• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 16 Наурыз, 2021

Қаумалда қар барыстары жүр

404 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл ғана бұрын құрылған «Меркі» мемлекеттік табиғи қаумалына қарасты орман қоры жері мен Қырғыз Алатауы аумағында қорғау және күзету жұмыстарының талапқа сай ұйымдастырылуының нәтижесінде өңірден бұрын-соңды кездеспеген, «Қызыл кітапқа» енгізілген бірқатар аң-құстар пайда болып, саны өсуде.

Қаумалда алғаш рет былтыр қаң­тар айында БҰҰ бағдарламасы аясында арнайы орнатылған фото­тұзаққа мысық тұқымдасына жататын ең ірі аң – қар барысының (ілбіс) да түсіп қалғаны тіркелген. Елі­міздің аумағында 130-ға жуық, ал жер бетінде бірнеше мыңы ғана қалған осынау аң түрінің Жамбыл жерінен ұшырасуы, шынында да сүйсінерлік жаңалық. Осыған байланысты Алматы қаласындағы зоология институтынан арнайы мамандар келіп, фототұзақ түсірілімдері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қаумал аумағындағы тау қойнауларын 4 бірдей қар барысы мекендейтініне нақтылы көз жеткізілген-ді.

Ал Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөнін­дегі коммуналдық мемлекеттік меке­месінің директоры Ж.Ибраимов­тың ай­туынша, бүгінде қаумал аума­ғындағы қар барысының саны 8 басқа жеткен. Бұл аумақ­ты сондай-ақ 140 арқар, 8 үнді жай­расы мекендейтіні де мәлім болып отыр.

Осы орайда айта кетерлік жай, былтырдан бастап облыс әкімінің бас­тамасымен Меркі ауданының тау­лы аймағында мемлекеттік өңірлік табиғи саябақ құру ісі қолға алынғаны баршаға мәлім. Қазіргі уақытта аталған жобаның жаратылыстану-ғылыми тұжырымдамасы толықтай дайындалып бітті. Енді табиғи саябақтың шекара-шегі белгіленіп, техникалық-экономикалық негіздемесін түзу жұ­мыстары жүзеге асырылу үстінде.

 

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

 

Жамбыл облысы