­дерін өңдеу шаруашылығымен 4 жыл бойы ай­налысып келеді. Көп балалы ана «Атамекен» кәсіпкерлік палатасын­да оқып, 505 мың теңге несиеге қол жет­кіз­ген. Бұл қаражатқа құрт қайнататын станок сатып алған. «Станок сағатына 20 килоға дейін құрт шығарады. Сондай-ақ үйден ірімшік қайнатып, оны Тараз қала­сы­нан өзге Алматы, Шымкент, Ақтау қа­ла­ларына жіберіп отырамыз. Күн сайын 500-700 литр шамасында сүт алып, оны ұқсатуға шамамыз жетеді. Егер, сүт болып жатса бір күнде 100-120 кило ірім­шікке дейін шығарамыз. Енді бұл кәсіпті әрі қарай жетілдіру үшін бізге мемлекет тарапынан көмек болса, нақты айтсам, аз пайызбен несие берілсе деген тілегіміз бар», дейді А.Орманова.

Шынында да, Меркі ауданында сүт өңдеу шаруашылығымен айналысып отыр­ған жеке кәсіпкерлер көп. Бірақ оның бәрінің шамасы бірдей цех ашуға, зауыт салуға жете бермейді. Әрі ірімшік жасайтын арнайы құрал-жабдықтар да қымбат. Сондықтан да меркілік кәсіп­керлер кәсібін көркейту үшін мемлекеттен көмек сұрауда.

Ал ірімшік цехын үй жағдайында ашу үшін қандай талаптарды сақтау керек? Біздің бұл сауалымызға аудандық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақы­лау басқармасының басшысы Дильдаш Кударова жауап берді. «Сүт өнімдерін өндіру үшін қажетті аумағы бар үй-жайлар жиынтығы болуы қажет. Тамақ өндірісімен айналысатын нысандар сани­тарлық талапқа сай немесе сай еместігі туралы санитарлық-эпидемиялық қорытынды және есептік нөмір алуы керек. Тамақ өндірісімен айналысатын тұлға өнім технологиясының өндіру процесі, оны сақтау, тасымалдау және өткізу кезін­дегі талаптар техникалық регламент­ке сай болуын қадағалауға міндетті. Тамақ өндірісінде шығарылатын өнімнің қауіп­сіздігі үшін өндірістік бақылау болуы керек. Қуаттылығы аз цехтардың сүт өң­деу қауқары тәулігіне 3 тоннаға дейін, сани­тарлық қорғаныш аймағы кемінде 50 метр болуы керек», дейді басқарма басшысы.

Яғни мұның да өзіндік шарттары мен талаптары бар болып отыр. Бірақ қазір көп­теген кәсіпкер талаптарды тиісінше сақ­тап, үйлерінен ғана ірімшік жасап сатуға мәж­бүр. Ал кәсібін одан әрі жан­­д­анды­ра­йын десе, қаражат жағы қол­бай­лау болуда. Кезінде ірімшік шы­ғару­мен та­ныл­ған Мер­кі ауданында бұл үрдісті қайта жан­дан­дыруға әр тұрғын өзінше үлес қосуда. Тек бәріне бірдей қолдау жетпей тұр...

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы