Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлік даярлық жоспары бойынша іс-шаралар жалғасуда. Оның бәрі елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуалды ескере отырып, барынша ұрыс жағдайына жақындатылып жүргізілуде.
Сонымен қатар COVID-19 індетінің әрі қарай таралуын жою жөнінде шаралар қабылдануда. Қарулы Күштерде сырқаттанудың өсуі төмендегені байқалады. Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қорғаныс ведомствосында өткен аппарат кеңесінде Қарулы Күштердегі эпидемияға қарсы ахуал туралы Бас әскери-медициналық басқарманың ақпаратын тыңдады.
Соңғы жеті тәулікте әскери қызметшілер арасында COVID-19 вирусын жұқтыру жағдайы өткен аптаға қарағанда 16%-ға төмендеді. Қарулы Күштердің екі ПТР-зертханасы базасында 800-ден астам диагностикалық зерттеу жүргізілді. Ақтау мен Семейде тағы екі жаңа медициналық зертхана кешенін өрістету бойынша шаралар қабылданды, оларды пайдалануға беру үшін қажетті құжаттар ресімделеді. «Қызыл аймақтағы» жеке құрамның кемінде 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауыстырылатын болады, бұқаралық іс-шаралар мен топтық сабақтар өткізуге тыйым салынады. Келісімшарт қызметінің әскери қызметшілері үшін мамандық бойынша оқыту бағдарламалары және үй жағдайында орындауға арналған дене жаттығуларының кешені әзірленді. Карантиннен шығу бойынша әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейін және оқу материалын меңгеру сапасын тексеру ұйымдастырылады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштер мен әскери бөлімшелердің басшылығына карантин режімін сақтау мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды, сондай-ақ таяудағы тоқсан ішінде елдегі эпидемиялық ахуалдың күрт шиеленісуіне жедел және барабар ден қоюды тапсырды.
Қорғаныс министрлігінде өткен аппараттық кеңесінде қысқы жағдай мен коронавирустың таралуы жауынгерлік даярлықтың жоспарланған іс-шараларын іске асыру қажеттілігін жоймайтынын, сонымен қатар оның барысы ұдайы назарға алынатынын атап өтті. Қазіргі уақытта базалық әскери буын – бөлімшелерді даярлау нақты атыс міндеттерін шешу мен әртүрлі ұрыс түрлеріндегі іс-қимылдар кезінде өзара іс-қимылдың үйлесімділігін жетілдіруге, бөлімшелер командирлерін өз бағыныстыларын басқаруға үйретуге, жеке құрамның далалық дағдысын жетілдіруге бағытталған.
Әскери атыс алаңдары мен оқу-тактикалық полигондарда ағымдағы дайындықтың соңғы кезеңінде дәстүр бойынша оқытуда пайдаланылатын қару-жарақтың барлық түрлерінен жауынгерлік атыс өтеді. Бұл ретте атыстардың кем дегенде 30%-ын өткізу тәуліктің түнгі уақытында жоспарланған.
Құбылмалы әскери-тактикалық жағдайларды ескере отырып, Қорғаныс министрі фортификациялық құрылыстар мен инженерлік позицияларды жабдықтау, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл элементтері бойынша сабақтар өткізу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Нұрлан Ермекбаев барлық деңгейдегі командалық құрамның назарын жаттығулар өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға аударды. «Дала сабақтарында жеке құрамның суық тигізіп алуы мен үсік шалу оқиғаларын болдырмау жайлы шаралар қабылдау қажет. Жылыну пункттерін ашып, әскери қызметшілерді жылы киім-кешекпен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету керек», деді ол.