• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Наурыз, 2021

Сырлы аспаптардың сиқырлы үні

413 рет
көрсетілді

Талантымен таңдай қақтырған дәулетияр дарын иелерінің тіршілігінде тұтынған бұйымдары кейінгілер үшін аяулы мұра, құнды жәдігер. Олардың арасында музыка шеберлерінің асқақ рухын аспандатқан аспаптары бір төбе. Мемлекеттік орталық музей Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай музей қорындағы қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарына арналған көрме ұсынды.

Келушілер назарына қазақтың ұлы ақыны Абайдың жары – Ділда Алшынбайқызының қос ішекті қалақ домбырасы, қазақ тарихы мен мә­дениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар – Әміре Қа­шаубаев, Жаяу Мұса, Манарбек Ержанов, Елу­бай Өмірзақов, Күләш Бәй­сейітова, сондай-ақ Қа­ныш Сәтбаев, Қасым Аман­жолов, Жұбан Мол­дағалиев, Әліби Жан­гелдин, Кемел Ақышев, Өз­бекәлі Жәнібеков қа­тарлы ғылым, мәде­ниет және өнер майталман­дарының музыкалық аспаптары ұсынылған. Сонымен бірге көрмеден сахналық аксессуарларды, ғибратты ғұмыр иелерінің өмір өрнегінен сыр шертетін бейнелеу өнер туындыларын да тамашалауға болады.

Қазақ халқының та­рихи-мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінде музыка өнері айрықша мәнге ие. Сан ғасырдан сарқылмай жеткен музы­калық дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халық шығармашылығының ажырамас бөлігіне айналды. Музыкалық мә­дениетіміздің негізін ән, ауызекі дәстүрге не­гіз­делген суырып сал­ма­лық, эпикалық, сон­дай-ақ аспаптық шығармалар құрайды. «Бабадан қал­ған сырлы әуен» деп аталған бірегей көрме қа­зақ мәдениетіне қалт­қы­сыз қызмет еткен қай­раткерлердің көзін­дей болған сырлы аспап­тар­дың сиқырлы үніндей ыстық.

200-ге жуық жәдігер қойылған көрме қабыр­ғасынан музыкалық ас­паптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және тағы басқаларын табасыз. Ең бастысы, қазақ үшін заттық және әуездік төл мұра әрі ұлтымыздың символикалық нышанына баланатын домбыраның сан алуан түрі көрме төрінде самсап тұр.

 

АЛМАТЫ