• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Ақпан, 2021

БҰҰ назарында – қоршаған ортаға қамқорлық

496 рет
көрсетілді

Әлемді пандемия жайлаған тұста биоалуандылықты сақтау мен оның адамзаттың экономикалық дамуы мен саулығының өзара байланысы жайындағы мәселелер бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сарапшылар атап өткендей, БҰҰ бастамасы шеңберінде елімізде жүзеге асқан шараларға қарамастан, қоршаған ортаны қорғауға байланысты мәселелер әлі де жүйелікті, жан-жақты амалдарды қарастыруды қажет етеді.

 

Биологиялық алуандылықты сақтау мен тиімді пайдаланудың ұзақ мерзімді жоспары қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы­­на арнаған Жолдауында атап өткен болатын. Жуыр­да әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қа­зақстан БҰҰ-ның «Биоалуан­дылықты сақтаудың 10 жылдығы» бас­тамасын қо­ры­тындылады. Еліміз табиғи ресустарға аса бай десек, оның қатарында флораның 13 мыңнан, фаунаның 80 мыңнан астам түрлері тіркелген. Алайда жануарлар мен өсімдіктердің 670-тен астам түрі жойы­лып кетудің алдында тұр. Сарап­шылар «биоалуандылықтың» қата­рына жан­уар­лар мен өсімдіктер ғана емес, эко­жүйе, саңырауқұлақтар, микр­о­организм­дер, жәндіктер, тіпті жер­дегі алуан түрлі тір­шілік иелері де қосы­ла­тынын айтады. Ал сол ұлт­тық бай­лық­ты сақтап қалу мемлекеттер үшін маңызды.

БҰҰ бастамасын қолдай отырып, өт­кен он жылдықта Қазақстан Үкіметі орман­­дардың, таулардың, далалық жер­лер­дің, сулы-батпақты экожүйелердің алуан­дылықты сақтау бойынша бір­қатар заң­намалық бастама мен шараны ат­қарды. Биоалуандылықты сақ­тау мәсе­ле­лері аясында БҰҰ Даму бағ­дар­ла­масы (БҰҰ ДБ) көптеген жылдар бойы ел Үкіметінің сенімді серіктесі болып ке­леді. Жаһандық экологиялық қор­дың (ЖЭҚ) қаржылай қолдауымен, сон­дай-ақ Қазақстан Үкіметімен байланыс­ты гранттардың шеңберінде еліміздегі биоалуандылықты сақтау саласында 29 млн АҚШ долларына жуық 10 көлемді бастама жүзеге асты.

«Қазақстанда ерекше қорғалатын та­биғи аумақтар қатарының артқанын атап өткен жөн. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрудың себебі сиреп немесе жойылып кетудің алдында тұрған ортаның құлдырауы, ормандардың жойылуы, топырақ эрозиясы, өзен-көлдердің ластануы сияқты себеп-салдармен байланысты», дейді БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының менеджері Талғат Кертешев.

Әлемдік тәжірибеде ерекше қорғала­тын табиғи аумақтар алуандылықты сақ­таудың АҚШ, Аустралия, еуропалық және өзге де елдер қолданатын ең тиімді тәсілі саналады. Ормандарды жоюды тоқтатып, барлық аумағын қайта қалпына келтірген алғашқы елдердің бірі – Коста-Рика Рес­публикасы. Бүгінде ел аумағының төрт­тен бір бөлігі әлем туристерінің назарын аударған тропикалық жануарлар мен өсім­діктердің мекеніне айналған.

Қазақстан Үкіметінің жоспарына сәй­­кес былтыр ерекше қорғалатын та­би­ғи аумақтарды 9,4 пайызға жеткізу көз­дел­ген. Салыстырмалы түрде алғанда бұл көрсеткіш 2010 жылы 0,59 пайызды құ­раған болатын. Т.Кертешевтың ай­туын­ша, 2010-2020 жылдар аралығында БҰҰ ДБ бастамасымен және қолдауымен елімізде 7 жаңа ерекше қорғалатын та­би­ғи аумақ құрылған. Қорғалжын, Ала­көл қо­рық­тарының, Ырғыз-Торғай та­би­ғи резер­ватының, «Алтын Емел» ұлт­тық пар­кі­нің аумағы кеңейтілді. Эко­жүйелерді сақ­таудағы маңызды қа­дам «Ақжайық», «Алтын-Дала», «Іле-Бал­қаш» табиғи резе­ваттарының, Шығыс Қазақ­стан облы­сындағы «Оңтүстік Алтай» қорықша­сының, «Бұйратау», «Тар­бағатай» және Жоңғар-Алатау ұлт­тық саябағының құры­луы болып отыр. Осы­лайша, БҰҰ ДБ жо­ба­­ла­рының аясында 2,1 млн гектардан астам кұнды табиғи экожүйелер ерекше қор­­ға­латын табиғи аумақтар дәрежесін алды.

БҰҰ ДБ жобалары шеңберінде дала­лық және шөл экожүйелерін сақтау мақ­сатында алғаш рет Қазақстанда қара­құй­рық пен сайғақтардың көші-қон жол­дарын қорғау бастамасы жүзеге асты. 2,98 млн га аумақта бірегей киіктер – сайғақтардың көші-қон жолдарын, сондай-ақ төлдеуге пайдаланылатын аймақтарын қамтуға мүмкіндік беретін «Қапшағай-Балқаш» және «Ыр­ғыз-Торғай-Жыланшық» эко­логиялық дәліздері құрылды. Далалық эко­жүйелерді сақтау жобасы аясында Қазақ­станның ЕҚТА жүйесіне жаңа ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар Орта­лық Қазақстанда­ғы «Алтын дала» МТР және «Бұйратау» МҰТП қосылды. Жо­баның нәтижесінде қанат­қақты ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тардың мате­риалды-техникалық базасын нығайту, басқару-жоспарлау жұмыстары жүріп, қызметкерлер оқы­тылды. Жаңадан қорға­латын табиғи аумақ­тардың құрылуы бо­йынша қолға алынған шаралар дала жа­нуарларының түрлері мен санын сақ­тауға мүмкіндік берді.

«Еліміздің ұлттық парктері мен қо­рық­­тарының аумағында флораның ­5700-ден астам түрі көрсетілген, оның ішін­­де сирек кездесетін және эндемді өсім­діктердің 130 түрі, Қазақстанның «Қы­­зыл кітабына» енгізілген жануарлар­дың 130 түршесі бар. Кей бірегей түрлері әлем­дік игіліктер тізіміне кіреді. Ең ал­ды­мен, қар барысы, сайғақ, арқардың кей­­бір түршелері, ал өсімдіктерден – жа­­байы Сиверс алмасы, жауқазындар, ыл­­ғал сүйгіш шаған, жабысқақ немесе қара кандыағаш және тағы басқа ерекше қор­ғау­­ға мұқтаж», дейді БҰҰ ДБ ерекше қор­ға­латын табиғи аумақтарды басқару жүйе­сін жетілдіру жөніндегі сарапшысы Арай Белгібаева.

Көптеген түрі мемлекет қорғауын­да, бірақ қорғалмағандары да жетерлік, сон­дықтан ЕҚТА желісін дамыту және жаңа аумақтар қатарын кеңейту – еліміздің биоалуандылықты сақтаудың басты шарты болып отыр. ЕҚТА қызметін дұрыс ­жоспарлау ұзақ мерзімді тұтастай әрі іргелес аумақтың биоалуандылығын сақ­таудың негізі. ЕҚТА басқару жоспарларын әзір­леумен қатар, биоалуандылық пен тір­шілік ету орта­сының мониторингіне көп көңіл бөлінеді. Бұл экожүйелердің жай-кү­йін талдауға және түрлерді сақтау бо­йын­ша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сарапшылар Ұлттық биоалуандылықтың экономикалық құн­ды­­лығын есепке алуды енгізудің маңыз­­дылығы туралы айтты. Бұл көрсет­кіш­терді шешімдер қабылдау және мем­ле­кет­тік деңгейдегі заңнама кезінде ес­керу қажет. Экожүйелік қызметтерді эко­номи­калық бағалау елдің екі ЕҚТА-да жүр­­гізілді. Мысалы, Қарқаралы ұлттық пар­кінің алты экожүйелік қызметінің құ­нын 2013 жылы сарапшылар 86 млн доллар­дан астамға бағалады.

2016 жылы Алматы облысындағы «Іле-Балқаш» табиғи резерватының кей­бір жануарлар түрлері, дәрілік шөптер, сексеуіл және басқа да экожүйелері ре­сурс­тарының құндылығына бағалау жүр­гізілді, оның жалпы құны шамамен 26 млн АҚШ долларын құрады, осылайша Іле-Балқаш табиғи резерватының құрылуы осы аумақтың құндылығын арттыруға ықпал етті. Биоалуандылықты баға­лау­ды енгізу табиғатты қорғауға ғана емес, қа­былданатын шешімдердің салдарын ескеруге және қандай да бір әрекеттен болатын залалды болжауға көмектеседі.

Қазақстанның ерекше қорғалатын аумақ­­тарының халық, бизнес және ұлт­тық экономика үшін құндылығы жоғары. Олар жеке табыс табуға және жұмыс орында­рын құруға, мемлекетке пайда әкелу­ге мүмкіндік береді, яғни биоалуанды­лық­ты экономиканың ма­ңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Сондықтан табиғатты тиімді басқару үшін биоалуандылықты жоғалту факторларына қатысты шаралар қабылдау және оларды саясатпен, экономикалық ынталандырумен және қар­жылық шешімдермен байланыстыру қажет. Осылайша, 2013-2018 жылдары биоалуандылықты қаржыландыру бас­тамасы (БИОФИН) жобасын іске асыру барысында биоалуандылықты сақтау үрдістеріне ауқымды қаржылық талдау дайындалды, биоалуандылықты сақ­таудың қаржылық жоспары әзірленді, оған биоалуандылықты өтеу тетіктері, тұрақты орман шаруашылығын, балық аулауды, аң аулауды, органикалық ауыл шаруашылығын дамыту үшін салық­тық жеңілдіктер мен субсидиялар кіреді. Бұл тетіктер халықаралық деңгейде жаңа­­лық болмағанымен қазақстандық тәжі­рибеде алғаш рет қолданылуда. Қазақ­­станда биоалуандылықты қаржы­лан­дыру бастамасын іске асырудың екін­ші кезеңі 2019 жылдан бастап құ­қық­тық және әдіснамалық базаны құру, инс­ти­туционалдық және адами әле­ует­ті жақ­сарту, шешім қабылдайтын тұлға­лар­мен диалогтық платформаларды кеңейту бо­йынша жұмыс жүргізілуде.

Жалпы, «Биоалуандылықты сақтау­дың онжылдығы» шеңберінде БҰҰ ДБ жа­йылымдарды тұрақты басқару, суармалы егіншілік, орманды қалпына келтіру, тауарлы балық өсіруді дамыту және экотуризм саласында 40-қа жуық қанатқақты жоба іске асырылды.

Көптеген жылдар бойы БҰҰ ДБ Қа­зақ­­­стандағы биоалуандылықты сақ­тау және өңірлердің тұрақты дамуы шара­ла­рының бірі ретінде экологиялық ту­ризм­ді дамытуға да көп көңіл бөліп ке­леді. БҰҰ Даму бағдарламасын қол­дау дегеніміз – озық тәжірибелер мен жал­пы­ға танылған халықаралық стандарт­тарды ескере отырып экотуризмнің құ­қықтық негізін жетілдіруде экотуризмді сер­тификаттаудың ерікті жүйесін ен­гізу, басқару жоспарлары шеңберінде ұлт­тық парктерде экотуризмді жос­парлау мен басқаруды қамтамасыз ету, жер­гі­лікті қоғамдастықтардың әлеуе­тін қол­­­дау және дамыту, сондай-ақ турис­тік инфра­құрылымды дамытуға қол­дау көр­­сету. БҰҰ ДБ сарапшылары Қа­зақ­­­­­стан­мен тығыз әріптестікте ЕҚТА же­­лі­­­сін ке­ңейтуге, табиғатты қорғау қыз­­­меті саласын­да жаңа заңнамалық нор­­­­ма­­­лар жасауға, тау, дала, орман эко­жүйе­­­­лерін, су айдындарын жетілдіруді жал­­­ғас­тыруды көздейді. Сонымен бірге био­­­алуан­дылықты қаржы­ландырудың жаңа мүм­кіндіктерін енгізу, парниктік газ­ шы­ға­рындыларын азай­ту және кли­мат­тың өзгеруіне қарсы күрес мә­се­леле­рінде жәрдемдесуді жос­пар­лай­ды. Жаңа жобалар ең алдымен ауыл ша­руашы­лығын тұрақты дамы­туға, аг­рар­лық сек­тордың бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруға бағытталған.