Мемлекет басшысы 2019 жылдың соңында қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін басшылардың дербес жауапкершілігі енгізілген заңға қол қойған болатын. Бүгінде бұл заң талабы қаншалықты орындалып жүр? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен өткен аппарат жиынында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Заң талабын тарқатып айтар болсақ, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 60-бабында «саяси мемлекеттік қызметшілер тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң бағыныстылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға өтініш береді» деп жазылған. Ал әкімшілік қызметкерлер, яғни мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, жергілікті атқарушы органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қол астындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Жиында осы тақырыпқа қатысты баяндама жасаған агенттіктің Превенция департаментінің басшысы Лейла Йылдыз бұл мәселенің «ерекше назар аударатын маңызды проблема» екенін атап өтті. Заңға осы өзгерістерді енгізуге бастамашы болған агенттік бүгінде бұл талап-міндеттердің нақты іске асырылуына ведомстволық мониторинг жүргізіп келеді.
Агенттіктің хабарлауынша, осы норма енгізілгелі бері елімізде 1 облыс әкімінің орынбасары отставкаға кетіп, 4 аудан әкімі мен облыстық бағыныстағы 2 қала әкімі қызметтерінен босатылған. Сондай-ақ түрлі деңгейдегі 10 әкім тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардың 57 бірінші басшысы жазаға тартылса, оның 13-і атқарып отырған қызметінен айырылған. Жемқорлыққа барғаны үшін қызметінен қуылып, қатаң жаза арқалағандардың 35-і әкімшілік мемлекеттік қызметкер болса, олардың қатарында 4 – әскери, 11 – құқық қорғау органдары, 7 – квазимемлекеттік сектор қызметкері бар.
Департамент директорының мәлімдеуінше, өзіне тікелей бағынысты қызметкері заңсыздыққа барып, іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде болғанда басшылары өз қалауымен жұмыс орнын босатқан жағдайлар да аз емес. Осы уақытқа дейін мұндай 9 жағдай тіркелген.
Тұжырымдамалық тұрғыдан алғанда, тікелей бағыныштылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкаға кетуі бүгінгі қоғамның талабына толық жауап береді. Дәл осы өзекті тақырып әлеуметтік желі мен БАҚ-та ең көп талқыланады. Бұл халықтың мемлекеттік қызметшілердің айналасындағы жемқорлық мәселесін жіті қадағалайтынын байқатады. Алайда қарапайым халықтың сыни көзқарасының өзі бұл мәселеге біржақты баға бермей, неғұрлым байыпты шешім шығаруды талап етеді. Кей фактілер бойынша жұрт батыл шара қолданудың қажеттігін айтады. Мәселен, Түркістан облысында Келес ауданының әкімі жұмыстан шықпай, қатаң сөгіс, Кентау қаласының әкімі сөгіс алғанда халықтың пікірі екіге жарылды.
Алматы және Атырау облыстарында аудан әкімдері орынбасарларының парақорлығы да олардың басшыларының отставкаға кетуіне негіз бола алмаған сыңайлы. Себебі Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі сөгіс алумен, Қарасай мен Кербұлақ аудандарының әкімдері «қызметіне толық сәйкес келмейді» деген шешіммен ғана шектелген. Ал Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі қатаң сөгіс алумен «аман қалған». Қостанай облысында Рудный қаласының әкімі Ғаязов өзіне бағынышты ауылдық округ әкімінің жемқорлығы үшін отставкаға кетудің орнына әкімдік аппаратының басшысын қызметінен босатқан. Бұл іске агенттік араласқаннан кейін ғана облыс әкіміне Рудный қаласының әкімін қызметінен босатуға тура келген.
«Ескерту беріп, сөгіс жариялаумен шектелу заң талабын әлсіретіп қана қоймай, халықтың сеніміне де селкеу түсіреді» деген департамент басшысы бұл мәселенің басты екі себебін атап өтті. Біріншісі – «жұмыс істейтін ешкім қалмайды» қағидатын ұстанатын жергілікті жерлердегі саяси ерік-жігердің жеткіліксіздігі болса, екіншісі – заңдағы олқылықтар. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 43-бабы квазимемлекеттік сектор қызметкерінің жемқорлығы үшін оның тікелей басшысының жауапкершілігін жоққа шығарады. Тағы бір түйін – қарамағындағы қызметкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде басшыларды қайта тағайындауға қатысты. Бүгінгі таңда егер саяси мемлекеттік қызметші немесе басшы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде лауазымын ауыстырып, басқа қызметке ауысып кетсе, оны қандай да бір жауапқа тарту мүмкін емес.
Мысалы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Календеров өзіне тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты сот талқылауы кезінде Шу ауданына әкім болып тағайындалып, жауапкершіліктен сытылып кетті. Қостанай облысындағы Қостанай ауданының әкімі Радченко да дәл осы тәсілмен қызмет ауыстырып, Қарасуға барып әкімдік қызметін жалғастыра береді. Ал Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбаев орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалып, заңнан айналып өтті.
«Заңдағы дәл осы олқылық сотқа дейінгі тергеу кезінде қызмет ауыстыру мен өз еркімен жұмыстан шығуға тыйым салмау басшыларға қызметкерлерінің жемқорлықтары үшін жауапкершіліктен құтылып кетуге жол ашып беріп тұр», деді Л.Йылдыз.
Квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған жемқорлық үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін арттыруға қатысты тиісті заңға өзгерістер енгізу, қол астындағы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде басшылардың қызметін ауыстыруға, өз еркімен жұмыстан шығуына шектеу қою, саяси қызметшінің отставкасын қабылдау не әкімшілік қызметшіні лауазымынан босату кезінде оны бір жыл ішінде тең дәрежелі басшы лауазымға тағайындауға тыйым салу секілді түйіндер шешілмей, бұл мәселенің күн тәртібінен түспесі анық. Судьялардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшыларын, мәселен сот төрағаларын жазаға тартуды қолдану да назардан тыс қалмағаны жөн.
Сондай-ақ департамент басшысы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін саяси қызметшілердің отставкаға кету туралы өтініштерін мүдделі тұлғалардың, оның ішінде агенттік қызметкерлерінің қатысуымен тиісті комиссияларда қарауды, шешімді алқалы түрде қабылдауды ұсынды.
Талқыға түскен бұл мәселеге қатысты көзқарасын білдірген агенттік төрағасы Алик Шпекбаев заңдық нормаларды бірізге келтірмей, жауапты адамдардың жазадан айналып өте беретінін ескертті. «Заңдағы мұндай олқылықтар жауапкершіліктен құтылудың төте жолы екені түсінікті. Сондықтан алқалы жиындарда заңды өз деңгейінде күшейту, пікір алмасу кезінде жеке бір адамдардың жетегінде кетіп қалмау, екі жылдап ауыспайтын комиссия мүшелерін жаңартып отыру секілді маңызды түйткілдерге де баса көңіл бөлген жөн. Халықаралық тәжірибелерге сараптама жасауды да естен шығармаған дұрыс», деді төраға. Мұндай маңызды ұсыныстар, негізінен, жергілікті жерлерден келіп түсуі қажет екенін ескерткен Алик Жатқамбайұлы қоғам белсенділерін мәселенің түйінін тарқатуда көмекші болуға шақырды.