«Алтын адам, Алтын адам... Адам жоқ! Алтын қалған жарқыраған. Білмейміз, саудагер ме, қолбасы ма? Сараң ба, алтын үшін қалтыраған? Сары алтынның белгілі нарқы маған, қайда, бірақ алтыннан артық адам», деп дауылпаз ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, қазақ жерінен алғашқы алтын киімді адам 1969 жылы Есік қорғанынан табылды.
Отандық археологтер бұл мұраға (К.Ақышев, Б.Нұрмұханбетов) ерте темір дәуіріне тән 17-18 жастағы сақ жауынгері деген ғылыми пайым жасады. «Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті», делінген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында.
Сөйтсек, жоғарыда табылған алтын киімді адам – Ұлы даланың алғашқы қазынасы екен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республика территориясының әр тарапынан, әртүрлі кейіпте жеті алтын адам табылды. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ...
1.Тақсай ханшайымы
Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің рухани қазынасына қосылған құндылықтың бірі – Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы жерінен табылған Тақсай абызы. Бұл жәдігер 2012 жылы археолог Яна Лұқпанованың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция нәтижесінде жарыққа шықты. Отандық археологияда «Тақсай оба кешені» деген атқа ие. «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақсай-3», «Тақсай-4», «Тақсай-5» қорғандарына қазба жұмысын жүргізу кездейсоқтық емес. Өйткені бұл өңірден 1965 жылы жер жырту барысында әртүрлі жәдігер табылған болатын. Сөйтіп, арада 37 жыл өткен соң Тақсай кешеніне қазба жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде керемет қазыналар табылды. Бұл артефактілер б.з.д. V ғасыр үлесіне жатқызылып, табылған бұйымдар ата-бабаларымыз сарматтардан қалған дүние екені дәлелденді.
Осылардың ішінде, кешеннің шығыс жақ шетінде орналасқан – диаметрі 41, биіктігі бір метр болатын №6 обадан әйел адамның мүрдесі қазылып алынуы жаңа тарих бетін ашты. Бұл мүрде – аса қымбат әшекейлі киім киген, шошақ төбелі сәукелесінің ұшына тау ешкі бейнесі орнатылған.
Мойнында тұтаса құйылған қос салпыншақты гривна, үстіндегі киімінің кеуде тұсына: шаршы һәм сопақша пішінді барақ ит пен қойдың басы бәдізделген алтын әшекейлер және дөңгелек формалы алтын моншақтар қапсырылса, жеңіне қасқырдың азу тістері қапсырылған алтын құймалы салпыншақ тағылған. Білегінде мысық тектес мүйізді жыртқыштың бұзаумен айқасы суреттелген білезігі бар. Сол қолында толқын өрнекті көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолына қоладан құйылған алтын сапты айна ұстаған... Сонымен қатар қабірдің бір шетінен – саздан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ салынған қобдиша табылса, үңгірдің орта тұсынан – түйе басты қола қазан, тана көзді шыны-аяқ, үңгірдің батыс бұрышынан – ат әбзелдері қазылып алынған.
Алтыншы обадан табылған тарақта, арба және екі адамның бейнесі сипатталған. Алдыңғы жағында мерген, артында арбакеш, оның қолында тізгін. Археолог Яна Лұқпанова бұл бейнеде аттылы парсы жауынгері мен жаяу сармат сарбазы арасындағы айқас суреттелген десе, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыздықов: «Тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық туғызды» депті.
Тақсай қорған кешенінен табылған әйел абызды қалпына келтіру ісімен археолог Яна Аманкелдіқызы айналысса, оның фотобейнесін суретші Л.Тұрғынбаева жасап шыққан. Сондай-ақ кешеннен табылған жәдігерлерге Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябі, Пущино, Новосібір қалаларынан келген мамандар зерттеу жүргізіпті.
2.Елеке сазы дегдары
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылынан оңтүстікке қарай 90 шақырым жерде орналасқан Елеке сазы қорымының №4 обасынан табылған (2018 жылы) жәдігерге отандық археологтер «екінші алтын адам» деген баға беруде. Танымал археолог Зейнолла Самашев бастаған мамандар аталмыш алтын киімді мүрде біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген, жас мөлшері 17-18-дердегі бозбала дейді.
Алтын киімді адам табылған обаның диаметрі 33,25 м, биіктігі 1,6 м. Сырты ормен қоршалған. Обаның ішкі жерлеу камерасында жасөспірім қыз бен жігіт қатар қойылған. Сонау бір замандарда көрдің ішкі қабырғасы құлағандықтан алтын киімді мүрделер тасқа бастырылып, тоналмай аман қалған. Отандық антропологтардың мәліметіне жүгінсек, бұл бозбала еуропа нәсілдес һәм екі мәйіт аналық жағынан бір-біріне туыс.
Обадан табылған дегдар жігіттің бас киімі және үстіне киген ұзын жеңді камзолының қос өңірі, оң жақ белдігіне ілген қынапты қанжары мен сол жақ белдігіндегі тері қорамсағы түгелдей аң стиліндегі (бұғы, барыс, қабылан) алтын әшекейлермен безендірілген. Аяғындағы ұзын қоныш етігі де ұсақ алтын моншақтармен әдіптеліпті. Қорамсақтың ұзындығы 1 метрге жуықтаса, мойнындағы сом алтыннан доғалап жасаған алқаның салмағы бір кило. Қорамсақ ішіндегі жебе қалдықтары мен оны иыққа ілетін қайыстың әшекей бұйымдары да жақсы сақталған.
«Бұл жәдігерлер ашылмай келген көп жұмбақтардың сырын шешуге мүмкіндік берді. Біріншіден, сол заманда материалды өңдеу технологиясы өте жоғары болғанын аңғардық. Алтынмен өте нәзік бұйымдар жасау оңай шаруа емес. Мұның артында үлкен шеберлік жатыр. Екіншіден, сегіз мың жыл бұрын өмір сүрген халықтар тұрмысы, діни нанымы, жерлеу рәсімі, немен қоректенді, т.б. құнды мағлұматтарға қол жеткіздік», дейді археологтер.
Осы орайда ерекше назар аударар дүние, алтын киімді дегдар бекзаттың аяқ-қол сүйектері балзамдау мақсатында тесілген екен. «Ежелгі көшпенділер салтында алыстағы адамдар түгелдей қоштасу рәсіміне қатысуы тиіс болғандықтан, мүрдені мумиялап, сақтау үшін ішек-қарнын алып тастап, сақтаған болуы керек», дейді Ресей Ғылым академиясы Этнология және антропология институтының қызметкері Егор Китов. Антропологтың болжамынша, Алтын адамның бойы 170 сантиметр шамасында көрінеді.
– Елеке сазы дегдарының ғылыми жаңғыртпасын жасау кезінде, мүрденің сүйектерімен бірге in situ қалпында табылған костюмнің әшекейлері мен қару-жарақты негізге алдық, – дейді мамандар. Нәтижесінде, алтын жапсырмамен әшекейленген, киізден жасалған ақ түсті шошақ күләпара киген, етегі төмен түскен күдері шекпені бар, балағы етіктің сыртына салынған ұзын шалбарлы дегдар жігіттің бейнесі жаңғыртылып, бұл мүсін қазақ даласында өмір сүрген халықтың ерте дәуірдегі элиталық бейнесін әйгілеуімен құнды болды.
3.Шілікті әміршісі
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 2003 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолға алынған шаруалардың бірі – Шілікті қорғандарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары. Географиялық тұрғыдан аумағы 80 шақырымды алып жатқан «Шілікті жазығы» Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы жерінде орналасқан. Оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігін Маңырақ таулары қоршап жатыр.
«Шілікті даласының тек орта шенінде 200-ден астам сақ дәуірі ескерткіш жәдігерлері бар. Соның ішінде 50-ге жуығы ақсүйектер мен патшалар зираты. Мұндағы көне сақ ескерткіштерінің тарихы б.з.д.VIII ғасырдан бастау алады. Ал сақ заманынан кейінгі қорғандар б.з.д. I-II ғасырды құрайды. Ескерткіштердің кейбірі үйсін, кейбірі түркілердікі. Сондай-ақ б.з.д. VI-VII ғғ. тән жәдігерлер де кездеседі» дейді өңірге қазба жұмыстарын жасаған археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаев мырза.
Жалпы саны 17 обадан тұратын үлкен кешеннің бірі – Бәйгетөбе обасы. Бұл нысанды қазу барысында, барлығы 4303 алтын бұйым табылса, солардың ішінде: тұмсықты барыс бейнелі 153, бүркіт пошымдас 36, бұғы мүсіндес 20, бөлтірік-қонжық типтес 39, арқар түстес бір қапсырма, сонымен қатар 23 сылдырмақ әшекей, 63 бұдыр түтікті сәндік бұйым, 17 жіңішке тілік, 7 сым, 141 жартышар пішінді салпыншақ, 2835 дана дәнекерлі бүрме, 223 дана майда моншақ, 743 дана сақина, т.б. жәдігерлер қазақ қазынасын толықтырыпты.
Жоғарыда табылған бұйымдар аң стилі дәуірінің алғашқы кезеңіне тән дүние, дейді ғалымдар. Мұндағы мүсіндеу шеберлігі, жануар бейнелерінің тамаша стилизациясы, заттарды дәл жеткізе білу тәсілі айрықша екені анық.
Бәйгетөбе обасын қазу кезінде, балқарағайдан қиюластырып салған көлемі 4,8х4,6 метр шаршы қима-таған табылады. Оның ішінде жатқан екі мәйітке сараптама жүргізген антропологтар біреуі – 40-50 жастағы еуропа келбетті ер адам, екіншісі – 50-60 жас шамасында аралас нәсіл (еуропеоид-моңғолоид) екенін анықтады.
Осындағы ер адамның мүрдесі негізінде қазынамызға «Шілікті әміршісі» деген атпен енген алтын киімді адамның жаңғыртпасы жасалды. Бұл істі атқару кезінде, ерте темір дәуірі мен орта ғасырларда Еуразияны мекендеген тайпалардың киім үлгісі жайлы мәліметтер кеңінен пайдаланылып, ер адамға алтын әшекейлі шекпен, шалбар, етік, шошақ төбелі бас киім кигізіліп, оның сыртынан азиялық стильде алтынмен әдіптелген шапан жабылыпты. Белдігіне қанжар мен қыны бар қылыш бекітіліп, алтынды мойын алқа және сырға-жүзік тағылады. Әміршілік нышаны ретінде қолына – ұштығында таутеке мүсінді асатаяқ ұстатылған екен.
4.Үржар ханшайымы
Ғылыми ортада «Үржар ханшайымы» атымен белгілі тағы бір археологиялық құнды қазынамыз 2011 жылы белгілі болды. Бұл жәдігерге мамандар б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген, билеуші әулеттен шыққан әйел деген анықтама беріп отыр.
Жаңалықтың ашылуын кездейсоқ жағдайда туындаған оқиғаның жемісі деуге болады. Осыдан 20 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы аумағын көктей өтетін Таскескен – Бақты тас жолын жөндеу кезінде, қорған алғаш рет көзге түскен. Бұл қорғанның орналасқан жері Алтыншоқы ауылдық округі. Семейлік ғалым Амантай Исин «қазына табылған жердің атауына зер салсаңыз, оның тегін емес екенін байқайсыз. Алтыншоқы «Алтынды төбе» дегенді білдіреді» дейді.
Сөйтіп екі жылдан кейін 2013 жылы қорғанға қазба жұмысын жүргізген Темір Смағұлов басқарған археологтер үлкен олжаның үстінен түсті. Олар диаметрі 16, биіктігі бір жарым метр обаны қазу барысында оның екі бөлек құрылымнан тұратынын анықтады. Көлемі 7х0,6 метрді құрайтын бірінші нысаннан ер адамның екі мың жыл бұрын кепкен мүрдесінен басқа ештеңе табылған жоқ. Ал аумағы 3,3х5 метр, биіктігі жарты құлаш келесі нысанды қазғанда тереңнен тасқабір (саркофаг) анықталып, оның ішіне жерленген 30-35 жастағы әйелдің сүйегі табылады. Тас саркофагты ашу барысында билеуші әйелдің қасынан алтын сырға мен құрбандық шалуға арналған тастан жасалған бұйым анықталады. Сонымен бірге ханшайымның сол жағындағы шұңқырдан ағаш табақ, ішіне қойдың жамбасы салынған керамикалық қазан қатарлы бұйымдар шыққан екен.
Әйел адамның қаңқа сүйектерінде көк және жасыл түсті мата қалдықтары сақталған. Ең басты құндылық – биіктігі 28 см конус тәрізді әйелдің алтын бас киімі. Бұл бас киім – өсімдік тәріздес өрнектер және зооморфты айшықтары бар қиял-ғажайып жануар бейнелерімен әдіптелген. Сәукеленің ұшар басы алтын сымдардан шиыршықталып әшекейленсе, төменгі жағындағы бұйымдардың беті кедір-бұдырлы ілмектермен бәдізделіпті. Мұндай үлгідегі дүниелер сақ жауынгерлерінің салтанатты шарада киетін киімдері, дейді мамандар.
Жоғарыдағы құнды жәдігердің жаңғыртпасын жасаған реставратор Қырым Алтынбеков, мұраны қалпына келтіру үшін қолда бар археологиялық материалдарды пайдаландым және Пазырақ мәдениетіне қатысты стильдік үлгілер де жинақталды, дейді. Сөйтіп ұзын көйлекті, оның етегі қырыққұлақ жапырақтарымен көмкерілген, басында қызыл жібек жамылғы, оның үстінде көк матамен қапталған сәукелесі бар, аяғында жұмсақ былғары етек, бас киімі фантастикалық құс бейнелі һәм киік пішінді алтын әшекеймен безендірілген, құстың екі жағында желпуіш түрінде қос шашақ орналасқан...
«Ханшайымның бұл реткі жаңғыртпа бейнесі ежелгі көшпенділер қоғамындағы әйелдің орны мен оның әлеуметтік мәртебесін анықтайтын бірден-бір мұра» дейді тарихшылар.
5.Берел сұлуы
Отандық археологияда орны зор қазынаның бірі ж.с.д. IV–III ғғ. үлесіне тән Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы жеріндегі Бұқтырма өзені алқабында орналасқан – Берел қорымы. Бұл нысанға 1997 жылдан бастап қазба жұмыстарын жүргізген археолог Зейнолла Самашев, «ежелгі көшпелілер көсемдерін жерлеуде табиғаты ғажап мұндай өңірді таңдауы тегін емес. Обалар орналасқан аумақ орманмен көмкеріліп биік таулармен қоршалған. Қорым үстінен қарағанда эллипс тәріздес төрт обалар тізбегінен тұрады. Әрбір тізбекте доминат оба бар», дейді.
Қазіргі таңда обалар тізбегіндегі 40-тан астам нысанға зерттеу жасалды. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Осы аралықта археологтер көшпенділер қолға үйретіп, иесімен бірге жерленген толық жарақты жылқыларды тапты. Оның сыртында, ең үлкен жаңалық 5-ші қорғаннан бұдан 2300 жыл бұрын өмір сүрген, алтын киімді 14-16 жасар қыз баланың мүрдесі табылуы.
Қызбен бірге екі жылқы жерленген және қасына үлкен-кіші қос құмыра қойылған, оның қасында алтын сапты ырым пышақ бар. Қыздың сүйектерінде тері-мата қалдықтары сақталған. Осындағы артефактілер негізінде өткен жылы археолог З.Самашевтың жетекшілігімен, суретші Қалиолла және Райгүл Ахметжановтар атсалысуымен «Берел сұлуының» ғылыми жаңғыртпасы жасалды.
Атап айтқанда, жас қыздың басында қызыл матамен әдіптелген биік сәукелесінің ұшына бұғы мүсінді титул қондырылса, қарқараның өн бойы жапырақты алтын әшекейлермен бәдізделген. Үстіне киген жұмсақ тері жарғағының қос өңірі шаршы алтын бұйымдармен көмкеріліп, аяғына сырты жүнді терімен қапталған қысқа қоныш, басы алтын оюлы етік кигізілген. Бұл мүсін қазір Өскемен қаласындағы облыстық тарих және өлкетану музейінде тұр.
6.Талды ханзадасы
Тәуелсіздік жылдары табылған құнды қазынамыздың бірі – Талды ханзадасы. Бұл жәдігер Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы орталығынан 44 шақырым қашықта орналасқан. Обаға 2009-2010 жылдары археолог Арман Бейсеновтің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізілді. Өңірде бір-біріне жалғасып жатқан жеті қорған-оба тізбегі Талды өзені аңғарын көлбей қоныс тепкендіктен ғылыми тілде «Талды қорғандары» деген атауға ие.
Арқа өңіріне тән ежелгі кезең тарихын зерттеуші Игорь Кукушкиннің пікіріне жүгінсек, мұндағы қорғандар тізбегі Алтын Орда заманынан бастап, қола дәуірді қамтитын нысандар көрінеді. Сондықтан да шығар, археологтер Талды – 2 қорымының № 2 обасын ж.с.д. VІІ ғ. үлесіне жатқызса, іргелес тұрған № 5 обаға ж.с.д. VІ ғ. деген анықтама беріпті.
Қорымға қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, 200-ге жуық ірі алтын бұйым, 22 мыңнан астам ұсақ бұйымдар табылған. Сөйте тұра, мамандар барлық оба ерте кезде тоналғанын айтады. Десек те, көпшілік назарын аударған дүние – №5 обада жерленген 30-35 жастағы ер адам мен №2 обадан табылған 50-55 жастағы әйелдің мүрдесі. Антрополог А.Исмағұлова бұл адамдар аздаған моңғолойд қоспасы бар еуропалық нәсіл екенін айтады.
Экспедиция жетекшісі, археолог Арман Бейсенов «қорымнан табылған сақ жауынгері алтын киіммен жерленгендіктен бұл да кезекті «алтын адам» ретінде танылуы тиіс. Екіншіден, бұл пенде әрі билеуші, әрі жауынгер болған сыңайлы» деген жорамал айтады.
Өйткені адамның кеудесі толықтай алтынмен апталған. Сонымен қатар аталмыш қорған ішінен 130 дана дара алтын бұйым, сонымен қатар алтыннан жасалған көптеген інжу-маржан мен қабыршақ, қоладан жасалған 14 жебе, тас моншақ табылса, алтын бұйымдар арасында мысықтектес жыртқыштың шебер мүсіндері, садақ оқтарын салып белде тағып жүруге арналған оқшантай қорамсақ, сырғалар, алқалар, т.б. бұйымдар анықталған.
Талды ханзадасының ғылыми жаңғыртпасын жасаған археолог А.Бейсенов пен реставратор Қ.Алтынбеков, Тасмола мәдениетінің ескерткіштерінен алынған киім элементтерін қолдана отырып, Тыба жерінен ашылған Аржан-2 қорымынан алынған деректерді пайдаландық, – дейді. Нәтижесінде, алтын жапсырмалы қысқа күртеше киген, конус тәрізді аласа бас киімі бар, шалбарлы, мүсіннің тұла бойы аң стилінде жасалған алтын бұйымдармен әшекейленген, жауынгерлік биік мәртебесін әйгілейтін мойыналқалы, белдігіне қос қанжар асынып, арғымақ жетелеген «Талды ханзадасын» мүсіндеп шығыпты.
7.Сармат көсемі
Ұлы даланың ежелгі тұрғындарының бірі – сарматтар. Бұл қауым б.з.б. VІІІ ғ. – б.з. VІІІ ғасыр аралығында еліміздің батыс өңірі Орал-Жайық алқабын мекендегені жайлы деректі білеміз. Соның бір дәлелі іспеттес – Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан, уақыт тұрғысынан б.з.д. ІІ – І ғасыр аралығына жататын Аралтөбе қорғандары. Бұл нысан 12 бөліктен тұрады.
Осылардың ішінен таңдап алынған үш қорғанға 1999 жылы археолог З.Самашев қазба жұмыстарын жүргізіп, бірінші қорғаннан – адам сүйектері, қанжардың сынығы, жүзден астам оғы бар қорамсақ, екінші қорғаннан – садақ жебелері, балшық құмыралар, моншақтар және б.з.д. І ғ. - б.з. І ғ. саналатын темір қылыш тапты. Ал жартылай тоналған үшінші қорғаннан – біз сөз етіп отырған сармат көсемінің мүрдесі қазып алыныпты. Көсемнің сауыт-сайманын безендіріп тұрған алтын жапсырмалар мен асатаяғы және құрбандыққа шалынған екі жылқы мен бүркіттің сүйек қалдықтары зерттеушілер назарын аударады. 45-55 жас шамасындағы көсемнің киімі – алтын заттармен безендірілумен қатар, шашын түйген байламшасы, қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталған. «Мұндай қымбат артефактілер бұл адамның тайпа көсемі екендігіне дәлел», дейді тарихшылар.
Сөйтіп ғылыми ортада «Сармат көсемі» деген атқа ие құнды жәдігердің ғылыми жаңғыртпасы (З.Самашев, Қ.Алтынбеков) жасалды. Бұл істі атқарғанда, сарматтар мен ерте темір дәуіріндегі басқа да тайпалардың жерлеу орнынан алынған материалдарға сүйене отырып, көсемге әуелі сәнді көйлек жабылып, оның сыртынан алтын әшекейлі қысқа күртеше мен бұтына тар шалбар кигізіліпті. Беліне алтынды белдік тағылып, оның доғалығына жусап жатқан қошқар мүсіні жапсырылады. Ал аяғына қысқа қонышты былғары етік сай келсе, көсемнің алдына қазбадан табылған темір қылыш көлденең тартылып, сол жақ бүйіріне қорамсағымен қоса садақ асындырылып, оң қолына алтын пластиналы ұзын асатаяқ ұсталған екен.
Түйін: Міне, бұлардың бәрі тәуелсіздік жылдары табылған жәдігерлер. Яғни азаттықтың арқасында өз жерімізге, өз мамандарымыз ғылыми қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 30 жылдың ішінде қазынамыз жеті Алтын адаммен толықты.