Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуының 32 жылдығына орай Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен жоғары IT колледжі студенттері Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.
Ауған жауынгерлерінің қатарында Сергей Веселков, Нашым Оспанов, Валерйи Роговский, Оразбек Буйкунов, Рашид Қасымов, Владимир Затримайлов сынды ШҚТУ қызметкерлері де бар. Олар сонау Ауған даласындағы есте қалған оқиғаларымен бөлісті.
– Мен Өскеменнен әскерге 1974 жылы шақырылдым. Жарты жылдан соң Новосібірдегі жоғары әскери-саяси училищесіне оқуға түсіп, 1979 жылы оқу орнын бітірдім. Кейін 1980 жылы өз еркіммен интернационалдық борышты өтеуге аттандым. Ротадағы сарбаздардың бәрі Ауғанға аттанды. Біз Ауғанстанға кірген алғашқы жауынгерлердің қатарында болдық. Шендан қаласы арқылы Кандагарға жетіп, сол жердегі әуежайды күзетіп, жауға қарсы тұрдық. Біздің 70 ротамыз жүзеге асырылған рейдтік операциялардың бәріне қатысты десем, артық болмайды. Таулы аймақтарда да болдық. Сол жердегі Теренкот провинциясы ерекше есімде қалды. Тұрғындары аш. Қорыққаннан біз алып келген астық өнімдерін қолымыздан алмайтын. Бірте-бірде біздің ешқандай қауіп төндірмейтінімізді түсініп, көмегімізді қабылдады. Бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз сондай, қайтарымызда қимай қоштастық. Ротамызда 20-дан астам ұлт өкілі болды. Сондай қиын кезде бір-бірімізге қамқор болдық. Қазір жыл сайын кездесіп, майданнан қайтпаған достарымызы еске аламыз, – дейді Ауған ардагері Владимир Затримайлов.
Кездесуде студенттер қызықтырған сұрақтарын да қойды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.