Алыс аудандарда медицина саласы дамығанда, мұндай оқиға орын алмас па еді?! Ақпанның ақ түтек боранында Үржар ауданынан науқасты Семейге жеткізіп, келесі күні кері қайтқан медицина қызметкерлері жол апатына түсті. Өкініштісі сол, ақ халаттылардың екеуі оқиға орнында көз жұмды.
Сондағы санаға сақ етіп келген ой – адам өміріне араша түсетін медицина саласы шекара шебінде жатқан ауданда қауқарсыз ба? Науқастарды салдырлатып, сонау 600 шақырым шалғайдағы Үржардан облыс орталығына немесе Семейге жеткізу қиынға соқпай ма? Күн райы қолайсыз болды дегеннің өзінде жолдың жай-күйі қалай?
Алдымен орын алған қайғылы оқиғаға тоқталайық. Ақпанның 3-і күні кешкі сағат 19:30 шамасында, тіркемесі бар «DAF» жүк көлігінің 29 жастағы жүргізушісі қолайсыз ауа райына байланысты тізгінге ие бола алмай, қарсы келе жатқан жедел жәрдем автомобилімен соқтығысқан. 44 жастағы жедел жәрдемнің жүргізушісі ауыр халде ауруханаға жеткізілсе, анестезиолог дәрігер Болат Әділханов пен жоғары санатты хирург Бейбіт Ғабдулин оқиға орнында қайтыс болды. Екеуінің де соңында шырылдап бала-шағасы қалды. Ауыр қазаға байланысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәрігерлердің отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігі ұжымының атынан және өз атымнан Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасында қаза тапқан жедел жәрдем қызметінің дәрігері мен фельдшерінің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Бұл трагедия дәрігер болудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Ауа райының қолайсыздығына, жұмыстың ауырлығына, шаршағанына қарамастан, дәрігерлер өз кәсібін қашанда адал атқарады. Қайғылы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болып отыр» деп жазды ведомство басшысы өзінің әлеуметтік парақшасында.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар сот сараптамалары да тағайындалды. Белгілі болғандай, жедел медициналық жәрдем көлігі «қан кетіп» жатқан әйелді Үржар ауданынан Семей қаласына жеткізіп, қайтып бара жатқан жолда апатқа ұшыраған. «Әттеген-ай» деп ауданның ауруханасына хабарласқанымызда, науқасты аман алып қалу үшін әр минут маңызды болғанын айтты.
– Біз қалалық дәрігерлермен үнемі кеңесіп отырамыз. Осы жолы да консилиум болып, операциядан кейін асқазан-ішек жолдарынан қан кеткен науқасты Семейге апаратын болып шештік. Өйткені диагнозы түсініксіз еді. Дәрігерлеріміз науқас әйелді қалалық ауруханаға аман-есен жеткізіп, қайтар жолда қайғылы жағдайға ұшырады, – деді Үржар аудандық ауруханасы емдеу ісі бойынша дәрігердің орынбасары Әсел Қабдолова.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деп басу айтады мұндайда. Иә, аудан басшылығы көз жұмған дәрігерлердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсететілтінін де хабардар етті. Алайда бала-шағаларына асқар таудай әкелерін қайтара алмайды. Өзекті өкініш өртемеуі үшін аудандардың медицина сапасын қалалық жермен теңестіру керек. Демек, адам өмірін сақтап қалуға ең қажетті медициналық құрылғылар мен білікті мамандар ауданға да тартылу керек екені әркімге түсінікті. «Қайғылы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болып отыр» деген А.Цой да соны меңзесе керек. Егер бүгін-ертең денсаулық сақтау саласына шынайы көңіл бөлінбейтіндей болса, шұрық-тесігінен аяқ сындыратын жолды мерзімінде аяқтау керек еді. Естеріңізде болса, Премьер-Министр Асқар Мамин Шығысқа келген сапарында, 415 шақырымға созылып жатқан Қалбатау – Майқапшағай тас жолындағы күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы аяқталуы керектігін айтқан. Жылжып жыл өтті. Шұңқырлары қазандай жол әлі жатыр. Әрине, жол үстінде техникалар жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүр. Бірақ Премьер-Министр айтқан уақыттан кешікті.
Ал Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Қадірұлының айтуынша, ауданда медициналық құрылғылар, дәрігерлер толығымен жеткілікті. Биыл компьютерлік томография қойылды, ауруханалар 5 жедел жәрдем көлігімен қамтылды, Мақаншыдағы тубдиспансер 30 адамға лайықталып, инфекциялық аурухана етіп қайта жабдықталды. Үржар мен Мақаншыға кислород беретін үлкен аппараттар орнатылып, трассалары тартылды.
Дей тұрғанмен, ауданның денсаулық сақтау саласында күрмеуі қиын мәселелер көп сияқты. Өткенге оралсақ, 2018 жылы Шолпан ауылында қырықтан астам бала «А» гепатитіне шалдығып, 6-сынып оқушысы көз жұмған болатын. Сол уақытта дәрігерлер амбулаториялық қызметті ақылы көрсеткені де анықталып, жұрттың жағасын ұстатқан. Қайғылы оқиғаның соңы – бас дәрігердің жұмыстан босатылуымен аяқталды. Қош делік. Үржар аудандық орталық ауруханасының ұжымы қазіргі басшы Баубек Әбілқасымовпен де жұмыс істесе алмайтынын айтып жүр. Естеріңізде болса, оннан астам ақ халаттылар бас дәрігердің жұмыстан босатылуын сұрап, әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу таратқан. Олардың ішінде кешегі апатта көз жұмған Бейбіт Ғабдулин де бар еді.
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, бас дәрігер қол астындағы қызметкерлердің есепшотына ақша аударып, әлдебір комиссияны күтуге жұмсаған көрінеді. Ауылдардағы учаскелік дәрігерлердің мәселесі шаш етектен сияқты. Білімді жас мамандардың жұмыс істеуіне де кесе-көлденең тұрып, кедергі келтіреді екен. Сөзіміз дәлелді болсын деп, аудандық аурухана дәрігерлерімен сөйлесіп те көрдік. Олар жоғарыда аталған мәселенің барын жоққа шығармады. Бірақ ақылдасып барып үн қатайық десті. Сөз соңында, көтерілген мәселені аяқсыз қалдырмай, Үкіметке жетсе екен деген тілектерін айтты. Ендеше, бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы