Ресеймен шектесіп жатқандықтан, еліміздің «солтүстік қақпасы» атанған Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл ауылы облыс орталығынан 560 шақырымдай, ал аудан орталығынан 180 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Сол маңайдағы талай елді мекеннің тоз-тозы шығып, тарап жатқанда жолы нашар, қиян түкпірдегі Қулыкөлдің іргесі сөгілмей, жылдан-жылға көркейе түскендігі қайран қаларлықтай.
Қазір қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында 190 отбасы, яғни бір мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті орта мектепте 190-нан аса оқушы ана тілінде білім алып жүр. Той-думаны таусылмайтын елді мекеннің екі жағында екі дәмхана ашылыпты. Ежелден атакәсібіне мығым қулыкөлдіктердің өрістері төрт түлік малға толы. Оның үстіне осы ауылдан шыққан кәсіпкерлер қайда жүрсе де ұшқан ұяларын ұмытпай, хал-қадерлерінше жәрдемдесіп жатады.
Солардың бірі – Саян Мүбәрак елордадан туған ауылына келіп, «Бүркіт» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, мал фермасын ашыпты. Бұған қоса, көптен бері бос тұрған бір ғимаратты өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп, еркін күреспен айналысатын жастардың спорт кешеніне айналдырған. Көкшетау қаласындағы онкологиялық диспансерде қызмет еткен жоғары санатты хирург Сайлау Ыдырысов та зейнет демалысына шыққан соң атамекеніне оралып, жергілікті дәрігерлік амбулаторияға басшылық жасап жүр екен.
Бір «әттеген-айы» – Қулыкөл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жасалған келешегі бар елді мекендер тізбесіне енгізілмепті. Ауыл тұрғындарының ең үлкен реніші осы екен. «Тірек немесе серіктес ауыл атансақ, ел қазынасынан бізге де қомақты қаржы бөлініп, ең басты мұқтаждығымыз – ауылымыздың жолы жөнделер ме еді?..» деп мұңайған еді қулыкөлдіктер бұрнағы жылы бізбен кездескенде.
Олардың осы жөніндегі өтінішін сәті түскенде облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жеткізген едік. Ол: «Көктемде су тасқыны қаупі төнген кезде Қулыкөл ауылына барып, үш күн бойы сонда болдым. Тасқын қатерінің алдын алуға жергілікті азаматтардың да жұмыла атсалысып жүргенін көріп, ризашылығымды білдірдім. Бұл ауылдың келешегі жарқын деп санаймын, оны «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына кіргізу мәселесін қараймыз», деген еді өңір басшысы. Кейін осы жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаттары жазған хатқа Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі берген жазбаша жауапта да «Қулыкөл ауылын келешегі бар ауылдық елді мекендер тізбесіне кіргізу үшін Ұлттық экономика министрлігіне өтінішхат жолданады» деген уәде берілген.
Алайда не себепті екендігі белгісіз, Қулыкөл ауылы әлі күнге тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмеген болып шықты. Барлық әлеуметтік нысаны сақталып, талапқа сай қызмет көрсетіп тұрған, мал шаруашылығымен жаппай айналысатын тұрғындарының әл-ауқаты жылдан-жылға артып келе жатқан бұл ауыл – өзі аттас ауылдық округтің орталығы. Сондықтан Қулыкөлді – тірек елді мекен, ал оның жанындағы Қаратал мен Береке атты шағын ауылдарды серіктес елді мекендер етіп белгілеуге әбден болар еді.
Ал «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына енгізілмеген ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту республика қазынасынан емес, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуға тиіс. Субвенциялы өңір болып саналатын Солтүстік Қазақстан облысы бюджетінің мүмкіндігі шектеулі екендігін ескерсек, Қулыкөл ауылына баратын кедір-бұдыр грейдерді жөндеуге қашан жеткілікті қаржы бөлінетіндігін айту қиын.
Жалпы, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысындағы 646 ауылдық елді мекеннің 307-сі ғана тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне қосылыпты. Бұл онсыз да демографиялық ахуалы төмен өңірдегі ауылдық елді мекендердің жартысынан астамының болашағы бұлыңғыр деген сөз. Осы орайда облыстағы тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесін жасаған кезде ауыл тұрғындарын айтпағанда, тіпті ауылдық округтер әкімдерінің, аудандар әкімдіктері мен мәслихаттарының пікірлері жете ескерілмеген болып шықты. Мұны біз бірнеше аудан әкімдерінің өз ауыздарынан естідік.
Жалпы, еліміздегі 6322 ауылдық елді мекеннің 2761-інің «келешегі жоқ» деп танылса, соның дені – тұрғындардың саны жеткіліксіз, жұмыс күші тапшы солтүстік-шығыс өңірлерде екендігі анық. Осы ретте болашағы бар ауылдық елді мекендердің тізбесі Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығымен бекітілген өлшемшарттардың негізінде іріктелгендігін айтқан жөн. Сол өлшемшарттарға сәйкес, елдің өңірлері екі топқа бөлінген – халық тығыз қоныстанған Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары және халық орташа қоныстанған Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары. Алайда Ұлттық экономика министрлігі халық орташа қоныстанған өңірлердің елеулі ерекшеліктері барын жете ескермеген. Себебі олар жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер болып екіге бөлінеді. Мысалы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары сияқты халық орташа қоныстанған өңірлер жұмыс күші тапшы өңірлер болып табылмайды.
Сондықтан да ел өңірлерін екі емес, үш топқа бөліп қараған қисынды да орынды болар еді. Үшінші топқа «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында халық тығыз қоныстанған облыстардың тұрғындары өз еріктерімен қоныс аударылып жатқан жұмыс күші тапшы өңірлерді – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарын жатқызып, олар үшін арнайы өлшемшарттар белгілеген жөн сияқты. Мысалы, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы әлеуметтік-экономикалық әлеуеті әжептәуір Жаңажол ауылы жақын тірек ауылдан 65 шақырым қашықтықта орналасуы себепті ғана серіктес елді мекен санатына да қосылмапты. Өйткені аталған өлшемшарттар бойынша серіктес ауыл жақын тірек ауылдан 15 шақырымнан артық қашықтықта орналаспауға тиісті екен. Сол өлшемшарттарды өзгертіп, Жаңажол ауылын тірек елді мекен ретінде айқындап, оған көршілес орналасқан бірнеше ауылды серіктес елді мекендер етіп неге белгілемеске?! Әйтпесе, жол жағдайы нашар осы ауылдар мемлекеттік қолдаудан мүлдем қағыс қалып, біртіндеп тарап, жойылып кетуі ықтимал. Мұның өзі аудан орталығынан 50-70 шақырым қашықтықтағы ондаған мың гектар құнарлы жердің иесіз қалуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Жалпы, солтүстікқазақстандықтардың саны соңғы 20 жыл ішінде 160 мың адамға азайып, Қызылжар өңірінде қазір небәрі 547,7 мың адам өмір сүріп жатыр. Ал шығысқазақстандықтардың саны 20 жылда 139 мың адамға кеміп, бүгінде 1369,1 мың адам болып отыр. Бұл екі өңірде көшіп келушілерден көшіп кетушілер саны көп.
Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық ахуалдың айрықша күрделілігіне орай аталған өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында арнайы қаралып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берілген болатын. Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалып, іске асырылу үстінде. Соның ішінде қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қанатқақты жоба да бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылда, әсіресе, шекара маңындағы елді мекенде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе», деп қадап айтты. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі Президент алға қойған маңызды міндетті орындап, солтүстік және шығыс өңірлердегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында олардағы даму әлеуеті бар ауылдарды сақтап, көркейтуге жете мән беріп, бірінші кезекте тірек және серіктес ауылдық елді мекендерді анықтау өлшемшарттарына тиісті өзгерістер енгізсе, құба-құп.