• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2021

Абай атындағы аудан мен қала күрделі кезең сынағынан абыроймен өте алды ма?

525 рет
көрсетілді

Былтыр еліміз қазақ халқына ғана емес, әлемге хакім атымен әйгілі болған Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Бұл игі іс-шарадан Арқа төсіндегі Абай ауданы мен оның орталығы Абай қаласы да тыс қалмады. Әттең, әлемнің өзін әбігерге салған «жаман тұмау» болмағанда, ұлы ақынның есімін иеленген аудан мен қала құлашын кеңге сермер еді.

Иә, аталған ауданда Абай Құнанбай­ұлының 175 жылдық мерейтойын жо­ғары деңгейде ұйымдастыру жұмыс­тары қызу қолға алынған болатын. Ең алдымен өткен жылдың 24 қаңтарында Абай қаласында Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, «Қазақ тілі. Парасат» қоғамдық бір­лестігінің ұйымдастыруымен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы идеяларды дәріптеу мақсатында «ашық алаң» пішімінде іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мерейтой аясында абайтанушы, филолог ғалымдардың қатысуымен «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бірегей мәдени кеңістікті қалыптастыру, жергілікті авторлардың шығармаларын насихаттау, әдеби өлкетануды насихаттау, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында өңірдегі ақын-жазушылардың «Абай жаққан бір сәуле...» атты жинағы жарық көр­ді. Сонымен бірге заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 18 мемлекеттің тіліндегі туындыларын сандық жүйеге көшіру мақсатында электронды кітап нұс­қасы шығарылды. Сондай-ақ мерейтой аясында әртүрлі спорттық ойындар, #МеніңАбайым, #Abai175 #ABAI175CHALLENGE  челендж­дерінің ұйымдастырылғанын да айта кеткен ләзім.

Ал мерейтойға арналған іс-шара­лардың ішіндегі айтулысы – Абай қаласында хакімге арналған ең­селі ескеткішті орнату болды. Жалпы хакімге арналған мүсін туралы әңгіме 2019 жылдан бастау алған еді. Сол жылдың 10 сәуірі күні әкімдік жанынан конкурстық комиссия құрылып, ашық конкурс өткізудің ережелері бекітілген болатын. Аталған комиссияның құрамына өңірдің танымал қоғам қайраткерлері, мүсіншілер мен сәулетшілер, жергілікті атқарушы органның өкілдері енді. Маусым айының 17-сінде конкурстық комиссия өзінің отырысында 13 мү­сіншіден келіп түскен 16 жобаны қарап, соның ішінен үш жұмысты таң­дап алған бо­латын. Қатаң іріктеуден өткен бұл жобалар ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияға жіберілді.

Әлбетте, әрбір істе түпкі мақсатқа жету үшін күресу керек болады. Абай ауданының атқа мінген азамат­тары үшін де өздері таңдап алған жобаның жеңіске жеткені аса маңызды еді. Ақырында, тиісті органдармен жүргізілген табанды жұмыстың нәтижесінде, 2019 жылдың 20 қараша­сында ескерткіштің жергілікті комис­сия таңдаған жобасы жоғарыдан мақұл­данып, біржолата бекітілді. Осы орайда, таңдаудың мүсіннің дәл осы нұсқасына түсуі – облыс әкімінің қол­дауы мен аудан басшысының және ұйым­дастыру ісінің басы-қасында жүр­ген бір топ азаматтың қажырлы еңбе­гінің жемісі екендігін айта кеткен жөн.

Тұғырымен қоса есептегенде биік­тігі 7,6 метрге жететін ескерткіш 2020 жылдың 15 қарашасында Абай қала­сының қақ ортасындағы мәдениет үйінің алдына орнатылды. Шапанын желбегей жамылып, оң қолына кітап ұстаған Ұлы Абайдың ойшыл көзбен алысты шолып тұрған асқақ бейнесі көпшіліктің көңілінен шыққан. Ескерткіштің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер ака­демиясының корреспондент-мүшесі Бейбіт Мұстафиннің бұл туындысы адамзат баласына қадірі өткен хакім образын жеріне жеткізе бере алғандығымен ерекшеленгені рас еді. Мұны зиялы қауым өкілдері де, белгілі суретші-мү­сін­шілер де, тұрғындар да бірауыздан мақұлдаған болатын.

Жалпы Абайдың есімін иеленген аудандағы соңғы жылдары болып жат­қан оң өзгерістерді ауыз толтырып ай­туға болады. Мысалы «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы бо­йынша Абай қаласында екі бес қабатты үй және Топар кентінде 18 пәтерлі үй құры­лы­сы жүргізіліп жатыр. Ал биыл Абай қала­сындағы 30-орамда бес қабатты бір үй құры­лысын бастау жос­парда бар. Бұдан бөлек көп балалы отбасылар үшін 13 пәтер сатып алынды. Жоспарда бұл санат­тағы отбасыларына тағы 60 пәтер са­тып алу көзделген.

Айта кететін бір жайт, Абай ауда­нының әкімі Бауыржан Асанов – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының талабына сай облыста ашықтық жағдайында жұмыс істеу тәсілін тәуір меңгерген лауазымды тұлғаның бірі. Бүгінде аудан басшысына көптеген мәселелер туралы арыз-шағым мен өтініш-тілекті кез келген уақытта әлеуметтік желілер арқылы жеткізу қалыпты жағдайға айналған. Аудан әкімі былтыр 21 тікелей эфир өткізгенде, оған түрлі тақырыпты қаузаған 400-ден астам сұрақ қойылыпты. Бүгінде осы сұрақтарда көтерілген мәселелердің тең жартысына жуығы оң шешімін тапқан. Қалғандары бойынша да нақты жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Аудандағы барлық жол біртіндеп қалпына келтірілетін болады, – дейді Б.Асанов. – Алдыңғы жылы Промыш­ленный, К.Маркс және Степной көше­леріндегі жол учаскелері жөнделген болатын. Осы жылы біз Калинин, Школьный және Гете көшелеріндегі жолдарды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүзеге асырамыз. Абай көшесін қалпына келтіру жарықтандыру тіректерін орна­тумен жалғасады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы елді мекендердегі жолдарды да жөндей алдық. Самарка, Юбилейный, Есен­гелді, Сәрепті, Құлаайғыр ауылдарында, Топар, Южный кенттерінде ішкі жолдар­ға ағымдағы және орташа жөндеу жүр­гізіл­ді. Тағы да 10 учаскеде жолдар те­гіс­­телді. Жаңа Қараған жолдары да жөн­­делді».

Биыл «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Топар кентінде бес кө­шеге, Қарабаста екі көшеге, Жартас ауылын­да алты көшеге орташа жөндеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарланған.

Былтыр ауданның Құрма, Жұмабек және Дубовка ауылдарындағы су құбыры желісін қалпына келтіру бойынша көптен күткен жобаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар атқарылды. Биыл аталған жобалар аяқталғанда, халық үздіксіз сапалы сумен қамтылатын болады. Топар, Қарабас кентінде, Сәрепті ауылында және Абай қаласындағы Школьный кө­шесінде су құбыры желісі бойынша ағым­дағы жөндеу жұмыстарының жүргі­зіл­генін де айта кету керек.

Абай – өңірдегі ауыл шаруашылығы мықты дамыған аудандардың бірі. Жергілікті ауыл шаруашылық құрылым­дары өндіріске ылғал үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарды сәтті жалғастырып келеді. Мысалы былтыр ылғал үнемдеу технологиялары 2019 жылға қарағанда 11,1 % өсіммен 15 мың гектар алаңына пайдаланылған. Тамшылатып суаруды қолдану аумағы 56 гектарды құрады.

Мал шаруашылығы туралы сөз қоз­ға­ғанда, биылғы 1 қаңтарға дейінгі санақ бойынша ірі қара саны 23,1 мың басты құраған, бұл 2019 жылмен салыс­тырғанда 4,3%-ға артық. Сонымен қатар былтыр 13 мың тонна ет, 28 мың тон­на сүт, 282 млн дана жұмыртқа өнді­ріліп, алдыңғы жылдардағы көрсет­кіш­тер­ден асып түсті. Жалпы ауданда мал ша­руа­шылығы өнімдері ауыл шаруа­шылы­ғының жалпы өнімінің 49%-ын құрайды.

Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталда инвестиция өсуінің оң динамикасы байқалады. Жылдың басынан бастап аграрлық-өнеркәсіптік кешенге (АӨК) 2 млрд 285 млн теңге мөлшерінде қаржы инвестицияланған. Ал биыл бұл салада инвестициялар есебінен жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асатын сегіз жылжымалы инвестициялық жоба іске асырылып, 80-нен астам жұмыс орнын құруды мақсат еткен ауқымды шаруа қолға алынбақ. Сонымен қатар шамамен 7,5 млрд теңгеге тағы да бес жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жос­парда бар.

Рас, өткен жыл карантиндік шектеу­лерге байланысты күрделі кезең болды. Бірақ бұған қарамастан, ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің саны азайған жоқ. Керісінше, 33 жаңа нысан ашылып, 150 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Абай ауданында 1 млрд 362 млн теңге сомасына 42 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, 349 жұмыс орны ашылды.

Ауданда «Абай Сити» ірі сауда ор­­талығының ашылуы айтулы оқи­ға­ның бірі болды. Тағы бір сауда және ойын-сауық орталығы 2022 жылы пай­да­лануға беріледі деп жоспар­ланған.

Әлеуметтік салада барлық міндеттеме орындалды. Мысалы, білім беру нысандары бойынша 18 мектеп жөнделді, оның ішінде 3 мектепте күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Биыл 4 ауыл мектебінде күрделі жөндеуді жал­­ғастыру жоспарланған. Жергілікті бюд­жеттен 80 компьютер сатып алу және республикалық бюджет есебінен 197 компьютер, 954 ноутбук және 100 планшет сатып алу арқылы аудан мек­тептеріндегі компьютерлік парк ұлғай­тылды. Мұның өзі балаларды қашықтан толыққанды оқытуға мүм­кіндік берді. Сондай-ақ биыл мем­лекет­тік тапсырыс бойынша Абай қа­ласын­да және ауыл­дағы мектеп базасында 550 орынды жеке бала­бақша, Қызыл кен­тіндегі мектеп базасында 15 балаға арнал­ған шағын ор­талық ашылады.

Ауданда спорттық инфрақұрылым да дамып келеді. Былтыр Ақбастау ауылында және Вольный кентінде 2 көпфункционалды корт, Абай қала­сында, Дубовка ауылында және Қара­бас кентінде 3 Street Workout спорт алаңы орнатылды. Ал биыл Кзыл ауылын­дағы №8 орта мектептің базасында 1 көп­функционалды корт орнату, сондай-ақ Дубовка орта мектебінде спорт алаңына жасыл жамылғы төсеу және қоршау салу жоспарланған.

Абай қаласы мен ауданы кездескен қиыншылықтарға қарамастан, заман­ның ағымына сай рухани тұрғыда жаң­ғырып келеді. Абай қаласындағы атта­ры идеологиялық тұрғыда ескірген кө­ше­лерге ұлттық танымға жақын атау­лар беру бойынша ауқымды жұмыс жүр­гізілді. Соның нәтижесінде қаладағы бұ­рынғы Энгельс, Карл Маркс, Кали­нин, Ленин, Курчатов көшелері, сәйкесінше, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Шерубай батыр, Әлия Молдағұлова атындағы көшелер болып өзгертілді.

Бір сөзбен айтқанда, хакімнің есімін иеленген аудан мен қала ынтымақ пен бірліктің қалыбын бұзбай жүргізген байыпты саясаттың арқасында бағыт-бағдарынан жаңылмай, дамудың ел таңдаған бірегей жолына түскен.

 

Қарағанды облысы,

Абай ауданы