• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2021

Сармат жауынгерінің таныстырылымы өтті

945 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану  музейінің көрме залында Темір ауданы Тасқопа елді мекенінің жанындағы қорымнан табылып, қайта жарақтандырылған сармат тайпасы жауынгерінің ғылыми таныстырылымы өтті деп хабарлайды  Egemen.kz

Ғажайып бірегей материал 2019 жылдың жазында Тасқопа қорғанына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде, обаның оңтүстік бағытындағы 5,7 метр тереңдіктен табылды. Археологтар обаның өте ежелгі дәуірде тонаушылыққа ұшырағанын анықтады. Ә. Марғұлан атындағы археология институның  директоры Бауыржан Байтанаев, ғылыми қызметкер Арман Бисембаевтың кеңестері негізінде, РФ ҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының реставраторы Николай Курганов алғашқы тазалау, консервациялау жұмыстарын жүргізді. Мұнда шамамен 2500 жыл бұрын өмір сүрген сармат тайпасының көсемі не жауынгері жерленгені обадағы мүрденің киім қалдықтарынан табылған алтын түймелер,  белбеу қалдықтары, садақ жебелері салған оқшантай, қанжар, найза ұшы дәлел. Алтынмен апталып жерленген сармат жауынгерінің теріден жасалған белдік қалдықтары жанындағы садақ жебелерін салатын оқшантай да алтынмен қапталғаны анықталды. Түймелерде  ежелгі адамдардың наным-сеніміне тән грифондардың бастары, алтын балық, күн бейнеленген.

Қазақстанның батыс аймағында өмір сүрген сармат тайпасы көсемінің обасы  отандық археологияның ғана емес, әлемдік тарихқа қосылатын мол қазына деп бағалайды Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев. Ғылыми деректерге сүйене отырып,  жерлеу материалдары негізінде Тасқопа көсемінің реконструкциясын  жергілікті шеберлер –Болат Атыраубаев пен Ерқосай Әбілов әзірледі. Сондай-ақ қорғаннан табылған жерлеу заттары негізінде садақ пен қорамсақ, жебелер, екі белбеу,  шағын қалташа, қамшы көшірмелері жасалды.  Сармат көсемінің шалбары, жейдесі, аяқ киімі, күртешесі және бас киімі қайта тігілді.

«Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы»  аймақтық ғылыми бағдарламасы аясында жүргізілген  археологиялық зерттеулердің  Тұңғыш Президент  Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламалық мақалалары негізінде көне тарихты кешенді зерттеу аясында жүргізіліп отырғанын айтқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин алдағы уақытта да осы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.  Атап айтқанда, Ақтөбе облысының Доңызтау-Үстірт аймағындағы діни-ғұрыптық кешендер,  Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ үңгіріндегі ежелгі петроглифтер,  Хромтау ауданындағы Ойсылқара және Моңғолсай қорымдарына кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, киелі жерлердің энциклопедиялық анқтамалығы шығарылады.