• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Наурыз, 2021

Білім беру ісін жетілдірудің қадамдары қандай?

693 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім беру саласын жетілдірудің жүйелі мәселелері қаралды. Бұл мәселе бойынша Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов баяндама жасады.

5 жетекші шетелдік ЖОО кампусы ашылады

Білім және ғылым министрі Асхат Ай­мағам­бетовтің айтуынша, балалар­ды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту­мен қамту өзекті болып қалуда. Бүгінгі таңда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар­ды қамту 71,2%, 3-6 жастағыларды қамту 98,7% құрайды. 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға, 3-6 жастағы балаларды қамту 100%-ға жетеді. Ол үшін жекеменшік бала­бақ­ша­лар желісі одан әрі дамытылады.

Сонымен қатар министрлік ваучерлік қаржыландыруды, мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастырудың балама нысандарын енгізуді дамытуды жоспарлауда. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін «Ойын арқылы оқыту» қағидаты не­гізінде мемлекеттік стандартқа өзге­ріс­тер енгізіледі. Сонымен бірге жаңа модель ата-аналарды балалардың тәр­бие­сіне, дамуына тарту үшін олармен тығыз жұмыс жасауды қарастырады», деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика пәндеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар елімізде 12 жыл­дық білім беруге кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет үлгілік оқу бағдарламаларын сараптаудан және апробациядан өткізу қарастырылады. Оқулықтардың құрылымы мен маз­мұ­ны­на қойылатын бірыңғай талаптар бекі­тіледі. Сарапшыларға біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып, олардың базасы қалыптастырылады.

Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жалғасады. Оқу нәти­желері төмен оқушылар үшін он ­күндік демалыс бағдарламасы және жазғы мек­тептерді ұйымдастыру жоспарлануда.

Дарынды балаларды қолдау жұмыс­тары жалғасады. 2020 жылы еліміздің дарынды балалары халықаралық олимпиада мен ғылыми жарыстарда 437 медаль иеленді. Қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру және қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналас­тыру жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және жеке­меншік ұйымдарда орналасатын болады.

2025 жылға дейін барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалады. Сондай-ақ дене шынықтыру мұ­ға­лімдеріне секциялар мен үйірмелер өт­кізгені үшін қосымша ақы төлеу мәсе­лесі пысықталады. «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында педагогтердің еңбек жағдайлары жақсартылуда. Педагогтерге тән емес функцияларды және көзделме­ген есептерге тартудан босату шара­лары қабылданды, яғни мұғалімдер тек 2 құ­жатты – электронды журнал мен сабақ жос­парын толтыруы керек.

Маңызды бағыттардың бірі инфра­құ­рылымды дамыту болып отыр. Қазіргі уақытта елімізде 34 апатты және 137 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай орын тапшылығы шамамен 670 мың орынды құрайды. Соңғы екі жылда елімізде 41 мың оқушыға арналған 126 жеке­меншік мектеп ашылды. Министр бұл соңғы 10 жылда ашылған жеке­меншік мектептердің рекордтық саны екенін атап өтті.

Колледждерге академиялық дербес­тікті енгізу бойынша жұмыс жүргізілу­де. Бүгінде заңнамалық деңгейде уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды. 9-сынып негізінде оқу мерзімін 3,6 жылдан 2 жылға дейін және 11-сынып негізінде 2,6 жылдан 1,5 жылға дейін қысқарту жоспарлануда. Колледждер оқу мерзімдерін өздері реттейді және өз өнімдерін сату мүмкіндігіне ие болады. Биыл «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің инфрақұрылымын жаңғырту аяқталады.

2025 жылға қарай инновациялық бағдар­ламалардың үлесі 20%-ды құрай­ды. Жоғары білім беру тиімділігінің көр­сет­кіштерінің бірі дүниежүзілік рейтинг­тердегі өкілдігі болып табылады. 2025 жылға қарай QS WUR рейтингіне кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 15-ке дейін артады. 2025 жылға қарай республика аумағында 5 жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда. Жалпы алғанда, бұл дарынды жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.

 

Жалақы артады, талап күшейеді

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуын­ша, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында білім беру мазмұнын жаңғырту, оның жаңа инфрақұрылымын құру, педагогтер мен білім алушыларды әлеуметтік қолдау бойынша шаралар әзірленді. 2024 жылға қарай педагогтердің жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы 2 есеге ұлғаяды. 800 жаңа мектеп салынып, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады. Колледждерде 9-сынып негізінде оқу толығымен тегін болады. Колледждерді бизнеске сенімді басқаруға беру тәжі­рибесі жалғасады (қазіргі уақытта 10 кол­ледж берілді). Университеттердің білім беру бағдарламалары кәсіптік стандарт­тар негізінде 100% жаңартылады, бұл түлек­тердің жұмысқа орналасу мүм­кін­діктерін арттырады.

Талантты жастардың елден кетуін қыс­қарту мақсатында шетел универси­тет­терінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Отандық 20 жетекші ЖОО өңірлердің өсу нысанасына айналады. Назарбаев Университеттің тәжірибесі бойынша Инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық ЖОО құрылатын болады. Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейінгі гранттар саны 50%-ға артады. Жыл сайын жас ғалымдарға 1 мың грант бөлінеді, ал 500 қазақстандық ғалым әлемнің танымал ғылыми орталықтарында тағы­лым­дамадан өте алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша осы жылдың сәуір айында белгіленген үлгі­дегі құжаттарды бере отырып, қазақ­стан­­­дықтардың өз бетінше оқу нәти­же­лерін тануды көздейтін Үздіксіз білім беру тұжырымдамасы қабылданады. Үкі­мет басшысы Білім және ғылым ми­нистр­­лігіне 2021 жылғы желтоқсанға дейін мектепке дейінгі білім беруді қар­­жы­ландырудың ваучерлік тетігін апро­ба­циялауды аяқтауды және 2022 жыл­дан бастап оның жаппай енгізілуін қам­­тамасыз етуді, осы жылдың 1 сәуі­рі­­не дейін әлемдік практикада қабыл­дан­­­ған, балабақшалардың жұмыс сапа­­сы­­ның көрсеткіштерін («Starting well» рей­­тингінде) бекітіп, енгізуді тапсыр­­ды. «Балабақшалардың жұмысы ата-ана­­лардың қанағаттану деңгейін, бала­лар­­дың ерте даму көрсеткіштерін, тамақ­тану сапасын, жұртшылықтың бағасын ескере отырып бағалануы тиіс», деді А.Мамин.

Өңірлер әкімдіктеріне жеке балабақ­ша­лар желісін дамыту есебінен 2021 жылы 32 мың орынға дейін мектепке дейінгі білім беру орындарын ашуды қамтамасыз ету, 200 жаңа мектепті пайдалануға беру, сондай-ақ қалалық және ауылдық мектептердегі оқыту жағ­дайларын теңестіру, оның ішінде ауыл­дық жерлерде жоғары білікті педагог­терді бекіту бойынша нақты шара­лар қа­былдау тапсырылды. Білім және ғылым министрлігіне, облыс әкімдік­тері­не биылғы 25 наурызға дейін 5 мың ауыл мектебін жарақтандыру, жөндеу, орта қауіпсіздігі жағдайлары, мектеп жи­­һаз­­дарын жаңарту, кітапханалар мен мек­теп асханаларын жаңғырту бойынша нақты индикаторлары бар жаңғы­рту жө­ніндегі жол картасын енгізу міндеттелді.

Үкімет басшысы биыл колледждерде кадрлар даярлауға арналған мемле­кет­­тік тапсырысты 20 мың орынға ұл­ға­йту­ды, сондай-ақ 9 және 11-сынып түлектерімен алдын ала кәсіптік бағ­дарлау жұмысын жүргізуді тапсырды. Білім және ғылым министрлігіне 20-дан аса мықты ЖОО-ны іріктеп, осы жылдың 25 наурызына дейін Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі кеңестің қарауы үшін олардың тізбесін Үкіметке енгізуді тапсырды. «Білім беру жүйесін кешенді жаңғырту бәсекеге қабілетті экономиканың негізгі факторы болатын сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», деп түйіндеді А.Мамин.

 

Нақты сектор тұрақты өсу қарқынын көрсетті

Сондай-ақ Үкімет отырысында елі­міздің 2021 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқары­луы­ның қорытындылары қаралды.

Халықаралық рейтингтік агенттік­тер­дің болжамдары бойынша 2021 жылы Қазақ­стан экономикасының өсімі 3%-дан астам деңгейде күтілуде. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында эко­но­миканың нақты секторы тұрақты оң ди­на­миканы көрсетуде. Экономика дамуының негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі (+6,1%), құрылыс (+9,7%), оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру (+12,8%), сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы (+3,1%) болды. Қызмет көрсету секторының біртіндеп қалпына келуі байқалады. Ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді (+9,4%). Тұрақты өсім азық-түлік өнімдері өндірісінде (+3,1%), жеңіл өнеркәсіпте (+3,5%), оның ішінде киім өндірісінде (+19,9%) және тері өнімдері өндірісінде (+16,6%), химия өнеркәсібінде (+14,1%), түсті металдар өндірісін қоса алғанда (+5,4%), металлургия өндірісінде (+3,5%), машина жасауда (+21,2%), оның ішінде автомобиль жасауда (+19,6%), сондай-ақ фармацевтикада (+9,2%) байқалады. Көмір өндіру жоғары өсу қарқынын көрсетті (+4,5%).

Тау-кен өндірісін есепке алмаған­да негізгі капиталға салынған инвести­ция­лардың өсуі 13,3%-ды құрады. 2021 жылғы 4 наурызда ОПЕК+ мониторинг комитетінің отырысы өткен еді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін 20 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жекелеген шарттар келісілді. Бұл тау-кен өндірісі сек­торындағы өсу қарқынын орташа ұлғай­ту­ға мүмкіндік береді.

Алматы және Ақмола облыстары негізгі көрсеткіштер бойынша әлеу­мет­тік-экономикалық дамудың өсуін қамта­ма­сыз етті, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы 5 көрсеткіш бойынша, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізді.

«Инвестициялық белсенділіктің жа­һан­дық төмендеуі жағдайында сапалы ин­вес­тициялар тарту бойынша жоғары бә­секелестік байқалады. Отандық және шет­елдік инвесторларды белсенді тар­та отырып, жекешелендіру жоспарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет», деді А.Мамин. Оның айтуын­ша, жаңа жағдайда кәсіпкерлік субъек­тілерін қол­дау үшін іскерлік белсен­ділікті ті­ке­лей ынталандыру шаралары үш ба­ғыт­та іске асырылады. Бұл – қар­жы­лан­­дыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету, бизнеске жүктемені азайту, өткізу на­рық­тарына қолжетімділікті кеңейту.

Үкімет басшысы министрлер мен өңірлердің әкімдеріне жұмысты жандандыруды, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауды тапсырды.

 

Маңызды азық-түлік бағасына қатаң бақылау орнатылады

Үкімет отырысында әлеуметтік маңы­зы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.

2020 жылы Үкімет пен әкімдіктер азық-түлік өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтама­сыз ету бойынша шаралар кешенін қабыл­дады. Әлеуметтік маңызы бар тауар­лар­дың шекті бағасы белгілен­ді, «қай­тарымды схема» арқылы баға­ны өсір­меу бойынша міндеттеме ал­ған сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру тәжірибесі кеңейтілді. Ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілер­ге мемле­кеттік қолдау шаралары көрсетіл­ді. Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тұ­рақ­тандыруға мүмкіндік берді.

Алайда биылғы қаңтардан бастап бағаның 2,6%-ға өсуі байқалады. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұ­рақ­­т­андыру бойынша жол картасы әзір­­ленді. Құжат монополияға қарсы және сауда шараларын қабылдау­ды, өндірісті ұлғайтуды және кәсіпорын­дарды қолдауды, сондай-ақ бірқатар заңнамалық өзгерістерді көздейді.

Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жол картасын іске асыруға кірісуді тапсырды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне әрбір тауар позициясы бойынша баға белгілеу тіз­бегін егжей-тег­жейлі зерделеу және на­рық­тың жосық­сыз ірі қатысушылары ара­­сында сөз байласуға жол бермеу үшін уақ­ты­лы монополияға қарсы шара­лар қабыл­дау, Сауда және интеграция, Ауыл шаруа­шы­лығы министрліктерімен, әкімдік­тер­­мен бір­лесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің барлық түрлері бо­йынша бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге қатаң бақылау орнату міндеттелді.

Сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін тауар­лар мен шикізаттың экспорты мен им­пор­тына қатысты сауда шаралары бо­йын­ша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Бұл ретте Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру­ды, оның ішінде көтерме-тарату ор­та­лық­тарын құруды, сондай-ақ сауда про­цес­терін цифрландыруды жеделдету қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне ішкі нарықты орта мерзімді перспективада азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірле­сіп, оффтейк-келісімшарттар мен форвард­тық сатып алу аясында «Азық-түлік кор­порациясы» ҰК» АҚ азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін сатып алу мәселелерін пысықтау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өн­діру­шілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде субсидиялауды, өндірушілердің қарсы міндеттемелерін белгілеуді қарастыру тапсырылды.

Премьер-Министр әкімдіктерге Тұрақ­тандыру қорларының қызметін­де форвардтық сатып алу схемасын қол­дану­ды, «қайтарымды схемаға» қаражат бөлуді елеулі түрде ұлғайту­ды, импортқа тәуелді тауарлар өндірі­сін ұлғайту бойынша жобаларды басым түрде іске асыруды, өте қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының (қарақұмық, майлы дақылдар, бақша, жем-азық дақылдары) егіс алқаптарын ұлғайтуды міндеттеді.