«Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ шотынан 1,5 миллиард теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 23 ақпанда «Қазақалтын» ТКМК» АҚ өкілдері компанияның шотынан 1 миллиард 533 миллион теңге ұрлау фактісі бойынша полицияға жүгінді. Аталған қылмысты ашу үшін криминалдық полиция және тергеу бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында ағымдағы жылғы 26 ақпанда полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында екі күдіктіні ұстады. Оның бірі 37 жастағы қаржы бөлімінің қызметкері болса, екіншісі оның 38 жастағы азаматтық некедегі күйеуі. Күдіктілерге қатысты сот «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», деді ведомстводан.