• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Ақпан, 2021

Саңлақтар еркін самғады

350 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдарының басында қазақ жастарының қалың шоғыры шығып, спорттық ареналарда жасындай жарқырады. Алайда олардың барлығына КСРО құрамасы сапында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді дүбірлі додаларда өнер көрсету бақыты бұйырған жоқ. Себебі іштарлық танытқан мәскеулік мамандар өз өрендеріне сенім артты. Әр спорт түрінің тізгінін ұстаған бапкерлер өз қандастарының көмегіне жүгінді. Тек тәуеліздікке қолымыз жеткеннен кейін ғана жолымыз ашылып, қазақстандық спортшылардың тасы өрге домалады. Осы сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегідей деректерге жүгінуді жөн көріп отырмыз.

Әңгімемізді боксшылардан бастайық. 1992 жылы Барселонада алауы тұтанған Олимпия ойындарына Қазақстанның төрт боксшысы аттанды. Олар – Болат Жұмаділов (48 кило), Болат Теміров (51 кило), Аркадий Топаев (71 кило) және Николай Кульпин (+91 кило). Алайда КСРО құрамасы Пиреней түбегіне табан тіреген бетте қос Болаттың шаршы алаңға шықпайтыны белгілі болды. Жұмаділовті Владимир Ганченко, Теміровті Анатолий Филиппов алмастырды. Алайда екеуі де алғашқы айналымнан аса алған жоқ. Алғашқысы мажарстандық Пал Лакотоштан, екіншісі алжирлық Ясин Шейхтен ұтылды. Бір айта кетерлігі, Филиппов Теміровтен әлдеқайда осал еді. Ал Жұмаділов Ганченконы да, Лакотошты да сан мәрте сабаған. Осыны бапкерлер қаперге алмады.

Барселона Олимпиадасына немесе сол кездері өткен әлемдік додаға қатысуға жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, басқа да гүрзі жұдырықты жігіттеріміз лайық еді. Мәселен, 1991 жылы Минскіде алауы тұтанған КСРО халықтары спартакиадасында Болат Теміров (51 кило), Қанатбек Шағатаев (71 кило) және Николай Кульпин (+91 кило) бас жүлдені олжаласа, Мереке Жүсіпов (54 кило) пен Нұржан Сманов (67 кило) күміс алды. 1991 жылы Қазанда ұйымдастырылған Кеңес Одағы чемпионатында Болат Теміров теңдессіз деп танылса, Бектас Әбубәкіров (48 кило), Мереке Жүсіпов (54 кило), Кәміл Хабибрахманов (75 кило) және Игорь Шишкин (91 кило) финалға шықты. 1992 жылы Тамбовта өткен ТМД біріншілігінде Қазақстанның төрт боксшысы алтын тұғырға көтерілді. Олар – Болат Жұмаділов, Болат Теміров, Кәміл Хабибрахманов және Михаил Юрченко (+91 кило). Тағы бесеуі ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ұтылды. Олар – Сұлтан Әбдіразақов (48 кило), Бектас Әбубәкіров (51 кило), Мереке Жүсіпов, Аркадий Топаев және Николай Кульпин. Олардан бөлек, қола медальді мойындарына ілген жерлестеріміз жетерлік.

Осындай орасан зор табыстарға қарамастан 1991 жылы Сиднейдегі әлем чемпионатына Қазақстанның бірде-бір былғары қолғап шебері қатысқан жоқ. Ал Барселона Олимпиадасында небары екі жерлесіміз ғана бақ сынады. Есесіне тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ боксының жұлдызы жарқырай жанды. Жоғарыда есімдері аталған Болат Жұмаділов қос бірдей Олимпиадада күміс алып, әлем чемпионы атанды. Аркадий Топаев әлем кубогын олжалады. Нұржан Сманов пен Қанатбек Шағатаев Азия ойындары мен Азия чемпионатында топ жарды. Одақ тұсында көлеңкеде қалып жүрген Ермахан Ибрайымов, Болат Ниязымбетов және тағы басқа қандастарымыздың асығы алшысынан түсті.

Грек-рим күресінен де табысымыз қомақты болды. Дара туған Дәулет Тұрлы­хановты (74 кило, 82 кило) «тұсаулайтын» ешкім табылмады. Сол себепті де ол байрақты бәсекелердің барлығына үзбей қатысты. Алаштың мақтан тұтар азаматының қол жеткізген табыстары да орасан зор. Ал өзгелер ше? 1991 жылы Запорожьеде өткен КСРО халықтары спартакиадасында Тұрлыхановтан бөлек, Есенкелді Батырғарин (48 кило) мен Бисольт Дециев (74 кило) теңдессіз деп танылса, Бақтияр Байсейітов (74 кило) пен Сергей Матвиенко (90 кило) күміс медальді иеленді. Бұл балуандар КСРО чемпионаттарында да жүлде алып жүрді. Бірақ Дәулеттен басқалары Кеңес Одағы дәуірінде тасада қалып қойды.

Тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін Бақтияр Байсейітовтің бағы жанды. Қазақтың нар тұлғалы ұлы әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Сергей Матвиенко Азиаданы ұтты, құрлық біріншілігінде төрт рет дара шықты. 20 жасында Одақ көлеміндегі жарыстарда оза шапқан Есенкелді Батырғариннің де келешегі жарқын болуға тиіс еді. Тіптен, оған ешкімнің де күмәні жоқ еді. Алайда асқан талант иесі нағыз кемелдеген шағында жарық дүниемен қош айтысты. 

Еркін күрес шеберлері арасынан Мәу­лен Мамыровты (52 кило) бөле-жара атауға болады. Тоқсаныншы жыл­дар­дың басында КСРО халықтары спар­та­киа­дасында күміс және КСРО мен ТМД бірін­шіліктерінде қола медальды иеленіп, Одақ кубогының иегері атан­ған алтын асықтай ұлымыз Барселона Олим­пиадасы қарсаңында нағыз бабында еді. Бірақ оған да төртжылдықтың бас­ты додасында боз кілемге шығу бақыты бұйырмады. Есесіне Қазақстан ұлттық құрамасының туы астында Атланта Олим­пиадасы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңім­пазы, Азия чемпионы, Шығыс Азия және Орталық Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азия кубогының төрт дүркін иегері атанды. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәулен «Сонда Барселона Олимпиадасына баруға еш мүмкіндігіңіз болмады ма?» деген сауалға «Елеулі табыстарға қол жеткізгеннен кейін КСРО-ның бас командасына қабылдандым. Ол кезде 52 кило салмақ дәрежесінің тізгінін Сеул Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионы Владимир Тогузов ұстап тұрған. 1991 жылы Запорожьедегі КСРО халықтары Спартакиадасы мен 1992 жылы Мәскеудегі ТМД чемпионатында ол бас жүлдені олжалады. Сондықтан да таңдау Тогузовқа түсті», деп жауап қайырды.

1983-1990 жылдар аралығында Ана­то­лий Храпатый Еуропа және әлем чем­пио­наттарын бес реттен ұтып, КСРО чем­пионатында төрт және КСРО халық­тары спартакиадасында екі мәрте жеңім­паз атанды. Сеул Олимпиадасында қар­сы­лас шақ келтірмеді. Талай рет дүние­жүзілік рекордты жаңартты. Соған қара­мастан қазақстандық зілтемірші Барсе­лона Олимпиадасынан шет қалды. Құра­ма бапкерлерінің таңдауы Кахи Кахиаш­вилиге түсті. Сөз жоқ, Қап тауының қы­раны артылған сенімді ақтап, бас жүлде­ні олжалады. «Ал егер сол жарыста Храпа­тый күш сынасқанда қалай болар еді?» деген сауал туындаса, оған айтар жауабымыз дайын: Анатолийдің алтын тұғырдан қол бұлғайтыны анық! Оған ешкімнің күмәні болмауға тиіс.

Су добынан КСРО құрамасы Бар­селона Олимпиадасында қола медальді иеленді. Сол команда сапында өзгелерді айтпағанда, Асқар Оразалинов пен Нұрлан Меңдіғалиев сынды саңлақтар болуға тиіс еді. Бірақ мәскеулік мамандар тағы іштарлық танытты. Кейіннен Асқар Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанып, ұзақ жылдар бойы отандық ватерполды өрге сүйреді. Олимпиада мен әлем чемпионаттарына қатысты. Нұрланның да қоржынында Сеул Олимпиадасының қоласы, әлем чемпионатының, Еуропа біріншіліктерінің, Азиаданың алтындары бар. Міне, бұл да тәуелсіздіктің арқасы. Ел егемендік алғаннан кейін саңлақтарымыздың еркін самғауына жол ашылды!