Мамандар кәмелетке толмағандарға қатысты, атап айтқанда, балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстың түп тамырын зерттегенде, олардың көбісінің жақын адамдар немесе отбасы мүшелері тарапынан жасалатынын анықтаған екен. Ал қазіргі таңда бұл шетін мәселенің шешімін табу – күн тәртібіндегі өткір мәселенің бірі болып тұр.
Ал Қарағанды облысында 1 наурыздан бастап өңірдің 70 педагогі кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында «Ангел» балалар қауіпсіздігі орталығының авторлық бағдарламасы бойынша дәріс ала бастайды. Яғни бұл салада құқық қорғау органдары мен білім басқармасы жұмысты күшейткен. Мұндағы мақсат біреу – сертификат алған мектеп тренерлері балалар қауіпсіздігі бойынша оқушыларға тұрмыста және әлеуметтік желілерде өзін қалай ұстау керектігін үйрететін болады.
Таяуда облыстық әкімдікте өткен онлайн-кеңесте балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Сол жиында сөз алған облыстық полиция департаментінің ЖПҚБ бастығы Валерий Коваленко балалар тәрбиеленетін барлық отбасыларға үнемі барып тұру, тиісті әңгімелер жүргізу, ата-аналарға, атап айтқанда, аналарға жадынамалар таратудың қажеттігіне баса мән берді.
– Бұл шаралар зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстарды анықтауға және олардың алдын алуға көмектесуі тиіс. Ең алдымен полиция есебінде тұрған адамдармен бірге тұратын отбасылардың қамтылғаны керек, – деді полиция өкілі.
Осы орайда айта кететін бір жайт, Қарағанды облысында 1 ақпаннан бастап барлық құқық бұзушылыққа, оның ішінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректеріне шұғыл ден қою мақсатында жедел басқару орталығына (ЖБО) байланыстырылған «SOS – бір қоңырау» мобильді қосымшасы жұмыс істей бастаған. Оны плеймаркеттен «102» деген атаумен жүктеуге болады. Мұны әр отбасы, әсіресе кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленетін отбасылар жүктеп алғаны жөн. Осы қосымша жұмыс істей бастағаннан бері Қарағанды қалалық полиция бөліміне қарасты ЖБО-ға 19 өтініш түскен екен. Оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастарға қатысты бір қоңырау болған.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау үшін блогерлерден тұратын топ құрылды. Әзірге кибереріктілер қауымдастығы тек Қарағандыда ғана жасақталған. Бірақ жақын арада мұндай топтар Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларында да пайда болады деген жоспар бар.
Киберволонтерлер заңсыз бағыттағы сайттар мен контенттерді анықтау үшін интернет-кеңістікке мониторинг жасап отырады. Айта кету керек, қазірдің өзінде олардың жұмысы оң нәтиже бере бастапты. Мысалы, ВКонтакте әлеуметтік желісін бақылау кезінде жас шектеулері жоқ топтар анықталған. Яғни кез келген пайдаланушы, оның ішінде жас бала да осы топтардағы ақпаратты емін-еркін ала алады екен. Олар мұнда интимдік фотосуреттерді салып, жасына байланысты шектеулер жоқ сайттарда түбі күмәнді танысулар ұсынатын көрінеді.
Жоғарыда айтылған онлайн-кеңесте облыстық білім басқармасы мен полиция департаментінің сауалдамаларды дайындаумен және ақпараттық контентті өңдеумен айналысатын психологтерінің өзара іс-қимылы жолға қойылғаны атап өтілді. Мысалы, бүгінде Қарағанды облысының 7 мектебінің базасында «Психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі» бағдарламасы мақұлдаудан сәтті өтті. Мұның өзі педагог-психологтерге оқушылармен жүргізілетін жеке жұмысқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мектептердің әлеуметтік төлқұжаттарына өгей әкелері немесе өгей шешелері бар отбасыларда тәрбиеленетін балалардың есебі енгізілгенін мәлім етті.
– Мектептер мен колледждерде психологиялық көмекті күшейту мақсатында мектеп қауіпсіздігі командалары құрылды. Олар әлеуметтік, медициналық, психологиялық-педагогикалық немесе құқықтық қолдауды қажет ететін балаларды анықтайды, – деді облыстың бас мұғалімі.
Онлайн-кеңесте сөз алған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әрбір ата-ана бұл бағыттағы әр іс пен әр бала үшін алаңдауы керектігіне баса мән берді.
– Біз кәмелетке толмағандарға қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықты болдырмау жөнінде 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасын бекіттік. Бұл алаңқайда барлық мәселені ашық талқылау керек. Комиссияның жұмысына қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тартқан жөн. Жалпы аталған мәселеге қатысты әрбір факті егжей-тегжейлі тексерілуі керек, – деп атап өтті өңір басшысы.
Қоғамдық ұйымдар демекші, бүгінде өңірде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша «Не молчи» қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрімен ынтымақтастық орнатылыпты.
Әлбетте, ақпаратты технология бой бермей кеткен бүгінгі заманның сұмпайы дерті – балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмысқа қоғам болып жұмылмайынша, істің оңға баса қоймасы белгілі. Сондықтан да бұл шаруаға жұртшылық жаппай атсалысуы керек деп санайды мамандар.
Қарағанды облысы