• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 11 Ақпан, 2021

Күн сөздігі: Матильда эффектісі

654 рет
көрсетілді

Матильда эффектісі – әйелдердің ғылымға қосқан үлесін жүйелі түрде жоққа шығару, олардың жұмысының құнын төмендету және әйелдердің атқарған жұмысын әріптес ерлердің иеленуі.

Бұл эффект жайында алғаш рет Джоселин Гейдж (1826-1898) өзінің «Әйел өнертапқыш ретінде» атты очеркінде сипаттаған. Ал «Матильда эффектісі» терминін 1993 жылы тарихшы Маргарет В.Росситер енгізген. Мұндай шеттетуге ұшырағандардың бірі физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел, көрнекті ғалым Мария Склодовская-Кюри (1867-1934). Ол үміткерлер қатарына Нобель сыйлығы комитетінің мүшесі, швед математигі Магнус Гёста Миттаг-Леффлер мен күйеуі Пьер Кюридің өтінішімен ғана енгізілді. Мария Склодовская-Кюри ешқашан Франция ғылым академиясына қабылданбаған. 1960 жылдардың аяғында Джоселин Белл Бернелл алғашқы радиопульсарларды ашқан еді. Аталған жаңалық үшін 1974 жылы физика саласындағы Нобель сыйлығы оның жетекшісі Энтони Хьюиш пен Мартин Райлға беріліп, Джоселин Бернелл есімі ұмытылды.

Бірақ жас ғалымның Нобель сыйлығынан шығарылуын Фред Хойл сынды танымал астрономдар сынға алды.

1991-2005 жылдардағы мыңнан астам ғылыми жарияланымдарды талдаудың негізінде, ер ғалымдар әйелдерге қарағанда ер авторлардың жарияланымдарынан жиі дерек келтіретіндігі анықталған.