• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Наурыз, 2021

Мұрат Темірәлиев:Тансық өнерді табысты өнерге айналдырық

515 рет
көрсетілді

Сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанның күллі қалаларында бейнесалондардың қаптағаны белгілі. Жастар Брюсс Лиден бастап, жекпе-жектің сан алуан түрін меңгерген басқа да спортшылардың өнеріне тамсанды. Соның әсері болса керек, күш-қуатты тасыған көптеген жігіттер түрлі үйірмелерді жағалады. Оның үстіне, дәп сол кездері Түркияда дүниеге келіп, Германияда тұрып жатқан таеквондоның хас шебері Мұстафа Өзтүрік Қазақстанға ат басын бұрып, республикамыздың бірқатар қалаларында үйірмелер ашты. Бұл жағдай жергілікті жастардың тансық өнерге деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. Міне, сол кезде таеквондо залынның табалдырығынан аттаған жігіттердің бірі Мұрат Темірәлиев еді.

Мұрат қазіргі Түркістан облысының Түлкібас кенітінің тумасы. Мектеп жүрген кезінде оның спортқа аңсары ауды. Грек-рим күресімен айналысып, аудан және облыс деңгейінде өткен жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Республикалық додаларда жүлде алды. Содан бапкерлері біраз ойлана-толғана келе оны Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жіберуді жөн көрді. Балғын балуанның ол жақта шеберлігі әбден шындалды.

1990 жылы айтулы мектеп-интернатты аяқтағаннан соң Мұрат Алматыға келіп, Технологиялық институттың студенті атанды. Дәл сол кездері елімізде таеквондо үйірмелері ашылып жатқан. Жалынды жастың осы өнерге аңсары ауып, Исатай Кабековтың шәкірті атанды. Сол залға Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкеев жиі келетін. Бірде сол Алаштың асыл азаматтармен танысудың реті келді. Осы кездесуден кейін Темірәлиевтің таеквондоға деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Енді ол жатпай-тұрмай даярланып, спорттың осы түрінде биік белестерді бағындыруды мақсат тұтты.

– Өмірден ерте озған Мұстафа мен Бексейіттей асыл ағаларымыздың ғибартты әңгімелерінің маған әсер еткені соншалық, сол кездесуден кейін таеквондоға мықтап ден қойдым, - деп бастады өз әңгімесін Мұрат. – Бірте-бірте көрсеткіштерім жақсарып, түрлі жарыстарда жүлде алдым. Үш мәрте ел чемпионы атандым.1993 жылы біздің таеквондошылар тұңғыш рет әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Нью-Йоркте өткен сол байрақты бәсекеде мен де өнер көрсеттім. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені олжаладым. Бірқатар аса ірі халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілдім. Жеті жылға жуық уақыт бойы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеттім. Әрине, одан да биік белестерді бағындыруға болатын еді. Бірақ ол кезде заман басқа. Тансық өнерге мемлекет тарапынан пәлендей көңіл бөлінбейтін. Көбіне-көп жарысқа шығу үшін қаражатты өзіміз іздейтінбіз. Кейде жолымыз болса, енді бірде құрқол қайтамыз. Осындай келеңсіз жайттардың салдарынан бірқатар байрақты бәскелерден сырт қалып, талай несібемнен қағылдым. Десек те өзге жігітеріміз бен қыздарымыз елеулі табыстарға қол жеткізіп, қазақ үшін тансық өнерді табысты өнерге айналдырды.

Таеквондодан қол үзгеннен кейін Мұрат Темірәлиев өзінің сүйікті спортынан алыстаған жоқ. Жаттықтырушылық қызмет атқарып, жақсы шәкірттер тәрбиеледі. Солардың арасынан Нариман Шәкіров, Мерей Расилов, Рамиль Ашмахунов, Асхат Әбілдаев, Абзал Анарқұлов сынды сайыпқырандар суырылып шығып, түрлі дүбірлі додаларда дараланды. 2005-2013 жылдар аралығында республикалық таеквондо федерациясында бас хатшысы және команда басшысы қызметтерін қатар атқарды. 2012 жылы ұлттық команда мүшелерін Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болды. Сонымен қатар, төрешілік кәсіпте де бақ сынады. Бұл ретте де несібесіз емес. Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен әлем кубогында және басқа да көптеген дүбірлі додаларда қазылық етті. Ұйымдастырушылар тарапынан Темірәлиевтің еңбегі лайықты бағаланып, түрлі байрақты бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Оған «Азияның ең әділ қазысы» деген атақ та бұйырды.  

Мұрат спортпен қатар білімге де айрықша назар аударып жүр. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Швейцарияның Лозанна қаласындағы AISTS MAS мектебінде «Спорттық менеджемент» мамандығы бойынша арнайы дипломды иеленді. Бұл – күллі әлемдегі спорт саласы бойынша білім беретін ең ірі орталық. Одан бөлек, Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында орналасқан Кенг Хи университетінің сертификатын алды. Қазіргі кезде қандасымыздың «Куккивон» академиясының халықаралық инспекторы» деген дәрежесі бар. Таеквондошыларға спорттық дан және түрлі белбеулерді тағайындайтын әлемдегі жалғыз ұйым дәл осы – «Куккивон». Оңтүстік Кореяның бас шаһары – Сеулде орналасқан айтулы академиядаға халықаралық инспектор ретінде тіркелу үшін көптеген сынақтан өтуге тура келеді. Қазіргі кезде әлемдегі кез-келген елдің таеквондошыларынан емтихан қабылдап, оларға дан және белбеу беруге бізің кейіпкеріміздің де құқы бар. Одан бөлек, Мұрат Алматыдағы технологиялық университеті мен Қазақтың Спорт және туризм академиясын ойдағыдай тәмамдады.

– Бүгінгі таңда төрешілерге қойылатын талап өте қатаң, деп жаластырды өз әңгімесін Мұрат Темірәлиев. – Ең бірінші кезекте біліктілік пен шеберлік деңгейі басшылыққа алынады. Одан да басқа талаптары көп. Олардың ешбірі комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмайды. Мәселен, мен 2021 жылы Токиода алауы тұтанатын Паралимпиадада қазылық етуге үмітті төрешілердің тізіміндемін. Бастапқыда үміткерлер санатында әлемнің әр қиырынан жиналған 500-ге тарта маман болды. Соларды түрлі жарыстарға қатыстырып, іріктеуден өткізді. Қалыс және шалыс басқандары, өрескел қателікке бой алдырғандардың аты-жөндері тізімнен сызылып тасталады. Осылайша, бірте-бірте үміткерлер қатары сирейді. Қазір тізімде 50 адамдай ғана қалды. Солардың отызы ғана дүбірлі додада қазылық етеді. Бұйыртса, мен де Токиоға сапар шегемін деп ниеттеніп отырмын. 

Міне, Алматы қалалық таеквондо федерациясының вице-президенті қызметін атқарып отырған халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белбеу 5 дан иегері Мұрат Темірәлиев осындай сегіз қырлы, бір сырлы азамат!