Қостанай облысының тәртіп сақшылары «Мигрант» жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр. Басты мақсат - облыс аумағында жүруге рұқсат құжатының мерзімі өткен шетелдіктерді анықтау, олардың визалары, жұмыс рұқсаттарын тексеру, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жедел алдын алу шарасы барысында рұқсат құжаттарының мерзімі өтіп кеткен және заңсыз жұмыс істеп жүрген 11 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 33 азамат өздеріне шетелдіктердің келгені туралы уақтылы хабарламағаны үшін әкімшілік айыппұл арқалады.
Қостанай қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі мен «Даму» қоғамдық қорының қызметкерлері елшілік арқылы Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген екі азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп, оларға отанына қайту үшін билет сатып алып берді.
«Сондай-ақ, «Мигрант» жедел алдын алу шарасы аясында Жітіқара және Науырзым аудандарының криминалдық полиция қызметкерлері іздестіріліп жатқан екі қылмыскерді ұстады», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.
Көші-қон тәртібін тексеру шаралары 19-ақпанға дейін жалғасады.