Қай заманда болмасын адамзат тарихында ән өнерінің қоғамдық-идеялық, мәдени-эстетикалық маңызы айрықша болған. Адамның жан-дүниесі мен көңіл-күйін бейнелеуде сөйлеу тілі мен ырғағы сәт сайын өзгеріп, жаңарып, толқи дамыған, толастамаған. Жуырда қалың тыңдарманға жол тартқан «Ирина Кайратовна» рэп-группасының «5000» атты жаңа клипі бүгінгі қоғам шындығын бейнелеудегі мол мүмкіндігімен бірден еленді, есте қалды.
Клип атауы айтып тұрғандай «5 мыңда» көп дүниенің шешуі жатыр: көрімдік, туған күн, жол-полға ауызбастырық сынды елеусіз майда-шүйдеден басталған немқұрайдылық «Сен тиіспейтін зат бар, Ешкім түш.. ешкімге айтпа» деп ести тұра керең, көре тұра қасақана соқырлық танытатындарға астыртын үндеу тастайды. Туындыда Қазақстан тарихы мен саясатына, Қазақ хандығы дәуірінен бастап, Сталин мен Алаш Орданың қуғын-сүргіні, жемқор шенеуніктер, қала құтын қашырған LRT-ның аяқталмаған құрылыстары, карантин кезіндегі қысылтаяң шақтарда атылған мерекелік отшашу көрініс тапқан. Ұзағанда бүгін бар, ертең жоқ ұсақ-түйек бала-шағаның біреуі болар деп мән бермеуге тырысқанбыз, бірақ аз ғана уақытта 7 миллион рет қаралған клип таңданыс туғызған. Тіпті Болат Атабаев сынды өнер қайраткері де қызығушылық танытып жатты. Сонымен бүгінгі жастар арасында әйгілі болған топтың өнер жолындағы дамуын, жүріс-тұрысын аз-кем шолып шығуды жөн санадық.
Топ әу баста «Ирина Кайратовна» атауымен 2017 жылдан бастап youtube арнасында юмор, треш жанрында шағын шоулар түсіріп жүріп кең танылған. Әйел есімімен аталған группа атауы әзіл ретінде қойылған, есесіне команда Алдияр Жапарханов, Илья Гуменный, Жасұлан Оңғаров, Азамат Маркленов есімді төрт бірдей жігіттен құралған. Жоба режисссері – Қуаныш Бейсеков. Әрі музыкант әрі юморист жігіттер бүгінде әлеуметтік желілер арқылы жұмыстарын кең насихаттай отырып, жетекші мерекелік жиындарды да басқарып келеді.
Бастапқыда КВН командасында ойнап жүрген жігіттер Қазақстан құрамасы атынан Сочиге өнер көрсетуге аттанады, арасында әзіл-қалжың ретінде қысқа видеоларды түсіре бастайды. «Барлығымыз ЕҰУ қабырғасында оқып жүргенде таныстық. Курстың соңғы жылдарында жатақхана бермейтін сияқты жағдайлар болады ғой. Сондай кезде пәтер жалдап бірге тұрып, етене араласып кеттік. Шоуларды енді түсіре бастағанда ақысыз жұмыс істедік. Ол кезде астанада екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Үйде 15-20 адам жүреді. Есік сынып қалған, ашық-шашық жататын. Ешқашан миллиондап ақша тапсақ деп ойлаған жоқпыз, өзіміз жақсы көретін дүниемен айналыстық. Егер ортамызда біреу қандай да бір идея айтатын болса, қалғанымыз сөзсіз орындаймыз», дейді Алдияр Жапарханов. Олар өздері түсірген әзілдерді қоғамдық көліктерде көрсетуді ойластырғанмен, уақыт шектеулі болғандықтан мүмкін болмайды. Оқуды жаңа бітірген қалтасы жұқа жігіттер жобаны ерікті түрде іске асырып, достары мен таныстарының көмегіне жүгінген. «Жетінші шығарылымнан бастап Қуаныш барлығын өзі істеді. Өзі режиссер, өзі оператор, өзі продюссер. Бізде бары бір камера, бір петличка, бір монопод қана. Түсірілім жұмыстары үшін қонақ үйлерден рұқсат алу өте қиын еді, ал қазір жарыса шақырады. Үзілді-кесілді бас тартқан кездерде оларды көндіруге көп уақыт кететін», дейді баспасөзге берген бір сұхбатында. Иә, қысқа уақыт аралығында олар түсірген әзіл-сықақ тез тарап, «Ирина Кайратовна» аудиториясы Қазақстан ғана емес орыс тілінде сөйлейтін өзге елдерді де қамтып, тез таныла бастайды.
Әзіл-сықаққа негізделген сюжеттерден соң, ізденісте жүрген жігіттер рэп стилінде ән жазуды қолға алады. Өздері бұл бастамасының кәсіби деңгейге көтеріліп келе жатқанына ерекше қуанышты, ал тыңдармандар топтың бұл бағыттағы жұмыстарын да оң ықыласпен қабыл алды. «Кім білсін, біліктілігімізді шыңдай отырып, кәсіби деңгейге дейін көтерілерміз. Арнамызда және әлеуметтік желілерде одан да көп әндер болады. Содан кейін «Барыс Арена» стадионын толтыруға тырысамыз», деген музыкантар келешекке батыл жоспар құрады.
Қоғам мен адамның көзге ұрып тұрған кемшілігін сынау, мінін көрсету, күлдіре отырып ойға жетелеу сатираның міндетіне кірсе керек. Сатира десек ойымызға бірден оралатын Толымбек Әбірайымұлы сатираны – әдебиеттегі, өнердегі «оппозиция жанры» деп атапты. Осы ретте «Ирина Кайратовна» ұсынған әзілдерді жылы қабылдағандармен қатар, мағынасыз, жеңіл дүниелердің қатарына жатқызғандар да табылды. Десе де жігіттер түсірген шоуда бүгінгі беталысқа қатысты өзіндік үкім беру, ащы кекесінмен сынау, көңілділік пен күрсініс сәтті берілгенін айтқан жөн. Біздің командада бір-бірімізге деген өте сенімді көзқарас бар. Бұл сиқырлы, өте нәзік нәрсе», деген музыканттар кәсіби жағынан биік сапаға ұмтылатынын, тоқтап қалмайтынын жеткізді. Қарама-қайшылықтардың бірлігінен туындаған ішкі үн жастардың басын біріктірген мәдени жоба ретінде орын алып отыр. Ал бұл жайында айтылуы қажет!