Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Қоғамдық пікір» зерттеу институты мен еліміздегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) 2020 жылы жүргізген мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін бағалау жөніндегі әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынды.
Зерттеу Қазақстандағы мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамаға жаңа ережелер енгізілгеннен кейін мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау деңгейін талдауға бағытталды. Сауалнамаға барлығы 7000 респондент, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.
«БҰҰ Даму бағдарламасымен ынтымақтастық – агенттік қызметінің маңызды құрамдас бөлігі. БҰҰДБ қолдауымен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге байланысты көптеген жобалар жүзеге асырылды, бұл агенттіктің әлеуетін нығайтуға, Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға оң әсер етуде. Осы сауалнама агенттікке мемлекеттік аппарат этикасын жақсарту бойынша одан әрі шаралар әзірлеуде айтарлықтай көмек көрсетеді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, бұл кездесу агенттік пен БҰҰДБ арасындағы мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы тағы бір қадам болады деп үміттенеміз», деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Стратегиялық даму және халықаралық бағдарламалар департаментінің директоры Азамат Жолманов.
«БҰҰДБ Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен ұзақ мерзімді серіктестікті жоғары бағалайды, оның аясында бірқатар сәтті жобалар мен маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Біз мемлекеттік қызметтегі этика мен адалдық қағидаттарының орындалуына қолдау көрсететін боламыз», деді Қазақстандағы БҰҰДБ-ның тиімді басқару департаментінің директоры Константин Сокульский зерттеу нәтижелерін таныстыруға арналған іс-шарада.
Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің үштен бірі (37,5 пайызы) мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі Әдеп кодексі талаптарын сақтайды деп санайды. 34,9%-ы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық әдебіне қатысты жағдай жақсарып келеді деп санайды; 31%-ы жағдайдың әрдайым жақсы болып қалатынына сенімді.
2020 жылдың нәтижелерін 2017, 2018 жылдардағы нәтижелермен салыстырсақ, айтарлықтай өзгерістерді көруге болады, яғни мемлекеттік қызметшілерге қатысты әдепке сай емес мінез-құлқына байланысты шаралар қабылдауға мәжбүр болған респонденттердің пайызы айтарлықтай төмендеді. Мысалы, егер 2018 жылы 34,7% респондент мемлекеттік қызметшінің әдепке жат мінез-құлқына қатысты шаралар қабылдауға тура келді деп жауап берсе, 2020 жылы мұндай респонденттер үлесі 13,4% болды.
Респонденттердің басым көпшілігі (92,8%) карантин кезінде мемлекеттік қызметшілермен әрекетке түсу барысында әдепке қатысты қандай да бір проблеманы байқамаған. Тек 10 респондент (0,4%) карантин кезінде әдепке байланысты бұзушылықтарды байқағанын айтты.
Сауалнамаға сәйкес, сұралған мемлекеттік қызметшілердің 85,7%-ы Әдеп жөніндегі кеңестің және оның шешімдерімен істерді қарау рәсімдерінің әділдігіне сенеді. 2017, 2018 жылдардың нәтижелерімен салыстырғанда мемлекеттік қызметшінің әдебін сақтауға жауапты органдар мен институттар рәсімдерінің әділдігіне деген сенімнің өскенін көруге болады. 2020 жылы Әдеп кодексінің мазмұнымен танысқан мемлекеттік қызметшілердің саны өсті.
Бұдан басқа, 2021 жылы агенттік алғаш рет Әдеп жөніндегі уәкілге әдептілік деңгейін айқындау үшін әрбір мемлекеттік органның ресми сайтында сауалнама орналастыруды ұсынды, оған барлық азаматтар қатыса алады. Осылайша, әрбір азамат сауалнамаға қатысуына болады.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейінің және Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің рейтингтері мына сілтемеде қолжетімді: https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet?lang=ru
Сауалнама БҰҰДБ мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» бірлескен жобасы шеңберінде жүргізілді.