Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті...»
Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс» деген еді.
Осы орайда айтпағымыз, 1931-1932 жылдары болған ақ мешін жылғы алапат аштық жайлы көп жазылып жүр. Ал Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы атап өткен 1921 – тауық жылы басталған аштық жайлы айтыла бермейді. Мемлекет басшысының аталмыш оқиғаны атап өтуі – ұлт тарихындағы ақтаңдықтарды ұрпақ жадында жаңғыртып, қазақ қоғамы алдында алғашқы аштықтың тарихи маңызын ашып көрсету екені анық.
Кеңес өкіметі орнап, Қазақ АКСР-і құрылған кезде болған бұл 1921-1922 жылдардағы ашаршылық Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезін де шарпып, халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырап, ашыққандар тамақ іздеп шет жаққа қарай босты. Сол кезде Ресейде Волга бойындағы халық та ашаршылық дәмін татып жатқан болатын. Еділ жағасындағы жерлерде, нақтылай айтқанда, Екатеринбург, Пермь, Пенза губерниялары мен Дон облыстары және Украинаның бірнеше аудандарындағы халық та зор аштық апатына ұшырады (Асылбек Ғ. Қазақ Республикасындағы аштықтың ауданы // Қызыл Қазақстан. – 1922. – № 4 14-б).
Республикамыздың батыс өңірінде мұндай нәубеттің орын алуына қызылдар мен ақтар арасындағы соғыс та кесірін тигізді. Ерсілі-қарсылы жүйткіген ақ пен қызылдың әскерлері жұрттың қолында бар шөп пен азықты тартып алып, халыққа қиянат жасады. Қарсыласқандарды атып тастау оқиғалары жиіледі (Қазақ Республикасында аштық ауданы // Қызыл Қазақстан, 1922. №7-8. 17-б).
Еліміздің батыс өңіріндегі аштық туралы ВЦИК-тің Түркістан жөніндегі арнайы комиссиясының мүшесі Сафаровтың сол кездегі қазақтың жағдайын баяндап, 1921 жылы тамыз айында Ленинге жазған хатында: «...қазақтарда ішер ас, киер киім жоқтықтан, үсті-басы лыпасыз қалған әйелдер жұрт көзіне түспей жасырынып жүр, адамдар аштан өлмеу үшін иттің етін жеп, балаларын сатуға мәжбүр болуда. Жергілікті басшының бәрі орыстар. Олар шовинистік пиғылмен уланған, баяғы отарлау ісін жалғастырушылар, – дейді (Жеңіс Марданұлы. Шежіре. Ертіс – Баянаула өңірі. – Павлодар. «Дауа», 1995. 1-кітап. 52-б).
Сол сияқты мына бір деректе: «Тамақ іздеп республикадан тысқары аймақтарға босқандардың жағдайы да күннен күнге ауырлай түсті. Қол жайып, қайыр тілеген ауыл балалары Ақтөбе қаласында үйреншікті көрініске айналды. Аштан қырылған сәбилердің мүрделері далада, қала көшелерінде шашылып жатты», делінсе (АОММ. Р-3-қ., 1-т. 615-іс. 16-п), алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай «Әуезов және Алаш» атты еңбегінде: «Ит пен мысықты ұрлап, сойып жеу, шын мәнінде, індетке айналды. Осынау «бір кесім ет үшін» бірінің жағасын бірі жыртқандар жыртылып айырылады. Қу құлқыны үшін бір хайуанның соңынан бірнеше адам жүгіріп бара жатады. Қалайда тірі қалудың қамын жасап, жансебілдікпен жанталасқан әлгі адамның өмірге құштарлығын түсіну үшін оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезіндегі қуанышын көрсеңіз ғой, аштықтың қасіретті сайқымазағын сонда түсінесіз. Жол жиегінде өліп жатқан, өліп бара жатқан адамдарға әлгі «жансебілдердің» өзі қарауға қорқады, өйткені келесі сәтте оның өзі де соның кебін құшуы мүмкін. Иә, ол да ғажап емес… Сотта бірде тұрақты түрде адамның етімен қоректенген үш адамның ісі қаралып жатса, келесіде адамның етін пұттап сатқанға үкім шығарып жатты. Міне, дәл осындай көріністен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудандық аштарға көмек комитетінің 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебінде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсіресе, толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердің етін жеп жатыр»деп жазған екен.
Халықтың басына түскен бұл нәубетке күйінген қазақ зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезов дабыл қаққан. Нәтижесінде, 1921 жылы 10 желтоқсан күні осы аштық мәселесі бойынша қазақтың оқығандары бас қосқан. Олар – Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Кенжин, Байтұрсынұлы, Байділдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игіліков, Қаржасов, Тұнғаншин, Біржаров, Оразбаева, Саматов, т.б.
Жиынды Әліби Жангелдин басқарып, күн тәртібіне қырда аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуді ұйымдастыру және қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту туралы екі мәселе қойылған. Нәтижесінде, аштықтан аман оңтүстік өңірдің тұрғындарынан ашыққандарға көмек ретінде 2 млн пұт астық жібертуге қол жеткізген.
Тіпті кейбір алаш қайраткерлері үкіметке қарап отырмай, халықты аштықтан құтқару үшін өздері білек сыбанып кіріскен. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытов бас болып, М.Дулатов, Қ.Сәтпаевтар Семей өңірінен мыңдаған сиыр жинап, Торғайға жаяу-жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Сөйтіп, елді аштықтан аман алып қалғаны жайлы білеміз.
Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ресми анықтамасы бойынша 1921-1922 жылғы нәубеттің салдарынан 1,5 миллион қазақ аштан қырылған десе, сол тұстағы Орта Азияның саяси жетекшілерінің бірі Г.Сародиев 1921 жылы 21 сәуірде жазған мәліметінде: «Қазақ даласында 1 млн астам қазақ большевиктік гугеноттардың құрбандығы болды» депті.
Осы аштық туралы Германияда жарық көрген «Форум» журналында 1 млн қазақтың аштықтан опат болғаны жайлы дерек бар («Форум» журналы, Мюнхен, № 4. 1983 ж).
1922 жылы аштыққа ұшыраған адамдар саны:
қаңтарда – 1 554 197,
ақпанда – 1 625 387,
наурызда – 1 719 234,
сәуірде – 2 286 486,
мамырда – 2 093 403,
маусымда – 2 019 475-ке жеткен екен (Отчет СТО КАССР за апрель-сентябрь 1922 г. Орынбор, 1922, 234-235 беттер).
Алаштанушы Тұрсын Жұртбай 1921-22 жылдардағы аштық жайлы Ақынжан Игенбаев атты зерттеушінің назарына ілінген «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қорытындысы» атты құжатты жариялап жүр. Осында келтірілген деректе: Қазақ автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштан өлген дейді. Айдалада қаңғып, жетім қалған балалардың саны: 1921 жылдың 1-31желтоқсан аралығында – 286-ға, 1922 жылдың қаңтар-наурыз аралығында – 741-ге жеткен депті.