Әу бастан адамзаттың болмысына рух беріп келе жатқан, тәрбие мен білімнің қайнар көзі саналатын діннің төңірегінде қазіргі кезде қоғамда дау көп. Әсіресе, әлеуметтік желіні ашып қалсақ, көпшіліктің дінге не болмаса дін жолында жүргендерге деген ішкі қарсылығы анық байқалады. Үй ішінен үй тігіп, ағым-ағымға, жік-жікке бөлініп алып, дін төңірегінде қызылкеңірдек болып жататындар барлық жерде кездеседі.
Жамбыл облыстық Дін істері басқармасының мәліметінше, өңірде жат ағымға ілесушілермен жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылдан бастап «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасы арқылы әлеуметтік желілердегі деструктивті діни топтарға тіркелген облыстың 7188 тұрғынымен байланыс орнатылып, олар тыйым салынған экстремистік топтардан шығарылған. Деструктивті діни ағымдардың ықпалындағы 997 азаматпен жеке жұмыс жүргізіліп, өткен жылы олардың 135-і қоғамға бейімделген. «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматтардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелері шешілген.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясында Қордай ауданында кешенді іс-шаралар атқарылды. Дін проблемаларын зерттеу орталығының 4 қызметкерден тұратын арнайы бөлімі ашылып, аудандағы діни ахуалға тұрақты бақылау жүргізілуде. Аудандағы діни неке қиятын мешіттердің саны 18-ге дейін көбейді. Оның 5-еуі – дүнген ағайындар баратын мешіттер. Қиылған некелердің есебі ай сайын аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімімен салыстырылады», дейді облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров.
Жат ағымның жетегінде жүргендер қоғам үшін қай кезде де қауіпті. Облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Бақтияр Амантайұлы теріс ағымда кетудің бірнеше себебі бар екенін, оның басында білімсіздік тұратынын айтты. «Кейбір кісілер шын мәнінде ақиқатты білейін, дінді үйренейін деп жүріп теріс ағымдағылардың қатарына қосылып кетеді. Бірақ оны өзі білмейді. Бұған себеп – діни білімді дұрыс алмау. Мешіт, медресе сияқты арнайы орындарда емес, пәтерлерде, жертөлелерде тәлім алып, сөйтіп теріс ағымға түсіп кеткендер көп. Одан кейін интернет, әлеуметтік желілер бар. Бір адамның түрін көрмей, оның кім екенін білмей жатып, оның уағызын тыңдап, жат ағымға шырмалып жатқандар да жетерлік. Біз азаматтарға уағызын тыңдауға болмайтын кісілерді айтып жатырмыз.
Адамдардың теріс ағымға ілесіп кетуі әлеуметтік жағдайға да байланысты. Оларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Осыған да қызығуы мүмкін. Сонымен қатар, ата-анадан қысым көру сияқты отбасылық жағдай да көп жастың теріс жолға түсуіне әсер етеді», дейді ол.
«Жат ағымда жүргендердің тағы бір қауіптілігі – ұлттық дәстүрлерімізді теріске шығаруында. Мысалы, қайтыс болған кісіге Құран бағыштау, қабірдің басында аят оқу, жеті шелпек пісіру, келіннің сәлем салуы сияқты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерді олар теріске шығарады. Намазда қол жайып, дұға қылмайды. Жамағатпен намаз оқығанда тұрып кетіп қалады. Бұлардың ең басты ұстанымы – қазақи дәстүрді жоққа шығару. Олар соған шақырып жүр», дейді Б.Амантайұлы.
«Дүмше молда дін бұзар» дегендей, бүгінде елді шатастырып, тура жолдан тайдырып жүргендер баршылық. Сондықтан да жұрттың дін ұстанатын кісінің өзіне күмәнмен қарай бастағаны шын. Білімсіздік, көзсіз фанатизм, жалған діндарлық – осының барлығы халқымыздың рухани әлеміне қауіп төндіріп тұр.
Жамбыл облысы