Алдияр оқырман, алдымен «Синяя вечность» әнін қосыңызшы, сосын барып біз айтар сөз желісіне ілесуіңізді сұраймыз
Байқадыңыз ба? Мөп-мөлдір мелизм мұз боп қатқан көңілді ерітердей өзіне елітіп ала жөнеледі. Әннің құшағында алақызба көңілің суып сала беретінін, қайтесіз. Әне-міне теңіз кешіп өтердей, алақаныңызға ай қонатындай әсерде. Кенет, сол тағдыр теңізінің арғы бетінде Мүслім Магомаев өмір толқындарына ілесіп, қол бұлғайды. Ол өмір сүрген дәуір дауысы уақыт бетіне қайта қалқып шыққандай сағынышыңыз үдейді-ау, шіркін!
Әйгілі әнші өмірінің соңында «Өз биігіме жетпедім» деп өкінеді. Әйтсе де ол бағындырған шыңға бір де бір талант иесі табан тіреген емес-тін. Бұл қалың қапа қырықтан кейін сахнаға сирек шыққан оның тыңдармандарға деген махаббатынан оянса керек. Сол аңсарға толы махаббатты көзі жұмылғанша әрбір жүрекке қорғасындай құйып кетті.
Баку бұлбұлы мәңгілік сапарға аттанғанда дегдар досы, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон Кеңес дәуірінің әрбір әншісі Мүслімге табынғанын мойындады. Қоштасу сәтінде көз жасын тыя алмаған орыстың даңқты әншісі Алла Пугачева: «Менің пірім – Мүслім Магомаев» деп, ақтарыла сөйлегенде иін тірескен халық та қоса боздаған.
Сол «Миллион раушан гүлі» әнімен миллиондардың жүрегін жаулаған Алла Борисқызы автобуста кетіп бара жатып, көшеде шөлін басып тұрған Мүслім Магомаевты көреді. Дереу жақын аялдамадан түсіп, алқам-салқам сусын сататын аппаратқа қарай жүгіреді. Келсе, кумирі жоқ, тек су ішкен сырлы стаканы тұр екен. Содан ұлы әнші пайдаланған стаканды бауырына басып, үйінің төріне жайғастырады. Бұл сол заманда тұғырлы түркі перзентіне көрсетілген үлкен құрметтің ұшқыны ғана еді.
Әуезді әуенімен әлемді әлдилеген өнер иесі 67 жыл өмір сүрді. Әрине, аз уақыт емес, көп деуге де көңіл қимайды. 31 жасында КСРО халық әртісі атанды. Бұл алып империя тұсындағы ең ғажайып оқиғалардың бірі. Біз бүгін даладай дархан дауысымен дүниені дүр сілкінткен әзербайжан халқының аяулы баласы Мүслім Магометұлының ғұмырнамасынан сыр тартпақпыз.
Түркі ұлының тегі мықты еді. Атасы Мүслім Магомаев (немересін атасының құрметіне қойған) Әзербайжан классикалық музыкасының негізін қалаушылардың бірегейі. Атақты композитор әрі белгілі дирижер. Ал әкесі Магомет Магомаев кез келген музыкалық аспаптардың құлағында ойнаған екен. Десе де кәсіби музыкант емес, театр суретшісі болып қызмет атқарған. Анасы Айшет Ахмедқызы драма әртісі ретінде сыртқы келбетімен көпті тамсандырған сұлу келіншек болған. Өкінішке қарай, әкесі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқаннан кейін, шешесі екеуінің жолы екіге бөлінеді. Бұл сындарлы сәт әйгілі әншінің бала жүрегіңде мәңгі таңба болып қалды. 27 жылдан кейін Польшаның Хожна қаласындағы әкесінің қабіріне барып дұға бағыштайды.
Бала күнінде француз жазушысы Жюль Верннің кітаптарын сүйіп оқитын. Әсіресе «Жұмбақ арал» шығармасындағы автордың ойдан шығарылған сүңгуір қайығы «Наутилуске» қатты қызықты. Капитан Немо секілді өз кемесін жасауды қолға алады. Теңізді шексіз сүйгені соншалық, кеме құрастырамын деп атасының скрипкасын да сындырыпты. Бүгінде Баку мұражайында желімденген аспап экспонат ретінде сақталған.
Бес жасында «Бұлбұл сағаты» атты ән шығарады. Мәтінін кейін ақын Анатолий Горохов жазды. Басында атасы секілді атақты сазгер болуды армандайды. Артынан музыкалық мектепке барған соң, әнші болуды ойлайды. Бірақ жіңішке даусы оған ырық бермесе керек. Талай мәрте соның кесірінен хордан қуылған.
Атасынан қалған туындыларды ынтамен тыңдайды. Италиялық опера әншілері Энрико Карузо, Титто Руффо, Бениамино Джиглидан тәлім алды. Жас жігіт соларға қатты еліктеді. Байқасаңыз, Мүслімнің сахнадағы тұрысы опера әншілеріне қатты ұқсайды. Бұл ұстаздарынан жұққан әдемі әдет. Эстрадаға ауысқанымен көңілді әндерді байсалды орындап шықты. Сонысымен де есте қалды. Оның образы, дауыс ритмі, шаш үлгісі, киген киімі бәрі-бәрі сол тәлімгерлерінен қалған үлгі.
Есейе келе оның дауысы кенеттен өзгеріп, күшейе түседі. Бірақ бейтаныс адамдардың алдында ән айтуға қысылды. Алғашқы опералық қойылымы өзі оқыған музыкалық мектепте өтті. Вокалға қатты қызығушылық танытты, ал концертмейстер Тамара Кретинген оған белгісіз романстар мен ежелгі композиторлардың шығармаларын іздей бастады. Жиі-жиі филармонияда вокал бөлімінің кештерінде ән салды. Бұл оның көпшіліктің алдында ұялмай өнер көрсетуіне жол ашты.
Сол ән мектебінде оқып жүріп, сыныптасы Офелияға сезімін білдіреді. Көп ұзамай жас музыканттар отбасын құрады. Қызығы, әжесі екі жастың албырт қадамына қарсы болып, немересінің куәлігін сандыққа тығып тастаған екен. Әйтсе де ғашық жандар оған қарамай шаңырақ құрады. 1961 жылы олардың Марина атты қызы дүниеге келеді. Алайда, жас отбасы жоқшылықтан айналып өте алмады. Ол Баку әскери округінің ән және би ансамбліне жұмысқа орналасқанымен, неке ұзаққа созылмады. Бұдан әрі әншінің жұлдызды сәті басталады.
Хельсинкидегі VIII Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде жас әнші фин халқын таңдай қақтырды. Кейін «Огонёк» журналында «Бакулық өнерпаз әлемді бағындырмақ» атты мақала шықты. Сол тұста аталмыш фестивальға қатысқан әзербайжандық жалғыз әнші еді. Финляндияда залдан бөлек, ашық алаңдарда да өнер көрсетті. Сапарға аттанған шығармашылық топ жайлы видео материалдан кейін жас Мүслім бірден елге таныла бастады. Ал арманға алғашқы қадамды Әзербайжан опера және балет театрында тағылымдамадан өткен кезінде басты.
Оның керемет вокалдық қабілеті, әнді сезінуі, тамаша техникасы бірден тыңдарманды баурап алды. Әрі жүзіктің көзінен өткендей сымбаты, сахнада өзін ақсүйектерше ұстауы қайран қалдырады. Атақты опера режиссері Иван Козловскийдің өзі жылы лебізін жолдады. Осы сәттіліктен кейін Мүслім Магомаев Чайковский атындағы концерт залында жеке шығармашылық кешін береді. Онда небәрі 21 жаста-тұғын. Залда ине шаншар орын болмады. Репертуарындағы он алты әннің 5-еуін қайталап орындады. Гүл шоқтары мен қошеметке көмілді. Көрермен жаңа жұлдызды осылай қарсы алды.
Көп ұзамай бельканто стилінің отаны әйгілі «Ла Скала» театрында тағылымдамадан өтіп, 1966 жылы Олимпия театрының сахнасын бағындырды. Ең ғажабы, Канн қаласындағы Халықаралық жазбалар мен музыкалық басылымдар фестивалінде оның пластинкалары миллион данамен таралды. Түркі баласы осылайша «Алтын Диск» марапатына ие болады. Ол Кеңес эстрада әртістерінің ішінде бірінші рет Америкаға гастроль сапармен саяхат жасаған жан.
Сол кездегі Әзербайжан президенті Гейдар Алиев әншінің талантын жоғары бағалаған. Оны музыкалық өнердің тірі аңызы әрі атасы орнатқан дәстүрді лайықты жалғастырушы деп санады. Бірде, 1970 жылы Бакуге арнайы гастрольдік сапармен келген VIA тобы тоналады. Полиция қызметкерлері ешқандай көмек көрсете алмайды. Бұл әзербайжан ұлты үшін үлкен сын еді. Содан музыканттар Мүслім Магомаевқа концерт барысында ұрлықшылардың заттарды қайтарып беруін айтуды өтінеді. Ертесінде қылмыскерлер әншіге деген құрметін білдіріп, барлық жабдықтарды қайтарып берген екен.
СОКП Бас хатшысы Леонид Брежнев оның орындауындағы «Белла, Чао» және «Жолдағы кеш» әндерін өте жақсы көретін. Бірақ мінезі бірбеткей әншінің билікпен қарым-қатынасы жақсы болмады. Кеңес өкіметі қаламақысын бұлдап, сотқа да тартты. Жарты жыл Мәскеуде ән айтуға тыйым да салды. Кезекті мерекелік кеште КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Юрий Андропов Мәдениет министрі Екатерина Фурцеваға хабарласып, Мүслімді тыңдағысы келетінін жеткізеді. Министр әншінің айыбын әшкерелеп, істің мән-жайын түсіндіргенімен, төраға: «Біз үшін ол – ең таза адам» деп мәселеге нүкте қояды.
Мүслімге Еуропаның ең атақты өнер ұжымдары құда түсті. Бірақ әнші туған жерінен ұзағысы келмеді. Бертін келе саясатқа да саусағын батырды. Қалағанынша халыққа еркеледі. Сұлулар оның үйін таңға дейін күзететін. Тіпті, айналасындағы арулардың бірінен соң бірі өмірге әкелген сәбилерін «Баку бұлбұлының баласы» деп таныстырды. Басылым беттері әншіні күстаналағанымен, серіге сондай сипат жарасатын еді. Әрине, мұның бәрі жалған ақпарат болатын.
Композитор ретінде де өз қолтаңбасын қалдырып кетті. Дарынды режиссер Эльдар Кулиевтің фильмдеріне, «Құстан құс туады» және «Ярославна» спектакльдеріне музыка шығарды. Князь Игордың ариясын жазды. Пьеса сахнада емес, Спасо-Преображенский монастырі қабырғасында қойылды.
Отызға қараған шағында үлкен театрларда жиі өнер көрсете бастады. Әсіресе екінші жары, КСРО халық әртісі Тамара Синявскаяның қатысуымен өтетін қойылымдарда ән айтуды қалады. Оны сезген, ақын досы Роберт Рождественский Мүслімнің атасының атындағы Баку филармониясында қос өнерпазды таныстырады. Әнші кейін сол киелі сахнаның «отбасы тұрағы» деп санады. «Бұл қарапайым әлеуметтік танысу сияқты көрінгенімен, мұнда нәзік жұбаныш пен жанашырлық сезімі жатыр», деп жазады ақын күнделігінде.
Мүслім Тамараға өзінің Бакуын көрсетті. Таныстық Мәскеуде жалғасып, сүйіктісінің артынан Италияға да еріп барады. Баку бұлбұлы күн сайын қоңырау шалып, тіпті сәт сайын гүлдер жіберумен болған. Дәл осы сәтте әншінің репертуарында ғашығына арналған «Мелодия» әні пайда болды. Тамара оны телефон арқылы естиді. Сөйтіп Мүслімге деген сезімін тұсауламай, күйеуімен ажырасып, сүйгеніне қосылады. Олар «Баку» мейрамханасында апай-топай той жасайды. Бақыттан басы айналған әнші қолдау танытқан жанкүйерлері үшін қақаған қыста терезеден ән айтып, екі ай бойы бронхитпен ауырады.
Баку бұлбұлы 1998 жылы сол асқақ қалпында сахнадан кетті. Сонда да өнерден алыстаған жоқ. Бос уақытында сурет салды, жанашыр жанкүйерлерімен әлеуметтік желі арқылы байланысып отырды. Дәрігерлердің нұсқауымен денсаулығын күтті. Ақыры өзі сезгендей, соңғы рет орыстың айтулы ақыны Сергей Есениннің өлеңіне жазылған «Қош бол, Баку» әнін орындап, дүниеден озды. Әйгілі әнші Бакудегі Құрметті аллеяда, атасының қасына жерленді.
Өзін Мәскеуге «Ұлы Низамидің жерлесімін» деп таныстырған түркі перзентінің бұлбұл үні мәңгі жүректен өшпесі анық.