• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 01 Ақпан, 2021

10 мыңыншы нөмірдегі олжалы белестер

415 рет
көрсетілді

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп кеткен Ахмет Байтұрсынұлынан асырып айтар сөз жоқ. Еліміздің бас басылымы, аға газет «Egemen Qazaqstan» – бұл ретте ел үнпарағы ғана емес, ұлт ұстыны, ұрпақ бағдары, ұлағат мінбері де дер едік. Газеттің бетінде жарық көрген әрбір мақала – өткен күндердің өшпес куәгерлеріндей қазақ жүріп өткен күрделі жолды, бір ғасырлық тарлан тарихты бедерлеп болашаққа бағыт көрсетіп тұр!

 

Өздеріңіз айқара ашып оқып отыр­ған­дарыңыздай, ға­сыр­дан астам тарихы бар «Егеменнің» 30 мыңыншы мерекелік нөмірі – біз үшін үл­кен белес, зор қуаныш.

Бұл басылым жалпы ұлт ұғымында тек мерзімді баспасөз құралы ғана емес, қазақ руханиятының, қазақ қоғамының, қазақ тағдырының, бір сөзбен айтқанда қазақ тарихының тұтас жүз жылдық жылнамасы, қасиетті қазақ сөз өнерінің іргелі қара шаңырағы деуге болады. Ұлттың рухани байлығын еселеуде «Еге­меннің» еккен дәні, төккен тері өлшеусіз. Оны көне мұрағаттардың шаң басқан сөрелеріндегі сарғайған газет парақ­тарының өздері-ақ айтады. Ескі тігін­ділерді түртіп қалсаң тыл­сым та­рих­қа тіл бітеді, замана зардап­тары айна-қатесіз қатталған газет архивін кө­терсек көп жұмбақтың сыры ақта­ры­лады.

«Egemen Qazaqstan» – тұтас жүз жыл­дың хатқа түскен боямасыз үлгісі. Біз­дің саяси ахуалымызды бүкпесіз баян­­дайтын бірден-бір әділ куәгер де, рухани деңгейіміз бен әлеуметтік әлеуе­тіміздің талғам таразысы да, түрлі фор­ма­циялардың түтегінен тәуел­сіз­дік­тің байсалды көшіне дейінгі тұрақты басылым да осынау газет.

Біз бүгін өздеріңізге осыдан тура 56 жыл бұрынғы 10 мыңыншы нөмір туралы айта отырып, газеттің қоғамдағы бас­ты қозғаушы күш екенін тағы бір мәрте тарқатқымыз келеді.

Сол кезеңде майдангер журналист Қасым Шәріповтің редакторлығымен жа­­рық көрген 10 мыңыншы нөмір бү­­­гінде біз үшін аса құнды жәдігер. Се­­­бебі, шыға бастағаннан бергі 35 жыл­­­дағы газеттің оң қадамдары осынау 10 мы­ңыншы нөмірде орайлы қоры­тын­дыланған. Қоғам жетістіктері, газет­ке атсалысқан айтулы қаламгер тұл­­ға­лар тура­лы көптеген ақпарат топ­тас­тырылған төрт беттік тарих талай сыр­­­ды ішіне үнсіз бүгіп жатқандай.

Әуелі газеттің беташар мақаласы туралы айтсақ дейміз. «10.000» деген тақырыппен берілген тап-тұйнақтай жазбада басылымның кешегісі мен ке­лешегі туралы сөз етілген, газеттің қо­ғам өміріндегі айрықша рөлі тура­­­­­лы баяндалады. Әрине, ол кезде Алаш арыстары ақталмаған, Орталық комитеттің түкірігі жерге түспей тұрған тар кезеңде көп шындықты көкірек ұрып айта алмағандығы газет тілшілерінің жазған әр мақаласынан сезіліп тұрады. Алайда қазақтың «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегеніндей, сол кезеңдегі сықиған «СҚ» мен бүгінгі ел газеті «Egemen Qazaqstan» аралығындағы адам айтса сенгісіз айырмашылықты аң­ғар­мау мүмкін емес. Аталған мақалада «Социалистік Қазақстанның» бүкіл тарихы Қазақстан партия ұйымының тарихы­мен тығыз байланысты екендігі айтылды.

Сондай-ақ бірінші бетте Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Указы­мен газет қызметкерлерін, тілші­лерін, авторларын грамоталармен марапаттағанын оқимыз. Марапат иеле­рінің қатарында есімі елге белгілі С.Мұқанов, К.Үсебаев, Қ.Шәріпов сынды қаламгерлердің есі­мін көреміз. Сәбит Мұқанұлының елеу­лі есімі газет бетінде тағы бірнеше рет кездеседі. Алдымен «Авторлар мен тіл­ші­лер» деген арнайы бағанда Сәбең­нің фотосуреті жарияланса, үшінші бетте «Қазақ мемлекеттік академиялық дра­­ма театры С.Мұқановтың «Шо­қан Уәлиханов» атты төрт актілі тарихи драмасы бойынша жасалған жаңа спектаклін көрсетті» деген хабар берілген.

Маңызды мәліметтердің тағы бірі – Мемлекеттік Третьяков галереясының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапат­тал­ғаны туралы ақпар. Арнайы марапат аталған галереяның жүз жылдық мерекесі құрметіне берілген екен.

Мерекелік нөмірде ерекше әсер еткен лебіз сипатындағы жазбалардың үздігі – жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Жорықтағы жолдасымыз» мақаласы. Жазушы сол кезде Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы ретінде жаз­ған жүрекжарды сөзінде «Социа­листік Қазақстаннның» әр қазақ баласы үшін орны ерекше екенін зор құрметпен атап жазады. Оқ пен оттың ортасында отырып «Социалистік Қазақстанда» жарық көрген Жамбыл Жабаевтың жа­лын­ды жырынан қуаттанған қазақ ұлдарының қайсар рухын қаламгер шебер суреттеп жазған. Кішкентай мақала­ның өзінен қай кезеңде де газеттің орны әрқашан ерекше екенін аңғаруға болады.

Одан кейін ақын Асқар Тоқмағам­бе­тов­тің де «Біздің мектеп» деген көлем­ді мақаласы газет өмірінен өзгеше сыр шер­теді. Аталған мақаланы оқып отыр­ған оқырман сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің осынау газетте корректор болып та еңбек еткенін оқып біледі. Сол сияқты Әбділдә Тәжібаевтың да «Со­циа­листік Қазақстанның» шекпе­ні­нен шыққанымен танысады. Оны автор А.Тоқмағамбетов: «Әбділдә Тәжібаев та газет сатып жүретін арық қара бала бола­тын. Ол өлеңдетіп:

«Бүгін газет шамалы,

Оқысаң ойдан кетпейді!

Тезірек сатып алмасаң,

Таусылып қалды, жетпейді», деп да­уыстайтыны әлі көз алдымда тұр», деп жазады.

Сондай-ақ бүгінде жазылмақ тұрмақ, анда-санда ғана айтылатын очерк жанрын осынау нөмірден оқуға болады. Оның авторы майдангер жазушы Кемел Тоқаев. «Үлкен жолда» деп аталатын очерк екі бетке беріліп, замана кел­бе­ті келісті кес­теленген. Сонымен қа­тар газет­тің төрін қос ақын Дихан Әбілев («Өмір сөйлейді») пен Жақан Сыздықовтың («Тілшімін») өлеңдері ажарландырып тұр.

Соңғы бетте де салмағын жоғалт­пай­тын сала – спорттан хабарлар беріліп отырыпты. Оның үстіне кезекті ақпарат емес бүгінде есімдері бүкіл қазаққа белгілі Шоқыр Бөлтекұлы мен Ескендір Хасановтың шымыр шәкірті – Әбдісалан Нұрмұханов туралы «Бірінші разрядты боксер» деген көлемді мақала. Авторы – С.Төребеков. Материал өте қызғылықты жа­­зыл­ған. Бірінші раз­­рядты тәжірибелі боксшы, Виталий Чер­нонокты жиырма жастағы жас Әбдіса­лан­ның қалай нокаутқа жібер­гені шебер баяндалған. Құдды бір қаншама ғасыр бойғы кеткен кекті шаршы алаңда Шоқырдың жиырмадағы жас шәкірті Әбдісалан алып бергендей әсермен жұтылып оқылады.

Қазақ тарихының қатталған қа­лың шежіресі – ел газеті «Egemen Qazaqstan». Жалпы қай уақытта болсын шынайы тарихты айту қиын іс. Әсіресе басы бұғауда, мойынынан бо­дандықтың қамыты қаншама жылдар бойы түспей келген тағдырлы ха­лықтың тарихы қилы-қилы болатыны белгілі. Ешқандай бұрмаланбаған бүкпесіз шындықтың боямасыз беттері бүгін 30 мыңыншы нөмірмен толығып отыр.

Тілімізге тірек, тарихымызға тұғыр – Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен орай­лас келген мерейлі мезетте газет ерте­ңі­не жарқын болашақ тілегіміз келеді.

Бас басылымның бай қазынасы, сөз салмағының құны арта берсін!