Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Caғитов брифинг өткізіп, өткен жылы облыс салық кірістерінен 113 миллиард теңгеден асатын қаржы түсіргенін атап өтті.
Оның айтуынша, 113 миллиард теңгеден асатын қаржы – бұл республика және облыс бюджеттеріне түскен жалпы қаржының көлемі. Оның ішінде Жамбыл облысына тоқталар болсақ, кіріс қаржы 79 миллиард 417 миллион теңгеден асады. Бұл белгіленген жоспардан 6,5 миллиард теңгеге артық орындалған. Пайыздық көрсеткішпен алғанда, жергілікті бюджет кірістерінің орындалуы 109,1 пайыз. Ал, республика бюджетіне 33 миллиард 837 миллион теңгеден аса қаржы түскен. Былтыр барлығы 2180 салықтық және кедендік тексерулер жүргізілген. Оның нәтижелері бойынша бюджетке қосымша 3 миллиард 600 миллион теңгеден астам қаржы түсіпті. «Тексерулер нәтижесінде, жалпы алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы 115 186,93 литр болды. Темекі өнімдерінің заңсыз айналымы 1 537 073 қорапты құрады. Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша барлығы 5 факті бойынша 7,4 тоннаны құрады», деді Еркебұлан Сағитов.
Брифингте спикер облыс бойынша пәтерлерді жалға беру қызметін көрсетумен айналысатындар жайлы да айтты. Бұл бағыттағы жеке кәсіпкер ретінде 1 790 салық төлеуші тіркелген. Ал жолаушыларды, жүктерді (такси) тасымалдау бойынша қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде 2037 салық төлеуші тіркелген. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша, жыл басынан бері 437 жеке тұлға жолаушылар мен такси тасымалдау бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Жамбыл облысы