Ресейлік аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігінің (АКРА) жаңартылған есебі бойынша, Қазақстанның несие рейтингіндегі жағдайы «терістен» «тұрақтыға» ауысып, ВВВ+ деңгейіне жеткен, деп хабарлайды Еgemen.kz
Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстанның «терістен» «тұрақтыға» өзгеруі 2020 жылғы сыртқы және ішкі шоктардан туындаған сын-қауіптердің әлсіреуімен байланысты. 2020 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны -2,6 пайызды құрады, бұл дамыған елдер тобымен (-5,4 пайыз) салыстырғанда да, дамушы елдер тобымен (-5 пайыз) салыстырғанда да айтарлықтай тұрақты көрсеткіш болып отыр. АКРА 2021 жылы экономикалық өсімнің 3,8 пайызға дейін қалпына келуін болжайды.
«2021 жылы АКРА инфляцияның нысаналы дәліз шеңберіне қайта оралуын күтуде (4-6 пайыз). Бұл ұлттық валютаға қысымның төмендеуіне және 2020 жылғы инфляциялық соққы әсерінің сарқылуына байланысты болады. Былтыр теңгенің АҚШ долларына қатысты құнсыздануы орта есеппен 8 пайызды құрады және ол өткен дағдарыс кезінде тіркелген деңгейден едәуір төмен болды (2016 жылы – 54 пайыз)» делінген зерттеу хабарламасында.
АКРА болжамынша, мемлекеттік қарыздың тұрақты және орташа деңгейі Қазақстанға болашақта контрциклді бюджеттік саясатты қолдануға мүмкіндік береді. АКРА атап өткендей, қоғамдық институттар да, мемлекеттік институттар да соңғы уақытта оң өзгерістерді байқатып отыр.
Оң әсер ететін ұзақ мерзімді тағы бір фактор — адам капиталын жақсарту. Дүниежүзілік банктің 2020 жылға арналған бағалауы бойынша Қазақстанның адам капиталының индексі Орталық Азия елдері бойынша орташа деңгейден жоғары және салыстырылатын елдер тобының рейтинг санаты бойынша ең жоғарғылардың бірі.
Еске салсақ, АКРА 2015 жылы қараша айында Ресей Банкінің шешімімен құрылған.