• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2021

Каспий кәсіпкерлік орталығы ашылды

344 рет
көрсетілді

Кез-келген елдің экономикасының негізгі қозғаушы күші, күре тамыры – ол кәсіпкерлік қызмет десек қателеспейміз. Әлемде дамыған елдердің ЖІӨ көлемінің 90% астамын кәсіпкерлік қызмет құрайды. Сол үшін әрбір дамыған және дамушы елдер кәсіпкерлік қызметке аса мән береді.  Кәсіпкерлік қызметі, мәдениеті, ойлау жүйесі - ол білім және тәрбие арқылы қалыптасады, дамиды.

Қазіргі таңда, елімізде кәсіпкерлік қызметті дамытуға көптеген қолдаулар жасалуда, оқыту бағдарламаларының барлық кезеңдеріне кәсіпкерлік арқылы білім беру жобалары енгізілуде. Осы мақсатта, Есенов университетінде 2018 жылы Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту орталығы құрылып, кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру жолында көптеген шаралар өткізіп, жастарды біріктіре бастады. Кәсіпкерлік орталығы 2019 жылы наурыз айында жастар қажеттілігіне сәйкес заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен жабдықталған коворкинг ретінде қайта жасақталып, «Каспий кәсіпкерлік орталығы» атауы беріліп салтанатты түрде ашылды. Бұл атаудың берілу себебі, орталық тек университет жастарымен шектелмей, Каспий өңірі елдерінің жастарына кәсіпкерлік білім беру бағытында қолдау көрсету.

Орталықтың мақсаты - кәсіпкерлік білім беру бағытында Каспий өңірі жастарының, жаңа бастаушы кәсіпкерлердің және оқытушылар құрамы арасында инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетті арттыру, дағдылар қалыптастыру, стартап идеяларды табысты бизнеске айналдыру. Бұл орталықта университетке оқуға келген студент өз мамандығы бойынша білім алып қоймай, өз бизнесін дамытуына мүмкіндік бар.

Осы уақыт аралығында орталықта көптеген шаралар ұйымдастырылып, біраз cтартап жоба қолдау тауып үлгерді. Атап айтатын болсақ, орталық ашылған  алғашқы жылдары ҚР БҒМ мен Болашақ ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен «Startup Bolashaq-Menin Armanym» республикалық мега байқауында Маңғыстау өңірі бойынша барлық мектеп, колледж студенттеріне семинарлар, тренингтер өткізіліп нәтижесінде 250 ден аса жоба қатысуға өтінім берді. Бұл қатысушылардың барлығының кәсіби дағдыларын қалыптасыртуда орталық қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлермен бірге менторлық жұмыс атқарды, 5 кезеңнен тұратын ұлттық байқауда Маңғыстаулық 5 жоба Нұр-Сұлтан қаласында өткен финалда бақтарын сынады. Сонымен қатар, Маңғыстау обылысы қатысушыларына қолдау көрсеткен ментор, жергілікті кәсіпкер, Сарыев Бауыржан «Ең үздік ментор» номинациясын иеленді.

Кәсіпкерлік орталығы Маңғыстау облыстық «Атамекен» ұлттық  кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс жасауда, осы уақытқа дейін орталықта 100 аса студент, 50 аса университет оқытушылары «Атамекен» ҰКП бизнес тренерлерінің әр түрлі оқу курстарымен тренингтеріне қатысып, біліктілігін көтерді.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлік орталығында жыл сайын еліміздің мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне «Jas kasipker» байқауын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді, мақсат – барлық өңірден стартап жобалары бар, креативті, жаңашыл оқушылар мен студенттерді іріктеп, университетте білім алуға жеңілдіктер беру. Қазірде осы байқау нәтижесінде үздік болған 30-дан аса студент университетте 100%, 75%, 50% пайыздық жеңілдіктермен оқуын жалғастыруда.

Қазіргі таңда орталықта үздік нәтижелерге қол жеткізген, өз жобаларын жүзеге асырған сәтті жобаларға тоқталсақ, Есенов университетінің түлегі - Қалиев Қазбектің жобасы - 4D Галактика. Бұл балалар мен жасөспірімдерге арналған AR қызметі бар қосымша жасау арқылы білім саласын қызықты әрі тиімді етіп дамыту. Бұл өнім арқылы оқушылардың білімге деген талпынысы, қызығушылығы артады сол үшін бұл өнім білім саласы үшін өте маңызды, Жоба нарықта жұмыс жасауда. Бұл жобаның жетістіктері, «Жастар синергиясы» республикалық байқауының жеңімпазы, «Mediana» компаниясының ұйымдастыруымен өткен RIFMO-2019 халықаралық IT форумы аясында өткен стартап жобалар байқауының 3 орын иегері. 2020 жылы жоба авторлық құқық иеленді.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін азайту, пайдалы өнім өндіріп, сату  мақсатында жасалған «Ақылды таяқша» жобасы, авторлары – Есенов университеті Инжиниринг факультеті студенттері Мұханбетов Бекберді, Қуанова Айнур. Бұл жобада бірнеше жетістіктерге жетіп үлгерді, атап айтсақ, 2018 жылы өткен ТOM-Aktau: Makeathon халықаралық әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпаздары,  2019 жылы қазан айында өткен «KazEnergy» инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары, 2020 жылы жоба авторлары пайдалы модельге патент иеленді.

Инжиниринг факультеті студенті - Ұлықпанов Нұрахмет су тазалайтын құрылғы құрастырып, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 3 млн теңге қаржыландыру алып, қазірде бизнесін жүргізіп отыр.

Адам денсаулығына пайдалы жемістерден ерекше рецептер бойынша чипстер дайындап, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Fruit chірs жобасымен «Бизнес және құқық» факультетінің студенті – Айтбаева Айлара  «RIFMO 2019» форумы аясында өткен стартап жобалар байқауның 2 орын жеңімпазы атанып, 300 000 тенге қаржы иеленді.

Сонымен қатар, бірнеше әлеуметтік жобаларда «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен байқауларда «Тенгизшевройл» компаниясының қаржылық қолдауын жеңіп, қоғамға пайдалы, қайырымдылық шаралар ұйымдастырды.

- Каспий кәсіпкерлік орталығы 2020 жылы Халықаралық Triple E Awards Entrepreneurship and Engagement Excellence Awards (жоғары білім беру саласындағы Кәсіпкерлік және үздік жетістіктер) марапатына қатысып, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 30дан аса елдің 200-ден астам ЖОО қатысқан байқауда «Жылдың инновациялық және ынтымақтастық кеңістігі» номинациясы бойынша үздік 5 финалистерінің қатарына енді, Triple E Awards Марапаты барлығы 12 номинация бойынша өтті. Аталмыш марапатты штаб-пәтері Амстердамда (Нидерланды) орналасқан Университеттегі Кәсіпкерлікті және бірегейлікті аккредиттеу жөніндегі Кеңес (ACEEU) ұйымдастырды, Кеңес (ACEEU) кәсіпкерліктің сапасын және оның жоғары білімге қатысуын қамтамасыз ететін әлемдегі жетекші ұйым болып табылады.

Triple E Awards Марапаты – университеттің жоғары білім саласында Кәсіпкерлікті зерттеудегі күш-жігерін әлемдік мойындауы. Бұл университет миссиясының әртүрлі аспектілеріне арналған алғашқы марапат болып табылады. Triple E Awards марапаты университеттердегі өзгерістерге қолдау көрсетуге және олардың қоғамдастықтар мен экожүйелердегі рөлін атап өтуге бағытталған. Қазіргі таңда орталық жастарға кәсіпкерлік ойлау жүйесін, мәдениеттін қалыптастыруда жаңа тың жобалар ұйымдастыруда, дейді Орталық жетекшісі  Гүлжазира Нағыметқызы Қосмағанбетова.