Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеткілікті шектен асқан қаржыны алу бойынша уәкілетті операторлардан 60 079 өтініш келіп түскен. Оның басым бөлігі «Отбасы банк» арқылы жолданған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 25 қаңтар мен 1 ақпан аралығында 59 337 өтініш қабылданған.
БЖЗҚ-ның хабарлауынша, жалпы сомасы шамамен 240,5 млрд теңге болатын 43 737 өтініш өңдеуге қабылданған. Бұл келіп түскен өтініштердің 80 пайыздан астамын құрайды. Сондай-ақ 15 600 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндіктен қабылданбаған.
Екінші уәкілетті оператор – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан да өтініштер қабылдануда. Бес күн ішінде оператордан 742 өтініш келіп түскен. Оның 650-і өңдеуге қабылданып, 92 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмеді.
Осылайша, 25 қаңтар мен 1 ақпан аралығында БЖЗҚ 243,8 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 44 387 өтінішті өңдеуге қабылдады. Өтініштердің орташа сомасы шамамен 5,5 млн теңгеге тең.
Негізінен, өтінімдер (80 пайыз) алынатын соманы дұрыс көрсетпегендіктен қабылданбаған. Яғни сұратылған қаржы қолжетімді сомадан асып түскен. Екінші жағынан (19 пайыз) сома дұрыс көрсетілмегендіктен, өтінімдер қайта берілген. Сонымен қатар қордан жинақ ашпаған немесе бірреттік зейнетақы төлемін алуға құқығы жоқ адамдар да өтініш берген. Әлбетте, олардың өтініші қабылданбайды.
Қолжетімді сома туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.