Батыс Қазақстан облысы еліміздің қиыр батысында Ресей Федерациясының бес облысымен шектесіп жатыр. Жайық бойын жалпақ жайлаған жасампаз жұрт ежелгі Алтын Орда, Ноғайлы, Қазақ хандығы жерінің асыл топырағында отырғанымен, өңірде кейінгі ғасырлардың отарлық ізі – орыстанған атаулар жетерлік.
Мемлекеттік шекара сызығынан өткен адам тәуелсіз Қазақстан Республикасының табалдырығынан аттағанын айқын сезінуі керек. Бұл жерде көзге түсетін ең басты көрнекі құрал – жер-су, елді мекен атаулары болса керек.
«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында.
Әрине, тәуелсіздікті тұғырлы ету шаралары, соның ішінде ономастика саласындағы оң өзгерістер де аз болған жоқ.
– Егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бастап бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 аудан, 95 елді мекен, 1726 көшенің атауы өзгертілді. Бұл өзгерістің бәрі жергілікті халық пен қоғамдық пікірді ескере отырып, Қазақстан Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясы және облыстық ономастика комиссиясының қорытындылары негізінде жасалды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева.
Бұл жұмыстар барынша сапалы, ғылыми негізде жүруі үшін оған ғалымдар, мамандар тартылған. Осылайша облыс аумағында топонимикалық зерттеулер жүргізу арқылы елді мекендер, географиялық нысандар туралы ақпараттарды жинау және жүйелеу мақсатында «Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарының тарихи топонимикасы» атты жобасы жүзеге асырылып, кітап жарық көріпті.
Шыңғырлаудың үлгісі
Өңірде елді мекендердің тарихи атауын қайтару, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту ісін өте сәтті жүргізген аудандар бар. Мысалы, Тәуелсіздік алғанға дейін Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы халқының тең жарымы өзге ұлт өкілдері болған еді. Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектесіп жатқан өңірге Столыпин реформасы кезінде қарашекпендер көп келген. Орыстандырудың тағы бір толқыны тың игеру тұсында болды. Сөйтіп, кезінде хан жайлаған қазақтың тарихи топырағы орыстанған өңірге айналып кете жаздаған. Бірақ Тәуелсіздік таңы атқалы жағдай өзгерді. Халықтың санасы жаңғырды. Бүгінде аудан халқының 90%-ы – жергілікті ұлт өкілдері. Кезінде Лебедовка, Константиновка, Новопетровка, Полтавка, Лубенка аталған елді мекендер түгелімен тарихи атауын қайтарып алды. Бұл ауданда ұлттық танымды, тарихи сананы жаңғыртуға арналған жұмыс жүйелі жүргізілгенін көрсетеді. Содан да болар, 2018 жылы «өңірдің ономастикалық келбетін ұлттық танымға сәйкестендіру жұмысын белсенді жүргізген «Үздік аудан әкімі» сыйлығын Шыңғырлау ауданының сол кездегі әкімі Альберт Есалиев алған болатын.
Бөрліде оң өзгеріс бар
Қазыналы Қарашығанағы бар Бөрлі ауданы да кезінде әбден орыстанған өңірдің бірі болатын. Бүгінде ауылдардың көбі тарихи атауын қайта алды. Қазіргі таңда аудандағы 13 ауылдық округтің 10-ының атауы – мемлекеттік тілде. Олардың ішінде Бумакөл, Масайтөбе, Жарсуат, Қарағанды, Кеңтүбек, Бақтыарал сынды дәстүрлі атаулар құлаққа жылы тиеді.
– Ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңарту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 ақпанда берген тапсырмасы бар. Соған сәйкес, 2019 жылы халықтың пікірін ескере отырып ауылдық округ әкімдерінің ұсынысы негізінде ауданда 1 ауылдық округ пен 3 ауыл атауын өзгертуге шешім алғанбыз. Бұл ұсыныс республикалық деңгейде қолдау тапты. Сөйтіп, 2020 жылы Бөрлі ауданының Киров ауылы – Қарағанды, Тихонов ауылы – Қарақұдық, Александров ауылы – Достық атауына өзгертілді. Александров ауылдық округі – Достық ауылдық округі деп аталатын болды, –дейді Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев.
Бұдан бөлек, 2019 жылы Бумакөл ауылдық округінің 5 көшесі, Бөрлі ауылдық округінің 5 көшесі, Ақсай қаласының 25 көшесі, Жарсуат ауылдық округіне қарасты Қарашығанақ ауылының 1 көшесі қайта аталған. Бөрлі ауданы бойынша жалпы білім беретін 3 орта мектеп те тәуелсіз еліміздің тарихи тұлғаларының есімін иеленіпті. Алпамыс Жаңабайұлының айтуынша, алдағы уақытта Бөрлі ауданының Успен ауылдық округі атауын өзгерту жоспарланып отыр екен.
Теректіге тың серпін керек
Жайықтың сол жағалауын алып, жүздеген шақырымға созылып жатқан Теректі ауданы да – тарихы терең өңірдің бірі. Басқаны айтпағанда, Кіші жүздің билеушісі болған Айшуақ хан Әбілқайыр хан ұлы мен Жантөре хан Айшуақ хан ұлы зираттары дәл осы ауданда жатыр.
Дегенмен, 15 ауылдық округі, 49 елді мекені бар үлкен ауданға ономастика саласында тың серпіліс керек-ақ. 2010-2020 жылдар аралығында ауданда төрт-ақ ауылдың атауы өзгеріпті. Атап айтсақ, Подхоз ауылы – Ыждағат, Донецк ауылы – Тақсай, Социализм ауылы – Кемер, Новая жизнь – Жаңа өмір ауылы атанған. Соңғы жылдары түрленіп дамып, тұрғындары көбейіп келе жатқан аудан орталығының өзі әлі ХХ ғасыр басындағы переселендердің қонысы – Федоровка атын иеленіп тұр. Одан бөлек, Покатиловка, Долинный, Подстепное, Новопавловка, Приречное, Богдановка, Придорожное, Магистральное, Юбилейное, т.с.с. ауылдардың атауынан «тіл сынады». Бір тәуірі, елді мекендердің ішіндегі көшелер бойынша біраз жұмыс жасалған. Тәуелсіздік жылдары Теректі ауданындағы елді мекендерде 314 көшенің атауы өзгертіліпті. Жаңа атаулардың ішінен Абай, Сырым батыр, Бауыржан Момышұлы, Алашорда, Желтоқсан сынды жүрекке жылы тиетін атауларды көріп, қуанып қалдық.
– Ономастика саласындағы жұмыстар біздің ауданда кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан бойынша 11 елді мекеннің атауын өзгерту жоспарланған. Ауыстырғалы отырған елді мекендердің тарихи атауын анықтау бойынша жұмыс тобы құрылып, арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Армат Исанов.
Бәйтеректе де жұмыс көп
Батыс Қазақстан облысының солтүстік шекарасын бойлай орналасқан Бәйтерек ауданы – Ресеймен екі арадағы бас қақпа деуге болады. Өйткені екі ел шекарасындағы ең үлкен кеден бекеті – осы аудан аумағында.
Аумағы 7,4 мың шаршы шақырым, 22 ауылдық округі, оның ішінде 68 елді мекені бар үлкен аудан 2018 жылға дейін Зеленов аталып келді. 2020 жылы 5 елді мекеннің атауы ауысты. Владимировка – Ақсу, Озерный – Болашақ, Факел – Жалын, Красный свет – Ақ бидай, Чесноков – Алмалы болып өзгертілді. Алайда Бәйтерек ауданында ономастика саласында атқарылар жұмыс әлі көп. Өңірде барлығы 68 елді мекен болса, соның 19-ы ғана қазіргі заманға сай атауды иеленген.
– Осы жылдың басында аудандағы ономастика мәселесіне байланысты арнайы жиналыс өтті. Жалпы бұл жұмыс күн тәртібінен түскен емес. Қазір түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен есептік кездесуі кезінде де жергілікті ақсақалдар тарапынан «Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ауылдарымыздың атауы егемендікке сай болуын қалаймыз» деген ұсыныстар түсуде. Әрине, барлық өзгеріс заңға сай жасалуы тиіс. Пандемияға байланысты карантин талаптары алынса, бұл тараптағы жұмыстар да алдымен қолға алынары сөзсіз, – дейді Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Нұржан Дүзбатыр.
Тіл басқармасының тізімі
Жер планетасына «кіндігі» байлаулы Ай сияқты, Орал қаласының да айналасында ажырамас бірнеше «серігі» бар. Атаулары да Желаево, Зачаганск, Селекционный, Круглоозерный болып келеді. Облыс орталығының өзі де қазақ тілінде – Орал, орысша – Уральск болып құбылады. Мұның өзі елімізде қабылданған заң талабына қайшы.
Өңірдегі ономастикалық жұмысты үйлестіріп, заңға сәйкес өзгеруін Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы қадағалайды. Біз бұл мекемеден идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан елді мекен атауларын сұратқан едік.
Ақжайық ауданында: Чапаев (аудан орталығы), Бударин, Коловертное;
Бәйтерек ауданында: Переметный (аудан орталығы), Горбунов, Кожевников, Павлов, Погодаев, Астафьев, Котельников, Чапурин, Мичурин, Зеленое, Октябрь, Трекин, Володарское, Новенькое, Дарьинск, Озерное, Забродин, Поливное, Калинин, Колесов, Карпов, Таловая, Железнов, Новенький, Гремячий, Янайкин, Скворкин, Богатск, Щапов, Январцев, Петров, Чинарев, Кирсанов, Балабанов, Чиров, Красный Урал, Чувашка, Чеботарев, Хамино, Макаров, Мирное, Садовое, Красноармейское, Спартак, Раздольный, Рубежин;
Бөрлі ауданында: Пугачев, Пепел, Совхоз №7, Приурал, Облавка, Утвин, Димитрово, Успен;
Теректі ауданында: Федоровка (аудан орталығы), Магистральное, Пойма, Богдановка, Придорожное, Долинный, Новопавловка, Подстепное, Юбилейный, Покатиловка, Приречное;
Орал қаласында: Ветелки, Белая казарма, Кордон, Ливкино, Маштаково, Новостройка, Меловые горки, Рыбкомбинат, Серебряково.
Бұл елді мекендерде негізінен жергілікті ұлт өкілдері тұрады. Көп жағдайда халық өзгеріске әзір. Мұны жақында Ветелки ауылының азаматтарымен кездескенде байқадық.
Ақжайық облысы?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз» деген болатын.
Осы мақаладан кейін Батыс Қазақстан облысы тұрғындары да бір серпіліп қалды. Өйткені ел ішінде Батыс Қазақстан облысын бейресми түрде – Ақ- жайық өңірі деп атай береді. Бұл осы елге күре тамырдай нәр беріп, облысты қақ жарып ағатын айналайын Ақжайық өзеніне құрмет. Баһадүр Әбілқайыр хан айтты дейтін: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды» деген сөз де талайдың есінде. Бірақ мұндай өзгеріс Мемлекет басшысы айтқандай, халықпен ақылдасып, байыппен жасалатын дүние.
Батыс Қазақстан облысы