Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында біртуар тұлғаларымызды жастарға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», деген еді. Иә, бүгінгі таңда есімі сирек аталып, күй өнерінде өзіндік ізі қалған дәулескер күйші Баламайсаң Дауылұлының есімін осы тұста ерекше атап өтуіміз қажет.
Күйші Баламайсаң Дауылұлы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Өнер зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі», «Құрманғазы» атты зерттеу еңбектерінде күйшінің ғұмырнамалық жолына баса тоқталады.
Баламайсаңның дүние есігін ашқан сәтінде қойылған есімі Байсан болған. Күйшілігімен елдің түкпір-түкпірін аралап, «Бала Байсан» атанады. Кейін ел аузында дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Баламайсаң» атын иеленеді.
Баламайсаң Дауылұлының ғұмырының көп бөлігі Атырау облысы, Индер ауданы, Толыбай құмы, Жұлдызшағыл, Қосшағыл, Шобалақ деген ірілі-ұсақты қоныстарда өткен деген деректер бар. Күйшінің өмір сүрген жылдары құйма құлақ ақсақалдардың айтуынша, күй атасы Құрманғазымен замандас, ал жас жағынан мүшелдей кішілігі бар дейді. Ағайын-туыстарының жорамалдауына қарасақ, шамамен 1835-1905 жылдар аралығында өмір сүрген. Ал журналист, аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлиннің «Егемен Қазақстан» газетінде 25 мамыр, 2013 жылы жарияланған «Баламайсаң» атты мақаласында: «Ел аузындағы тағы бір әңгімеде «Баламайсаңды Жәңгір хан шақырып алып, күй тартқызған. Күйіне разы болған хан «бала майсаңдатады екенсің» депті. Байсаң аты содан бері Баламайсаң аталып кетіпті» деген де бар. Бұл сөзге де мән беріп қарасақ, Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы Жәңгір хан – 1801-1845 жылдардағы Бөкей ордасының соңғы ханы. Егер Баламайсаңды 1835 жылы туған десек, Жәңгірдің қабылдауындағы бала нешеде болғаны?», деген ой саларлық деректі келтіреді. Баламайсаңның өмір сүрген жылдарын нақтылау күн тәртібінен түспеу керектігін аңғарамыз.
Баламайсаңның бүгінгі таңда жиірек орындалып жүрген «Баламайсаң» күйін көпшілік қауым біледі. Бұл күйді жаңғыртып, елге жеткізген күйші Қали Жантілеуов еді. Күй анасы Дина Нұрпейісова, Оқап Қабиғожин, Науша, Махамбет Бөкейхановтар да бұл туындыны орындаған. Қали Жантілеуовтің деректеріне сүйенсек, жоғарыда аталған күйді Баламайсаң қартайған шағында «Дүниеғапыл» деп тартқан екен. Ғалым Исатай Кенжәлиев Баламайсаңның «Қыз Ақжелең», «Шалқыма», «Той бастар» атты күйлері, қазақтың бард ақыны Табылды Досымов «Науан», «Салауат» күйлері болғанын зерттеу мақалаларында атаған.
Баламайсаң Дауылұлының есімін жаңғырту мақсатында әлі де игілікті істер легі жалғасса деген тілек бар. Өйткені ұлы тұлғаларымызды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ