Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы жыл сайынғы дәстүрлі есебін биыл онлайн режімінде берді. Айта кету керек, есеп беру кездесуін облыстың барлық телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Сонымен бірге облыс әкімдігінің ресми аккаунты Instagram Akimat09, Saryarqa TV, YouTube-арнасы, еkaraganda.kz сайты да онлайн-есептен ақпарат таратты.
Облыс басшысының айтуынша, бір ай ішінде барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 423 кездесу өткізіпті. Оған 44 мыңға жуық адам қатысқан.
Атқарушы биліктің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Осы орайда өңір басшысы былтыр мемлекеттік бағдарламалар арқылы облыста 35 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын мәлім етті. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,6% көрсеткіш мұғдарында ұстап тұруға мүмкіндік берген.
Онлайн-есептік кездесуде Жеңіс Қасымбек денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталды.
– Өткен жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтер ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салынды. Абай және Шет аудандарында орталық аудандық ауруханалар жөнделді. Осы жылы Ақтоғай мен Нұрадағы орталық аудандық ауруханалар да осындай өзгерістерді күтіп отыр. Ақадыр кентіне жұмыс сапарымен барғанымда ақсақалдар аурухана ғимаратын жөндеу туралы өтініш айтты. Биыл міндетті түрде ол жұмысты бастаймыз, – деді ол.
Өңір басшысы онкологиялық диспансердің Жезқазғандағы филиалын ұйымдастыру мәселесін шешуге уәде берді. Сондай-ақ Қарағандыда ересектерге арналған облыстық көп бейінді аурухананың, облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық корпусының құрылысы басталғанын атап өтті. Сәулелік диагностика және терапия орталығы үшін ғимарат салу жоспарда бар. Ұзақ уақыт кідірістен кейін облыстық балалар ауруханасының құрылысын аяқтау да кезек күттірмейтін міндеттің бірі екенін тілге тиек етті.
– Жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған қызметтік пәтерлерді беру есебінен дәрігерлер мен жас мамандарды тарту мәселесін шешеміз. Екі жыл ішінде 227 дәрігер баспанамен қамтылды. Алдағы екі жылда біздің облысқа жұмыс істеуге келген кем дегенде 300 маман пәтер алады, – деді ол.
Жеңіс Қасымбек Қарағанды өңірінде жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тегін тамақтанатын балалар саны артатынын мәлімдеді.
– Өткен жылғы есептік кездесуде уәде еткендей, биылдан бастап барлық 1-2-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Енді қыркүйек айынан бастап 3-ші және 4-сыныптарды да қамтитын боламыз, – деді облыс әкімі.
Былтыр облыста жаңа жабдықтармен жарақтандырылған 26 қосымша білім беру орталығы ашылды. Жаңа мектептер Жезқазғанда, Қарағандыда және Ұлытау ауданында салынды. Биыл Шет ауданының Киікті ауылында, Жезқазған қаласының Теректі стансасында, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде және Қарағандыда құрылысы жүріп жатқан төрт мектепті тапсыру жоспарда тұр.
Облыс басшысы үш жасқа дейінгі және ерекше қажеттіліктері бар балаларды балабақшалармен қамтамасыз етудің басты міндет екенін айтты. Осы жыл аралығында 1500 орындық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылыпты. Бұл үш жасқа дейінгі балаларды қамтуды 61%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берген.
Ж.Қасымбек Қарағанды облысында туристер үшін жаңа демалыс орындарының пайда болатынын мәлім етті. Мысалы, Балқаш курорттық аймағын дамытуға шамамен 30 млрд теңге жұмсалатынын айтты.
– Бізде үш туристік кластер бар. Олардың қатарына 50 өңірлік жоба тізімінің ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау бар. Жеке инвестициялар есебінен тоғыз жаңа демалыс аймағының құрылысы басталады. Резервте жағалау аймағындағы туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 га бос жер бар, – деді облыс әкімі.
Туристік саланың аясы Балқашта ғана емес, Қарқаралыда да кеңеюде. Мұндағы бес жеке демалыс аймағын ашуға 1 млрд теңгеден асатын инвестиция салынбақшы. Ұлытауда туристерге арналған визит-орталықтың құрылысы аяқталды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлердің жолдары жөнделуде. Биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталуға тиіс.
Есептік кездесуде облыс әкімі өңірде ауқымды құрылыс жұмыстарының жалғасатынын мәлімдеді. Биыл кезекте тұрған 3 мыңнан астам адам әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмекші. Бұдан бөлек әлеуметтік қорғалатын санаттағы кезекте тұрған 2 500 адам да баспаналы болған. Жеңіс Қасымбек әлеуметтік жалға берілетін және несиелік тұрғын үй беру қарқыны бір жылда 40%-ға өскенін атап өтті.
Облыс әкімі Қарағанды облысында 2021 жылы 14 жаңа өндірісті іске қосып, 2 600 жұмыс орнын ашу жоспарда бар екенін айтты. Ал инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асады деген болжам бар.
Жақын арада Жәйремдегі байыту фабрикасы, ферроқорытпа зауыты және Qaz Carbon агломерациялық фабрикасы сияқты жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар екен. Саран қаласында қытайлық Yutong компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника шығаратын кәсіпорын іске қосылды және жақын арада шағын торапты құрастыру іске қосылатын болады. Сондай-ақ биыл ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина шығаратын зауыттың құрылысы басталатынынан хабардар етті облыс әкімі.
Қарағанды облысында биыл кәсіпкерлікті қолдауды қаржыландыру 2,5 есе өскен екен.
– 2020 жылы «Бизнестің жол картасы» бойынша жеңілдікті шарттармен облыстың 420 кәсіпорны өңір экономикасына 48 млрд теңге салып, өз жобаларын іске асыра алды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылған. Ол өткен жылғыдан 2,5 есе артық, – деді облыс әкімі.
Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау 2 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Бір жыл ішінде өз ісін ашуға 1900 өтеусіз грант беріліпті. Облыс әкімінің жүз грантын жас кәсіпкерлер алды. Сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық қолдауды 3700 кәсіпкер пайдаланған. Бизнеске тегін оқыту курстарынан 2 800 адам өтті.
Есеп беру кездесуінде спорт саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны аталып өтті. Әсіресе ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытудың жіті назарда екендігі айтылды. Мысалы, бүгінде өңірде алты бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДШСК) құрылысы жүріп жатыр.
– 2020 жылы спорт нысандарын салуға және жөндеуге 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қарқаралы мен Теміртауда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Биыл тағы алтауын қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да салып жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ кентінде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 100 орындық ДСК құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Бұл мәселені кент тұрғындары көптен бері көтеріп келген еді.
Сондай-ақ Ұлытау ауданындағы Қарсақбай кентінде жүргізіліп жатқан ДСК құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл нысанның құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Сәтін салса, құрылысы былтыр басталған кешен биыл ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар облыс басшысы есептік кездесуде алдағы екі жылда жаңа спорт нысандары ашылатынын мәлім етті. Атап айтқанда, Шахтинск қаласында, Ұлытау ауданының Жезді ауылында, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы биыл аяқталады. Ал Жезқазғандағы ДШСК құрылысын бітіру келесі жылдың еншісінде.
Есептік кездесуде облыс әкімі бұқаралық спортты дамытудың негізгі индикаторының бірі халықты қолжетімді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Бүгінде облыста жасанды жабындысы бар 333 спорт алаңы, 262 көп салалы хоккей корты және 34 стрит-воркаут алаңы бар екендігі айтылды. Сондай-ақ биыл Нұра мен Жаңаарқада 2 жүзу бассейнін тапсыру жоспарда бар.
Сонымен бірге өңір басшысы облыстағы спорт нысандарын салуға қаражат бюджеттен ғана емес, демеушілер есебінен де қарастырылғанын атап өтті.
Облыс әкімінің онлайн-есеп беруі кезінде тұрғындардан мыңға жуық сұрақ келіп түскен. Ж.Қасымбек бұл сұрақтардың бір де біреуі назардан тыс қалмайтынына, тиісті жауабы болатынына уәде берді.
ҚАРАҒАНДЫ