ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың отырысында Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес шеңберінде таныстырылған инвестицияларды басқару бойынша жаңа тәсілдер қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 2025 жылы ЖІӨ-нің 30%-ына дейін, тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $30 млрд-қа дейін жеткізу мақсаты қойылғанын атап өтті. Осы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін инвестицияларды таргеттелген және проактивті тарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылады.
Инвестициялар тарту үшін агроөнеркәсіптік кешен, туризм, инфрақұрылым, машина жасау, фармацевтика, ТМК, мұнай химиясы, IT, білім беру және қосылған құн деңгейі жоғары басқа да салалар басым секторлар болып айқындалды. Инвестициялардың нысаналы көлемдерінің көрсеткіштері салалар бойынша, мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері жылдар бойынша бөле отырып, декомпозицияланды. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 32,4 трлн теңге сомасына 1 600-ден астам жобадан тұратын пул құрылғанын айтты.
Тікелей шетелдік инвестициялар ағынын қарқындату жөніндегі жаңа тәсілдерді іске асыру шеңберінде ҚР СІМ-нің шетелдік мекемелері үшін үш жылдық Елдік бағдарламалар әзірленіп, қабылданды. Әрбір бағдарлама белгілі бір елдің экономикасының құрылымының ерекшелігін ескере отырып, оның таргеттелетін салалары мен компанияларын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бес жыл ішінде АӨК саласында жалпы сомасы 4,1 трлн теңгеге 400-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бұл 2025 жылға қарай жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есе, ал экспортты 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте 2023 жылға қарай ішкі нарықты негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен молықтыру қамтамасыз етілетін болады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл өңірге машина жасау, металлургия және ТМК сияқты салаларға кемінде 810 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. Жыл соңына дейін 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 282,2 млрд теңге сомасына 14 жоба аяқталатын болады.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов алдағы бес жылда өңірде машина жасау, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика, денсаулық сақтау және т. б. салаларда 1,6 трлн теңгеден астам сомаға 59 жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өтті.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов шетелдік және отандық инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа алгоритмі АХҚО және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның барлық инвестициялық жобаларды егжей-тегжейлі тексеруін көздейтінін баяндады. Инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және АХҚО-ның «Business Connect» бөлімшесі сарапшыларынан «Task Force» арнайы келіссөз командасы құрылатын болады.
Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның инвестициялар тарту жөніндегі жұмысқа қатысуы кеңейтіледі. «Жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру іскерлік белсенділікті қалпына келтірудің және экономиканың одан әрі сапалы өсуінің басты шарты болып табылады», – деді А. Мамин. Стратегиялық инвестициялық келісімдер жасасу жөнінде шешімдер қабылдаудың негізгі орталығы Инвестициялық штаб болады. Үкімет жұмысының қорытындысы бойынша жыл сайынғы негізде инвестициялар бойынша Ұлттық баяндама қалыптастырылады.