Бүгінде Жамбыл облысы тұрғындарының жиі көтеретін мәселесі баспана болып отыр. Әкімдердің есепті кездесуінде болсын, жеке қабылдауларда болсын, тіпті әлеуметтік желілерде болсын, көптеген тұрғынның көтеріп жүрген өзекті мәселесі осы.
Өңірде жыл сайын жергілікті жұртшылықты тұрғын үймен қамту тиісті деңгейде жүзеге асырылып келе жатқанымен, әлі де мыңдаған азаматтар баспана кезегінде тұр. Мәселен, былтыр облыста 618 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 155 мың шаршы метр көппәтерлі үй, 463 мың шаршы метр жеке үй бар. Мұның тағы бір себебі, былтыр өңірде пәтерлерге қарағанда жеке үйлер көп салынған. Бұл көрсеткіш кезекте тұрғандардың мәселесін шешіп бере алмайды. Сондықтан аймақта баспана мәселесі талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді.
Қазіргі кезде тұрғындардың баспаналы болуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, ағымдағы жылы 721 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бірақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер алу үшін мемлекеттік бағдарламалардың берер мүмкіндігі мол болғанымен, бүгінде оның да толық көлемде пайдаланылмай отырғанын айтқан. Мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысы «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде рәсімделген несиелер саны бойынша еліміздегі аймақтардың ішінде 14-орында тұр екен. Ал талай жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж әрбір тұрғын күн өткен сайын жақсылықтан үмітті.
Бұл ретте мамандар не дейді? Ұлттық банктің облыстық филиалының басшысы Евгений Шарыгин әуелі әлеуетті сатып алушыларды анықтап алып, содан кейін ғана тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру керек деген пікірде. Сонымен қатар, «Отбасы банкі» АҚ Тараз қалалық филиалының директоры Гүлзат Бекназарованың айтуынша, «Шаңырақ» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыс 8-орында тұр екен. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 357 отбасы баспаналы болған. «Отбасы банкі» базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылды. Аталған орталық тұрғын үй сатып алуға ниетті адамдардың есебін жүргізумен айналысады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандарды жеке жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ал мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері қатарындағы кезекте тұрғандар пәтерді жеңілдетілген займ арқылы сатып алады», дейді ол.
Сондай-ақ, Гүлзат Бекназарова ағымдағы жылдың қаңтар айында Тараз қаласындағы жаңа тұрғын үй бағасының үш пайызға өскенін айтты. Бүгінде мұндай өсім республиканың барлық ірі қалаларында байқалады. Ал қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы да бес пайызға артқан. Бірақ бұл жамбылдықтардың мемлекеттің қолдауынсыз жеке баспаналы болуын одан әрі қиындата түскен. Сонымен қатар, қызметкерлері үшін өз есебінен типтік жоба бойынша тұрғын үй салатын ауылдық жұмыс берушілердің шығындарының бір бөлігін субсидиялау тетігінің әзірлену барысы да әлсіз болып тұр. «Бүгінгі таңда бар-жоғы 43 шаруа қожалығынан 109 ғана ұсыныс түсті. Әрине, бұл мардымсыз көрсеткіш. Бұл ретте аудан әкімдері жұмыс берушілермен түсіндірме жұмыстарын тиісінше жүргізе алмай отыр», дейді Ж.Шалдаров.
Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту биылмен тоқтап қалмайды. Әлі талай мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Дегенмен, бұл тұрғыда да үй алудың тұрғындар үшін тиімді жағы қаралып, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану мәселесінің ойдағыдай болғаны дұрыс-ақ.
Жамбыл облысы