Жуырда «Барша адамзатты біріктіруші құрал – кітап» ХXVІІІ Минск халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде ел павильонын Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақстандық делегация өкілдері – Ұлттық академиялық кітапхана мен өңірлік кітапханалар жеке экспозициялық алаңда қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттады. Көрмеде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, мерейтойлық даталарға арналған кітаптар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектері, тарихи және мұрағаттық құжаттар, заманауи басылымдар, сондай-ақ, 2021 жылдағы мерейтой иелерінің – Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, т.б. авторлардың кітаптары қойылды.
«Елдік экспозиция Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және бірқатар қазақстандық ұйымның күшімен жасақталған. Стендтің қалыптасуына Қазақстан Республикасының Кітап палатасы мен Қазақстан Жазушылар одағы ықпал етті», деп хабарлады Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшілігі.
Ел павильонының салтанатты ашылу рәсімі Беларусь Республикасының Ақпарат министрі Игорь Луцкийдің, мемлекет қайраткері, дипломат, Беларусь Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Максим Рыженковтың, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Бейсенбаевтың, Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Роман Мотульскийдің, «Звязда» баспа үйінің директоры Александр Карлюкевичтің, Беларусь республикасы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Елена Стельмахтың және Беларусьтегі қазақ диаспорасының қатысуымен өтті.
Шара барысында Беларусь Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерімен бірлесіп, әлемнің ұлттық және басқа да кітапханаларында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын ашу халықаралық жобасын сәтті жүзеге асыруда.
Бүгінде әлемнің 38 елінде, мәселен, Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Армения, Малайзия, Түркия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия елдерінде, сондай-ақ Нью-Йорк көпшілік кітапханасы, АҚШ Конгресінің кітапханасында орталықтар ашылып, жұмыс істеп тұр.
Кездесу аясында Қазақстан мен Беларусь ұлттық кітапханалары арасында өзара мәдени және кітапханалық ынтымақтастық, халықаралық кітап алмасу, тәжірибе және мамандар алмасу, цифрлы, электронды өзара іс-қимыл мәселелері қамтылатын меморандумға қол қойылды.
Көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Бейсенбаев: «Минск төріндегі керемет ғимаратта осындай екі елдің іс-шарасына қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл ғимарат – жай ғана кітапхана емес, архитектураның ғажайып туындысы. Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасымен біз жақсы қарым-қатынастамыз. Әртүрлі мейрамдар мен айтулы күндерді бірге атап өту тамаша дәстүрге айналды. Өткен жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына байланысты түрлі іс-шараларды бірлесіп өткіздік. Бұл үшін Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Роман Мотульскийге алғыс айтқым келеді. Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Міне, еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасы Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашып жатыр. Бұл екі ел арасындағы рухани қарым-қатынасты одан әрі нығайтары сөзсіз», деді.
Айта кетейік, ел делегациясы Беларусь Ұлттық кітапханасына 300-ден астам кітап алып барған.