Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар маңызды заң жобасы талқыланды. Депутаттар «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Заң жобасына сәйкес қазақстандық дипломаттарға қызметке кіру кезінде қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді олар мемлекеттік тілмен қатар, шетел тілдерін білуі қажет болады. Құқық бұзушылық жасаса, дипломатиялық дәрежесі төмендетіледі немесе одан айыру да қаралады.
«Біріншіден, дипломатиялық қызмет туралы» заңда «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері» ұғымын бекіту ұсынылады. Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты (өкілетті) өкіл қызметін атқарған немесе Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне Үкімет айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай төлем төленеді. Мұндай төлемдерді жүзеге асыруға қажетті қаражатты Республикалық бюджет комиссиясы қолдады.
Екіншіден, әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Бұл қадам Сыртқы істер министрлігіне қарайтын Сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттыруға және оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, «Дипломатиялық пошта» ұғымын енгізіп, Үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жоспарлау, жасақтау, ресімдеу және дипломатиялық поштаны жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі функцияларын бекіту ұсынылады.
Төртіншіден, Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің құқықтық мәртебесін заң деңгейінде бекіту арқылы оның заңды мәртебесін анықтау және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкілдіктері алдында маңыздылығын арттыру көзделген.
Бүгінде Алматыда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 100-ге тарта өкілдігі жұмыс істейтінін және олармен өзара қарым-қатынас жасау Алматы қаласындағы Өкілдігімізге жүктелгендігін атап өту қажет», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Сонымен қатар құжатта шет елдердегі мекемелер жұмысының ерекшелігі ескеріліп, олардың шаруашылық қызметі мен қаржылық тәртібіне байланысты мәселелерді жүйеге келтіруге қатысты өзгерістер қамтылған.
Заң жобасына қатысты Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдіріп, құжаттың ерекше маңызын атап өтті.
«Құжат еліміздің дипломатиялық қызметінің құқықтық базасын жетілдіріп, реттейді және осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жоба дипломатия саласының ардагерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған нормаларды да қамтиды. Заң қабылданғаннан кейін еліміздің дипломатиялық қызметінің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Депутаттар заң жобасын қарау барысында оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сенаторлар, атап айтқанда, «Дипломатиялық қызмет ардагері» ұғымын түзетуді және осы санатқа жататын адамдар тобын қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ дипломатиялық пошта бойынша елшіліктер қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техниканы жіберу құқығын алып тастауды сұрады. Заң жобасы Сенат енгізген түзетулермен бірге Мәжіліске қайтарылды.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.
Баяндама жасаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, заң жобасын қабылдаудың бірқатар құқықтық және әлеуметтік-экономикалық аспектілері бар. Біріншіден, атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кызметті реттеудегі қолданыстағы заңнамадағы құқықтық қайшылықтар жойылады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қауіпсіздік бойынша халықаралық талаптары орындалады. Мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін бөлу қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің зиянды әсерінен қорғаудың тиімділігін арттырады.
Құжат отандық заңнаманың кейбір ережелерін МАГАТЭ-нің қауіпсіздік жөніндегі халықаралық талаптарына сәйкес келтіреді.
«Қабылданып отырған заң жобасы атом энергиясын пайдалануға бағытталған қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және осы саладағы заңнаманы жетілдіреді. Құжат радиациялық қауіпсіздікті күшейту мәселелерін де қамтиды. Сондай-ақ зиянды әсерлерден қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар отырыста депутаттық сауалдарын да жария етті. Ақмарал Әлназарова санитарлық авиацияны дамыту мәселесін көтерді. Нариман Төреғалиевтің сауалында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемалары және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы айтылды. Нұртөре Жүсіп балалар кардиохирургиясы саласындағы ерекше назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды. Сұлтан Дүйсембинов жұмыртқа мен құс етінің қымбаттауына байланысты проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.