Айтпағым – ауылдағы кадр мәселесі. Өзім туып-өскен, еңбек еткен Ақтоғайды мысалға ала отырып, қалыптасқан жағдайға көзқарасымды білдірсем деймін. Білім және ғылым министрлігі реформаны сөзбен емес, нақты іспен жүргізуі керек. Қажеті шамалы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын өзгертетін уақыт келді. Колледждердегі оқу мерзімі де өзгерістерді қажет етеді. Тек сонда ғана кадр мәселесін реттеуге болады.
Мәселен, бүгінде Ақтоғай ауданында сұранысқа ие мамандық бар. Атап айтқанда, ауданға сүт технологы, кіші агроном, құс өсіруші, заңгер (ауыл шаруашылығы), кооператив есепшісі, зоотехник-селекционер, бағалаушы (оценщик), гид, туроператор, қорықшы, тоғанда балық өсіруші, қонақүй бизнесі, нан пісіруші, гидротехник, мал дәрігері, аспазшы, құрылысшы, жүргізуші, тракторшы, бағдарламашы, электрик, эколог, кіші кеме жүргізуші, тері илеуші, кооператив менеджері секілді мамандық иелері жетіспейді.
Кадр тапшылығын реттеу үшін мектепке дуальды оқыту жүйесін енгізу керек. Бұл үшін ауылдық округтерді оңтайландыру қажет. Екі орта мектептегі 9-10 сыныптардан 20 баладан контингент жасақтаса жеткілікті. Мысалы, Шашубай кентіндегі С.Сейфуллин атындағы, Сарытерек ауылындағы Ж.Кеңесбаев атындағы мектептерді алуға болады. Оқу бағдарламасын 50/50 жасау керек. «Ауыл кәсіпкері» курсына барған жандармен төртжақты шарт жасалады: мектеп-кәсіпкер-талапкер-ата-ана және ауыл әкімі. Кәсіпкер-талапкерге 0 пайызбен 5 жылға 1 млн теңге несие беріліп, оны қайтару мерзімі үшінші жылдан басталғаны жөн. Қаржы мектептің есепшотына түсуі керек. Мүмкіндігі барлар кәсібін бастай береді. Ауыл баласына сенген дұрыс. Ол сол жерге кіндігімен байлаулы. Адами капиталға инвестиция салғаннан мемлекеттік компаниялар да ұтылмайды.
Дуальды оқытудың элементтері ауыл мектебінде қазір де бар. Мектепке жаяу келетін мұғалім жоқ. Жаздай трактормен шөп шауып, орталыққа тасып жүрген мұғалімдер де бар. Орталықта шаруа қожалықтары да жетерлік, жылыжай да, наубайхана да істеп тұр. Мұның бәрі тәжірибелік база. Кәсіпкер-талапкердің жұмысын жеңілдететін, бизнесіне қажет нәрселер бүгінде жетерлік. Жіпке тізейін: вакуумды сүт сауғыш, электр-сепаратор, май шайқағыш, дән майдалағыш, жем цехы (1000 кг/сағатына), шөп пен сабанды турағыш (300 кг/сағатына), т.б.
Сиырдан бізге қолайлысы – Симменталь тұқымы. 5-6 мың литр сүт береді, майлылығы – 4,8%. Біздің жақтың қысына төзімді. Ешкіден Заанен (Швейцария) тұқымы, 1 000-1100 литр сүт береді. Көбінде егіз лақ туады. Сүті перзентханаларда қолданылады. Қойдың қолайлысы − Солтүстік Қазақстан мериносы, 5-6 кг ақ жүн береді. Нарықта ақ жүн бағалы, фабрикалар қолма-қол алады.
Әр балаға 50-ден қаз, 50-ден тауық берсе, ештеңе бүліне қоймас. Бұлар кәсіпкер-талапкер бизнесінің кіріспесі, әліпбиі дер едім. Мектепке де салмақ түседі. Басқаша айтқанда, бірін эколог, бірін тур-оператор, бірін тоған балықшысы, бірін сүт технигі, бірін құс өсірушіге бейімдеу қажет. Мұндай жаңа квалификациялар мұғалімнің мәртебесін биіктетпесе, аласартпайды. Мұндай жаңашылдыққа алдымен Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық білім бөлімі бет бұрған жөн.
С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университтің академиялық дербестігін пайдаланса қалай? Оның ғылыми әлеуетін кәдеге жаратар тұс осы. Университетте балық шаруашылығы, экология мамандықтары да бар.
Білім берудің ұлттық моделі дегеніміз − осы. Ауылды сақтаудың бастауы − аталған экспериментік жобаны іске асыру дер едім. Бұған аудан әкімі, кәсіпкерлер палатасы мұрындық болса, іс алға басар еді.
Осы мазмұндағы хат Білім және ғылым, Экология, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне жолданды. Мемлекеттік жоспарлау, стратегиялық, территориялық даму секілді мемлекеттік құрылымдардың арасынан біздің эксперименттік жобаға үйлестіруші табылып, үш министрліктің басын қосып, қаражатын шешіп, жолын ашса деген үмітім бар.
Қазақстан Республикасының туризм туралы заңында туризмнің әлеуметтік, экологиялық, аңшылық, балық аулау, шытырман оқиғалы, спорттық, іскерлік, конгрестік, емдеу-сауықтыру, мәдени танымдық, діни, медициналық секілді түрлері қарастырылған. Президенттің тапсырмасы бойынша «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы құрылған. Оның үстіне дамуына басымдық берілген үш аймаққа Ұлытау, Қарқаралы, Балқаш кірді. Қазіргі пандемия жағдайында Балқаш-Ақтоғай маршрутындағы ішкі туризм экономикаға септігін тигізері сөзсіз. Тек маршрутқа сервистік қызмет жетпей тұр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Мақсат – балық шаруашылығының дамуына кеңірек жол ашу, балық өсірудің жаңа технологиясын қолға алу. Тоған балық шаруашылығын дамыту жайы да құптарлық. Мұны жергілікті жерде Бассейн инспекциясы мен Жер ресурстарын пайдалану мекемелерімен келісе отырып, жасау керек.
Балқаштағы балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары да комитет жағында. Институтпен бірлесіп тоғандағы балық шаруашылығы жөнінде қысқа ұсыныстар дайындау да ойда бар. Балқаш экономика-құқық колледжі 2006 жылы балық инспекторы мамандарын дайындаған еді. Бұл туралы кезінде Білім және ғылым министрінің бұйрығы да шыққан. Мемлекеттік тапсырыс бойынша кадр да дайындаған болатынбыз.
Көкейдегі көп ойдың ішінде Балқаш балық шаруашылығы, экология және туризм колледжін ашу бастамасы сұранып тұр. Балқашта да, Шашубай кентінде де бос ғимараттар баршылық. Жобаға қатысушылар да аз болмайды. Бәрі бірдей қолдайды деуден аулақпын. Келер ұрпақ алдында ардың таза болмағын, ауылды ыдыратпаудың жолын осы бастан ойлайық. Келешегі жоқ ауылдар деген терминді айналымнан алып тастаған жөн.
АҚШ-тағы халықтың 5%-ы елдің 95%-ын асырап отыр дегенді естиміз. Кереғар пікір. Қазақты ауылдан бөліп қарайтын дилетанттар уағызы. Алдымен АҚШ не жеп, не ішіп жатыр, неше пайызы ауру екенін анықтап, ГМО қоспаларының «пайдасын» зерттеу керек. Қыр қазағы не ішеді, не жейді, тамақтың асылы − ауылда.
Ауыл шаруашылығы реформасы да алыс емес. Кооперативтер, субсидиялар, сервистік қызмет ошақтары, арзан несиелер, медицина келетінінен үміт үзбеген дұрыс. Әңгімеге арқау болған Ақтоғай ауданындағы агротехникалық колледж бүгінгі сұранысқа ие мамандықтардың оқу бағдарламаларын жасай алмайды.
Түйіндей келе айтарымыз, ауыл мектебіне дуальды білімді апару керек. Колледжде оқу мерзімі бір жылды құрауы және тегін болуы қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға баратын талапкерлермен үшжақты − аудан әкімі – агроуниверситет – студент-талапкер келісімшарты жасалуы тиіс. Бұдан бөлек, студент-талапкер диплом тақырыбын ауданнан ала барса жөн болар еді. Ауданда, ауылда кадр тапшы. Кәсіпті, кәсіпкерді көбейтпей жағдай оңалмайды.
Амантай ҚАЛЫМБЕРГЕНОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері
Қарағанды облысы